Украина РФ Қара теңіз флотын Ресейге, үйіне қуып тығуға бел буды

7972

Осы мақсатта теңіз беспилотниктерінің тұтас флоты әзірленуде. 

Украина РФ Қара теңіз флотын Ресейге, үйіне қуып тығуға бел буды Фото: en.topcor.ru

Украиналық әскерилер жаңа теңіз беспилотнигін сынақтан өткізіп, видеосын жариялады. Суда жүзетін катерге ұқсас камикадзе дрон MAGURA V5 деп аталды. Бұл атау ағылшын тіліндегі Maritime Autonomous Guard Unmanned Robotic Apparatus (теңіз автономды, күзеттік пилотсыз роботтандырылған аппарат) деген аббревиатурадан құралған.

Сонымен бірге славян мифологиясында Магура – найзағай жаудырушы Перунның қызы саналады. Магура сұлу, қанатты, жауынгер бұлт-қыз. Ол скандинавиялық аңыздағы Валькирияға бара-бар.

Алғаш рет MAGURA V5 дронының тұсауы таяуда, биылғы 25–28 шілдеде Түркияның Ыстамбұлында өткен әлемдегі ең ірі қару көрмелерінің бірі International Defence Industry Fair-да кесілген болатын. Әскери қару түрін украиналық "СпецТехноЭкспорт" мамандары аи-ти мамандармен бірлесіп жасап шыққан.

Украиналық теңіз беспилотнигінің жаңа промо-ролигіне елең еткізерлік видео енгізіліпті. Онда осы дронның сынақ аясында, биылғы 24 мамырда ресейлік "Иван Хурс" әскери кемесіне шабуыл жасап, зақым келтірген мезеті бейнеленген. Ресей тарапы ол кемесіне зардап келгенін жоққа шығарды.

"Иван Хурс" Қара теңіз айдынында радиобарлау және радиоэлектронды күрес жүргізетін ресейлік жаңа, бірегей кеме саналады. Кең ауқымды шапқыншылығын бастардың алдында РФ дәл осы кемесі арқылы Одессаның жағалауынан 40 шақырым жерде барлау жүргізгені белгілі. Соғыс кезінде, былтыр ол Украинаның төл экономикалық аймағына жататын акваторияда емін-еркін жүзген екен. Тіпті зақым келмегеннің өзінде енді бұл кеменің экипажы ол ауданға аяғын аңдап басатын болады.

Осыдан көп өтпей жатып, биылғы 11 маусымда ресейлік "Приазовье" барлау кемесі де шабуылға ұшырады. Мәскеу оның да "дін аман" екеніне сендірді. Видеоайғағын ұсынбады.

1 тамызда РФ Қорғаныс министрлігі Украинаның 3 пилотсыз катері Қара теңіздің оңтүстік-батыс бөлігінде РФ Черномор флотының "Сергей Котов" және "Василий Быков" әскери патрулдік кемелеріне шабуыл жасағанын мәлімдеді. Дегенмен, министрлік ол кемелердің не тасымалдағанын және ол жақта не істеп жүргенін нақтыламады. Халықаралық сарапшылардың пікірінше, Ресей осы патрульдік фрегаттары арқылы Астық келісімінің қайта жалғаспауын, украиналық астық порттарының ресейлік блокадасының сақталуын қамтамасыз етіп жүрген.  

Министрліктің ресми өкілі И.Конашенковтың сендіруінше, украиналық камикадзе катерлердің үшеуін де ресейлік фрегаттар штатты қарудан атып, жойып жіберген. Алайда ізінше әлеуметтік желіде оқиға орнынан туу биікке көтерілген қою түтіннің фотосуреті пайда болды. Одан сарапшылар ірі нысанның өртеніп жатқанын байқады. Өйткені атып, істен шығарылған шағын беспилотник катер сонша будақтамас еді. Ізінше ғаламторда "Василий Быков" әскери патрулдік кемесі капитанының жолай тұтылған аудиохабарламасы да жарияланды. Онда ол кемедегі бір әскери қаза тапқанын және бесеуі жараланғанын жеткізіп, жағалаудағы қызметтен эвакуациялық тікұшақ жіберуді сұрады.

Бұл – шабуылдардың басы да емес, соңы да емес болса керек.

Украина бұдан басқа да теңіз беспилотниктерін ұрыс сынағынан өткізді. Әйтсе де, олардың конструкциясы қарапайым, жылдамдығы да төмен. Оларды шағын, бейінді емес кәсіпорындар өндіріп жатыр. Олардың құны шамамен 250 мың доллар тұратын көрінеді. Оның негізін GTX немесе Fish Pro маркалы азаматтық гидроциклдер құрайды.

Ал жаңа, жетілдірілген аппаратқа тоқталсақ, украиналық әзірлеушілердің сендіруінше, "Магура В5" пилотсыз басқарылатын теңіз аппаратының атқаратын функциялары көп: ұрыс қимылдары мен әскери миссияларды орындайды, теңіз флотын күзетеді, теңіздегі миналармен күреседі, іздеу-құтқару жұмыстарын атқарады. Сонымен қатар оларды патрулдеуді, бақылауды, барлауды жүзеге асыру мақсатында пайдалану жоспарланған.

Бесінші типті MAGURA – жаңа буындағы, көпмақсатты, суүсті аппараты болып табылады.

"Гидродинамикалық корпусы, жұп-жұмыр әрі сымбатты профилі оған су айдынында жылдам, әрі жасырын қозғалуға, жоғары маневрлігін паш етуге мүмкіндік береді. Бұл аппаратты кез келген қашық жерден іске қосуға болады. MAGURA V5 өзіне жүктелген миссияны орындауда адами ресурстарды көп қажет етпейді", – деп хабалады әзірлеушілер.

MAGURA V5 сипаттамалары келесідей:

  • Ұзындығы: 5,5 метр;
  • Ені: 1,5 метр;
  • Ватерлиниядан көрінетін биіктігі (waterline, кеме корпусының тыныш су бетімен жанасқан тұсы): 500 мм (жарты метр);
  • Крейсерлік жылдамдығы: 22 түйін (узел);
  • Ең жоғарғы жылдамдығы: 42 түйін;
  • Жүзу қашықтығы: 450 теңіз милі (шамамен 833 шақырым);
  • Көтере алатын пайдалы жүктемесі (мысалы, жарылғыш зат): 320 келі;
  • Байланысы: әуе ретрансляторы бар Mesh-радио немесе спутниктік байланыс.

Дегенмен, Украинаның қолындағы теңіз беспилотниктерінің биылғы ең ірі жетістігі "Қырым көпірінің" тұтас секциясын қиратуы болса керек. Мәскеу Ресейді Қырым республикасымен теңіз арқылы байланыстыратын алып Керчь көпірін қорғауды былтырғы жарылыстан соң қатты күшейткен еді. Ал қарсыластың теңіз дрондары соның өзін бұзып өте алды. Киев бұл операцияны өзі жүргізгенін бейресми түрде мойындады. Айтпақшы, көпірдің қираған тұсы әлі күнге қалпына келтірілмеді. РФ Үкіметі оны жөндеу тек желтоқсанға қарай толық аяқталатынын мәлімдеді.

 Spektr.Press басылымының сарапшылары "теңіз дрондары заманауи соғыс концепциясын өзгертті" деген байлам жасады. Ресейдің Черномор флоты Қара теңізде бұрынғыдай "алшаң басып", адуынды жүзбейді, Севастопольдағы портынан алысқа ұзамай, тығылумен әуре. Ол флоттағы кемелердің бір бөлігі Ресейдегі ірі порттарға кетті.

Сондықтан Киев ендігі міндет ретінде теңіз дрондарының көмегімен РФ Қара теңіз флотын еліне, Ресейге қуып тығуды белгіледі. Украина лидері Владимир Зеленский де соңғы кезде халыққа үндеуінде теңіз дрондарына мән бере бастады.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, соққы беруші теңіз камикадзе дрондарын соғыс барысында қолдану тарихы 2022 жылғы 29 қазанда басталды. Сол күні тарихта қалған бірегей оқиға болды: тек қана теңіз беспилотниктерінің әлемдегі тұңғыш, дербес шабуылы жүзеге асырылды. Олар Севастополдегі ресейлік флотқа тұтқиылдан тап берді. Нәтижесінде, "Адмирал Макаров" алып күзет кемесін қоса алғанда, 3 кемеге зақым келді.

"Сол шабуыл нәтижесінде Ресей Қара теңіз акваториясындағы үстемдік етуші мәртебесінен айрылып қалды. Украиндар — әлем тарихындағы теңіз дрондарының тұңғыш шабуылын ұйымдастырған ізашар-пионерге айналды", – деді израилдік әскери эксперт Сергей Мигдаль.  

"Адмирал Макаровтың" өзін істен шығарған теңіз дрондарының табысты шабуылынан кейін Владимир Зеленский Украинаның Теңіз беспилотниктері флотын құру туралы өкімін жариялады. Бұл да дүниежүзіндегі тұңғыш үлгі болып саналады. Украина Президентінің айтуынша, бастапқы кезеңде бұл флот 100 су аппаратынан құралады.

"Украинада әскери теңіз флоты қалмады деуге болады. Одессада, Николаев облысында бірлі-жарым шағын күзет кемелері, бірнеше өзен кемесі бар. Бұдан бұрын жалғыз ірі кемесі – "Гетман Сагайдачный" фрегаты болатын. Бірақ оны былтыр соғыс басталғанда, жау қолына түспеуі үшін украиндардың өздері жарып, суға батырды. Өйткені Украина қолында ірі кемелер болғанның өзінде, олар Қырымды атқылауға алғашқы талап жасағанда тас-талқан етілетін еді. Үлкен кемелерді ресейлік ұшақтар, немесе жағалаулық қорғаныс батареялары бірден жойып жіберетін еді. Сондықтан жақын акваториядағы міндеттерді шешу, күші жөнінен басым жаумен күресу үшін теңіз беспилотниктерін қолдану таптырмас құрал, өзін-өзі ақтайтын шешім болды. Бұл тұрғыдан алғанда теңіз дрондары ірі нәтижелерге қол жеткізуге мүмкіндік беретін әлсіздің мықтыға қарсы қаруына айналып отыр", – деді израилдік сарапшы С.Мигдаль.

Осылайша, Украина жартылай партизандық соғысты құрлықтан теңізге көшіре алды. Теңіз камкадзе дрондары соның қуатты қаруы болып табылады. Әлемде бірде бір елдің мұндай тәжірибесі жоқ. Осының арқасында, халықаралық эксперттердің пікірінше, РФ әскери кемелері өз айлақтарына қамалды. Дегенмен, теңіз беспилотниктерінің жетілдірілген моделдері пайда болысымен, ол жер де қорған болмай, тұзаққа айналып кетуі мүмкін.  

С.Мигдаль болашақта Украинаның РФ Қара теңіз флотын Севастопольдан Ресейге қуып тыға алатынына сенеді. Оның үстіне "Москва" флагманы су түбіне батқалы және теңіз дрондарының шабуылы үдегелі сол флоттағы ресейлік кемелердің көпшілігі Новороссийск портына кері қоныстандырылды.

Израильдік сарапшы келесі кезең "Новороссийск портындағы ресейлік флотқа шабуылды" қамтуы мүмкін екенін ескертті. Оның айтуынша, Украина алдында ресейлік суасты қайықтарын шабуылдау бойынша күрделі міндет те тұр. Себебі, сүңгуір қайықтар "Калибр" зымырандарын ұшырып, Украинаның қалаларын, инфрақұрылымын, әскери маңызды нысандарын күйретуде.

Субмариналарды әдетте әскери кемелер немесе авиация дәл нысаналап, басқарылатын торпеда атып, жояды. Киевте әзірге бұл мүмкіндіктердің бірі де жоқ. Сол себепті С.Мигдальдың болжамынша, суасты қайықтары азық және басқа қорды толықтыру, жаңа оқ-дәрілер алу үшін портқа келгенде, оны камикадзе дрондар шабуылдай алады.

Егер теңіз беспилотниктері ары қарай да тиімділігін паш етсе, жаңа, ірі операцияларды табысты өткізуге ықпал етсе, онда Ресей-Украина арасындағы соғыс жаңа кезеңге шығуы мүмкін. Онда Украина сонау кеңес кезінен құтыла алмай келе жатқан ауыр мұрадан – РФ Қара теңіз флотынан шынымен арылуы ықтимал.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу