Сейсенбі күні АҚШ Президенті Джо Байден, егер Ресей Украинаға басып кіретін болса, Президент Владимир Путинге қарсы жеке санкциялар қарастыратынын ескертті. Ол мұндай мәлімдемені Батыс елдері әскери дайындықтарын күшейтіп, Еуропаны ықтимал энергетикалық шоктан қорғауды жоспарлап жатқан шақта жасап отыр.
Айта кетсек, қазір НАТО өз күштерін жоғары дайындыққа көшіріп, Шығыс Еуропа қорғанысын қосымша кемелерімен, соғыс ұшақтарымен қамтамасыз етіп, мейлінше мықтап жатыр. Өйткені Ресей сан мың жауынгерімен Украинаны жартылай қоршауға алып үлгерген.
Бірақ Ресей шабуыл жоспарлағанын жоққа шығарып, аймақтағы дағдарыс НАТО мен АҚШ-тың әрекеттерінен туындап отыр деп санайды. РФ Батыстан қауіпсіздік кепілдігін, соның ішінде НАТО-ға Украинаны ешқашан қабылдамауға кепілдік беруді талап етіп отыр. Мәскеу посткеңестік көршісін Ресей мен НАТО елдері арасындағы буфер ретінде көреді.
Украина бойынша АҚШ-Ресей келіссөздерінің бірнеше раунды сәтсіз аяқталғаннан кейін, Мәскеуге экономикалық зардаптар туралы талай рет ескерткен Байден сейсенбі күні Путиннің өзі де санкцияларға ұшырауы мүмкін екенін мәлімдеді.
Байденнің сөзінше, егер Ресей шекара маңына жинаған 100 мыңдай сарбазымен Украинаға басып кіретін болса, бұл "Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең ірі басқыншылық" болады және "әлемді өзгертеді".
Журналистермен кездесуде Байденге Ресей армиясы Украинаға енетін болса, Путинге тікелей санкция салына ма деген сұрақ қойылды. Бұған Америка президенті: "Иә, мен мұны қарастырар едім", – деп жауап берген.
Шетелдік лидерлерге АҚШ-тың тікелей санкциялар жариялаған кездері сирек кездеседі. Бірақ бұл ешкімге таңсық емес. Мұндай жазаға ұшырағандардың қатарында Венесуэла басшысы Николас Мадуро, Сирия Президенті Башар Асад пен Ливияның бұрынғы жетекшісі – марқұм Муаммер Каддафи бар.
Сейсенбі күні АҚШ-тың әскери техника мен оқ-дәрі тиелген ұшағы Киевке қонды. Бұл – Украина қорғанысын нығайтуға арналған 200 млн долларлық пакеттің үшінші бөлігі.
Сонымен қатар Пентагон Еуропа мен Құрама Штаттардың 8 500-ге жуық сарбазына қажет болған жағдайда НАТО-ның шығыс қанатына аттануға дайын болуды хабарлады.
Ресей болса, бұның бәрін үлкен алаңдаушылықпен бақылап отырғанын айтып, Вашингтонды Украина төңірегіндегі шиеленісті өршітті деп айыптап отыр.
Байден АҚШ контингентін Украинаға тез арада орналастыра алатынын айтқанымен, НАТО-ға мүше емес Украинаға Құрама Штаттар күштерін біржақты жіберуден бас тартты.
"Украинаға америкалық әскер кірмейді", – дейді ол.
Әзірге НАТО-ның Эстония, Литва, Латвия және Польшадағы көпұлттық батальондарында танктер, әуе қорғанысы, барлау және бақылау бөлімшелерінің қолдауымен 4 000-ға жуық сарбазы қызмет етіп жатыр.
Алайда Еуропа елдері арасында Ресейге қалай жауап беру керектігі туралы келіспеушіліктер бар. Сондықтан Батыс лидерлері аймақ мемлекеттерінің басшыларын бірлікке шақырады. Путин болса, шиеленістің күшеюіне қарамастан, сәрсенбіде Ресейдің бесінші ірі сауда серіктесі-Италияның кейбір ірі компанияларының басшыларымен кездесуі керек.
"Батыстың біріккені өте маңызды, өйткені дәл қазір біздің ұйымшылдығымыз ресейлік кез келген агрессияның алдын алуда анағұрлым тиімдірек болады", – дейді Ұлыбритания Премьер-Министрі Борис Джонсон Ресейді SWIFT жаһандық төлемдер жүйесінен ажырату мүмкіндігі Лондонда талқыланып жатқанын мәлімдей отырып.
Франция Президенті Эммануэль Макрон жұма күні Путинмен телефон арқылы сөйлескенде, Ресейдің ниеті туралы білгісі келетінін айтып отыр. Ал сәрсенбіде Парижде Ресей, Украина, Германия және Францияның саяси кеңесшілері бас қосады.
Газ туралы келіссөздер
Ресейдің 2014 жылы Қырымға басып кіргеннен кейінгі жаңа әскери шабуылынан қауіптенген Украина президенті Владимир Зеленский сейсенбі күні отандастарын сабырға шақырып, Ресей, Германия және Франция басшыларының кездесуін ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатқанын айтты.
"Қызғылт түсті көзілдірік те, балалық иллюзия да жоқ, әрине, бұның бәрі оңай шаруа емес... Бірақ үміт бар. Денеңізді вирустардан, миыңызды өтіріктен, жүрегіңізді байбаламнан сақтаңыз", – деді Зеленский теледидар арқылы сөйлеген сөзінде.
Вашингтондағы Байден әкімшілігінің жоғары лауазымды шенеуніктері мәлімдегендей, Америка Құрама Штаттары Ресей Украинаға басып кірген жағдайда Еуропаға газ жеткізу жолдарын өзгерту жөнінде әлемнің ірі энергия өндіруші елдерімен және компанияларымен келіссөздер жүргізіп жатыр.
Еуропа одағы өзіне қажетті газдың үштен бір бөлігін Ресейден сатып алады. Бұл импорттың тоқтауы отын тапшылығынан туындаған қазіргі энергетикалық дағдарысты тіпті күшейтеді.
"Біз... Солтүстік Африка мен Таяу Шығыстан, Азия және Америка Құрама Штаттарынан келетін ресейлік емес табиғи газдың қосымша көлемін анықтау үшін жұмыс істеп жатырмыз. Дүниежүзіндегі ірі табиғи газ өндірушілердің қуаттылық пен өндірісті уақытша арттыруға дайындығын және бұл отынды еуропалық сатып алушыларға жеткізу жолдарын талқылап жатырмыз", – дейді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки журналистермен өткен брифингте.
"Алаңдамай, жақсы ұйықта"
АҚШ Мемлекеттік департаменті Киевтегі елшілігіндегі барлық америкалық қызметкерлердің отбасыларына елден кетуге бұйрық берді. Ұлыбритания да өз елшілігінен кейбір дипломаттар мен олардың асырауындағы адамдарды шығарып жатыр. Сонымен қатар канадалық дипломатиялық қызметкерлердің отбасыларына да Украинадан кету керектігі хабарланған.
Алайда Украина билігі халықты да, оларды да тыныштандыруға тырысып жатыр.
"Барлығын бақылауда ұстауға және тұрақсыздандыру әрекеттерін болдырмауға жеткілікті деңгейде дайынбыз", – дейді Зеленский бірнеше күннің ішінде халыққа екінші рет жолдаған телевизиялық үндеуінде.
Президенттің ойынша, Ресейдің Украинаға басып кіруі нақты жүзеге асатын іс емес.
Сонымен қатар елдің Қорғаныс министрі Алексей Резников та парламентте мәлімдеме жасап, "бүгінгі күні Ресейдің басып кіретініне сенуге негіз жоқ" екенін жеткізіп, көрші держава әзірге шекарадан өтетін жауынгерлік топ құрмағанын атап өтті.
"Алаңдамай, жақсы ұйықта. Сөмкелерді жинаудың қажеті жоқ", – дейді Резников.
Дегемен дүйсенбі күнгі сұхбатында ол "қауіпті сценарийлердің" болуы мүмкін екенін де мойындаған.
Сарапшылардың пайымдауынша, бүгінде Украина басшылығының халықты тыныштандыру мен Ресей басып кірген жағдайда Батыстан жеткілікті көмек алу мәселесі арасында басып дал болып отыр.
"Кремльдің жоспарларына Украинадағы жағдайды теңселту, украиндар арасында байбалам мен үрей тудыру кіреді. Ал Киевтегі билікке бұның бәрін ауыздықтау қиынға соғып отыр", – дейді саяси сарапшы Владимир Фесенко "Ассоушиэйтид пресс" агенттігіне берген сұхбатында.
Арыс Әділбекұлы