Қырымға контршабуыл

2458

Украина армиясы қаратеңіздік түбекке дрондармен, зымырандармен соққы беріп, ресейлік әскери кемелердің жолын бөгеп, теңіз соғысына кіріскендей. 

Қырымға контршабуыл Фото: yandex.kz

Дүйсенбі күні Мәскеу Қырымды Ресей материгімен байланыстыратын маңызды артерия - Қырым көпіріне шабуыл жасалғанын хабарлады. Соққыдан су үсті жолының бір учаскесі екіге бөлініп, жанына қисайған. Ал оның темір қоршауы майысып қалды. Бұдан бір күн бұрын, яғни, жексенбіде Қара теңіздегі Севастополь портында ресейлік күштерге әуе және теңіз дрондары шабуыл жасады.

Президент Владимир Зеленский Украинаның контршабуылындарының мақсаттарын ашық айта бермесе де, Қырым Украинаның бақылауына қайтарылмайынша, жауынгерлерінің тыныштық таппайтынын ескертіп келеді.

Мәскеу болса, Қырымды қолдан бермеуге бекініп отыр.

Ресей президенті Владимир Путин соғыс басталғалы, бұл түбекке бірнеше рет барып, өзінің "Қырым - Ресей жері" деген сөзін дәлелдеуге тырысып келеді. (Қырым көпіріне жасалған соңғы ірі шабуылдан кейін Путин бұл өткелдің қауіпсіз екенін көрсету үшін оның үстінен "Мерседеспен" жүріп өткен). Ал Қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведев егер Украина немесе НАТО қауіп төндірсе, Ресей Қырымды қорғау үшін ядролық қару қолдана алатынын мәлімдегені белгілі.

Қырымның Севастополь қаласында Ресейдің Қара теңіз флотының негізгі базасы мен Украинаның оңтүстігін басып алған ресейлік күштерге құрал-жабдық жеткізуге арналған желілер орналасқан. Киев қазір Қырымдағы ресейлік әскерді оқшаулап, Мәскеудің оккупациясын жарамсыз етуге әрекеттеніп жатуы мүмкін.

Қырым түбегін Ресей жаулап алған оңтүстік Украинамен үш осал жол байланыстырады. Олардың өзі батпақ жерден өтеді. Қырым көпірі - Ресеймен тікелей байланыстырушы жалғыз ғана жол. Ресей армиясының басты артықшылығы - оның теңіз күшінде, бірақ Украина сол флотқа тосқауыл қоюдың жолын тапқан тәрізді.

Қара теңізде Украина көздеген нысанға барып соғылып, жарылып кететін жанкешті дрондарды қолдану арқылы теңіздегі соғыстың жаңа дәуірін бастап отыр.

"Украина ресейлік флотқа, тіпті инфрақұрылымға қарсы қорқынышты қару ретінде экипажы жоқ су үсті кемелерін пайдалануға кірісті", – дейді  RAND Corporation зерттеу ұйымының аға сарапшысы Скотт Савиц "Рейтерге" берген сұхбатында.

Савицтің ойынша, теңіз дрондары үлкен жарылғыш зат тасымалдау және кемелерге соққы беру қабілетімен зымырандар мен бомбалардан да қауіпті болып барады.

Тағы бір айта кететін жайт, 2022 жылы президент Зеленский Қара теңіздегі кемелерден ұшырылатын ресейлік зымырандар соққыларынан Украина қалаларын қорғау үшін әскери-теңіз дрондары флотын құруға қаражат жинау науқанын бастады.

Севастополь айлағына шабуыл

Фото: yur-gazeta.ru

Мәскеудің мәліметінше, 2022 жылдың 29 қазанында Украина Севастополь портындағы ресейлік әскери кемелерге шабуыл жасау үшін теңіз дрондарын пайдаланған. Олар ешбір кемені суға батырмаса да, Мәскеуді Қырым порттарында қорғанысты күшейтуге мәжбүр етіп, әскери кемелердің порт қорғаудан басқа міндеттерді атқару үшін өзге жерлерге жүзуін шектеп отыр.

Қауіпсіздікке инвестиция

Теңіз дрондарымен қайта-қайта жасалған шабуылдар Ресейді Севастополь әскери портының кіре берісінде және сол жерде орналасқан соғыс кемелерінің айналасындағы қауіпсіздікті күшейтуге мәжбүр етті. Бұл шараларға жаудың дайверлерін анықтауға үйретілген дельфиндер де пайдаланылып отыр.

Қырымдағы су мәселесі

Қырым егін суаруға, өнеркәсіпке және ішуге қажетті судың 85 пайызын Украина материгінен келетін Солтүстік Қырым каналынан алады. Бірақ бұл арнаға су маусымда күйреген Нова Каховка су қоймасынан құйылды.

Фото: news-kiev.ru

Каховка дамбасы жарылғанда, Днепрдің екі жағындағы елді мекендер мен қалаларды тасқын жайлады. Сол алапат апат үшін Мәскеу мен Киев бір-бірін айыптап келеді. Қырымның Ресей тағайындаған басшысы болса, уақыт өте келе Қырым су тапшылығы қаупіне душар болуы мүмкін екенін ескерткен.

Ресей 2014 жылы Қырымды заңсыз аннексиялағаннан кейін, Украина Қырым каналын жауып, қаратеңіздік түбек жұрты суды үнемдеуге көшті. Ал соғыс қарсаңында президент Владимир Путин Қырымдағы су мәселесі бойынша жиі кездесулер өткізіп, ұңғымаларды бұрғылаудан бастап, суды тұщыту зауыттарын салуға дейінгі мәселелерде тәуелсіздікке қол жеткізу жоспарларын қарастырды.

Оккупациядағы өмір

Киевтегі В.И Вернадский атындағы Таврия ұлттық университетінің доценті Евгения Хориунованың айтуынша, Қырымдағы күнделікті өмір Ресей оккупациясынан кейін күрт өзгерді. Түбектің жалпы халқы 25-28%-ға азайса, туу көрсеткіші 24%-ға төмендеген, сонымен қатар орташа табыс азайды және Қырымдағы компаниялардың 40%-дан астамы рентабельді емес екен.

Ресей бұл түбекке қомақты инвестиция салғанын жиі алға тартады, бірақ сол ақшаның көбі Қырым көпірі сияқты инфрақұрылымдық жобаларға, ал қалған бөлігі түбекте Ресей әскери күштерін қолдауға жұмсалатындықтан, жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейі Ресейдегі орташа деңгейден әлдеқайда төмен болып тұр.

Туризм бір кездері Қырым экономикасының төрттен бірін құраған, бірақ Ресей Украинаға соғыс ашқаннан бері бұл сала да  құлдырап, соның салдарынан аймақтағы көптеген шағын бизнес зиян шегіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу