Украинаға енді екі таңдау қалды

17086

Тарих ғылымдарының кандидаты, Прага университетінің профессоры, халықаралық қауіпсіздік және ядролық қаруларды бақылау мәселелері жөніндегі белгілі эксперт Юрий Федоровтың байламынша, Украинаны тегіс басып алуға Ресейдің не әскери, не қаржылық қауқары жетпейді.

Украинаға енді екі таңдау қалды

– Юрий Евгеньевич, Украина тарапынан бірнеше жауынгер қаза тапты, БМП-сын жарып жіберген. Өзге де қақтығыстар тіркелуде. Бұл – соғыс па?

– Бұл әзірге соғыс жариялау емес. Украина Президенті Владимир Зеленский өз үндеуінде: "Қазір бейберекет іс-қимылдар үшін ешқандай себеп жоқ және әрі қарай да солай болуы үшін бәрін жасаймыз" деді.

Псевдореспубликалардың тәуелсіздігін тану арқылы Мәскеу Киевке және Батыс елдеріне қысымның тағы бір тетігін іске қосты. Әйтпесе, егер қаласа, Путин Қырым секілді бірден ЛХР және ДХР-ді Ресей құрамына қосып алатын еді. Олай жасаған жоқ. Енді Кремль Украинаға қысымын өрістете береді. Ресейдегі империяшыл күштер Украинаның Еуропаға, әсіресе НАТО-ға кетуін ауыр қабылдады. Тарихта Ресей мен Украина ең жақын елдер, ең басты одақтастар болған. Мәскеу Киев Русінен айырылған кезеңдерде әлсіреп отырған. Онымен табысқанда күшейген.

Путин осы қадам арқылы тізеге салып, Украинаны өзінің ықпал ету аймағына оралуға мәжбүрлеуде. "Міне, әзірше ЛХР, ДХР-ді қосып алған жоқпын, егер менімен одақтассаң, қайтарамын" дегенге келтіруде. Бұл жолда Кремль Батысты да тыңдамайды, себебі бұл бауырлас екі ел арасындағы жеке мәселе, оған бөгделер тұмсық сұқпасын дегенді көп жылғы кездесулерде ашық ескертіп келді.  

– Алда Ресей-Украина соғысы болуы мүмкін бе?

– Болуы мүмкін. Ресей генералдары бейресми қақтығысқа қатысқысы келмейді. Жарияланбаған соғыстың ардагерлеріне жеңілдіктер, баспана, жәрдемақы берілмейді. Сондықтан армия қылпылдай бастады. РФ Қарулы күштер қатарында дезертирлер көбейген. Демек егер Киев Кремльдің шарттарын қабылдамаса, алда кең ауқымды соғыс басталуы мүмкін. Украинаға қатысты сценарийлер кейде күн сайын емес, сағат сайын өзгеріп кетіп жатыр. Менің ойымша, Кремль қазір дағдарған күйде. Егер шынымен, Украинамен соғысса, оның соңы немен тынатынын айқын білмейді. Кремльде Путин өткізген РФ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында әлем мойындамаған квазиреспубликаларды мойындауға қарсы шыққан биік лауазымды тұлғалар болған.

Қазір ЛХР/ДХР-ге бет қойған әскерлерді ары қарай қалай қолдану мәселесінде де ешқандай айқындылық жоқ. Егер қызыл сызықтан әрі асып, басып кірсе, Украинаның қанша өңірін жаулау керектігін білмейді.

Владимир Путин Ресейдің ЛХР/ДХР-ді олардың "конституцияларында" белгіленген шекараларда мойындайтынын мәлімдеді. Ал ол шекаралар Луганск және Донецк облыстарының әкімшілік шекараларына сәйкес келеді. В. Путин шекараға қатысты даулы мәселелерді Киев ЛХР/ДХР-мен келіссөздер арқылы шешсін деп сырғыта салды.

Ал бұл – басты мәселенің бірі. Себебі Ресей мен ЛХР/ДХР арасындағы достық туралы шартта олардың шекараны бірлесіп қорғайтыны жазылған. Оккупацияланған бұл аумақтар әлгі екі облыстың үштен екісін ғана құрайды, қалған бөлігі – Украинаның қоластында. Егер ол шекара Луганск пен Донецк облыстарының әкімшілік шекаралары арқылы өтеді делінсе, онда таяу арада Украинаға ультиматум қойылуы: "ол аудандардан әскерлеріңді әкет, жергілікті басқару органдарын эвакуацияла!" деуі мүмкін. Өйткені Украина Мариуполь қаласын өзіне қайтара алғаны мәлім. Әрине, Украина ол қаланы және басқа аудандарын тастап кетуге бара алмайды. Онда Ресей талабын орындату үшін кең ауқымды басқыншылық соғысын бастауы ықтимал.

Жалпы алда қандай шешім қабылдайтыны – Киевтің және Украина халқының құқығы мен құзыры. Әскери маман ретінде айтарым, Украина бұрын оккупацияланғаннан өзге аумақтарды ұстата салуға бармайды. Себебі оның бәрі – Украинаның жері, Мәскеуді емес, Киевті жақтайтын тұрғындар тұрады. Сатқындық болар еді. Әрі бір рет шегініс жасаса, кейін жаңа территориялық талап-претензиялар қойыла бастауы мүмкін.

– Оқиғалардың даму барысы енді тек әскерилердің, Кремльдегі "қырғилардың" ғана қолында ма? Шиеленісті басқаша шешу жолы жоқ па?

– Әрине, бар. Дипломатиялық келіссөздер жүретіні сөзсіз.

Дегенмен Кремльдің тактикасы Украинаны әскери жауап шараларға арандату болып тұр. Украинаның қоластындағы елді мекендерді атқылауы да содан. Егер Украина әскері ЛХР/ДХР жағына кең ауқымды шабуыл жасаса, бұл Мәскеуге Украинаның өзге өңірлеріне басып кіруге жол ашады, сылтау болады. Басқыншылығын сол арқылы ақтайды. Рас, енді Мәскеуге халықаралық қоғамдастық сенбейді. Әйткенмен Ресей халқының соғысқа қатысты қуатты қолдауын алу үшін бұл сылтау жеткілікті.

Сонымен бірге Украина да атыстарға жауап бермей тұра алмайды. Олай жасамаса, Киев жеңілгенін мойындағаны. Ендеше дәл қазір Киев, соның ішінде мемлекеттің саяси басшылығы да, әскерилер де жан түршігерлік ауыр диллеманың алдында тұр.

– Ол қандай таңдау?

– Бүгінде батыс елдері абыржыған күйде. Олар Украинада соғыс болса, әскер жібермейтінін ашық білдірді. Ал санкциялар, қаншалықты ауыр әрі алапат болса да, Ресейдегі империяшыл күштерді тоқтата алмайды. Бұл дегеніміз, Украинаға өз тағдырын өзі шешуге тура келеді деген сөз. Бұл жерде қандай таңдау болуы мүмкін?

Біріншіден, Ресеймен соғысуды таңдауы мүмкін. Жеңуі екіталай. Әрі шиеленіс те ұзаққа созылып кетер еді. Оның үстіне Ресейдің де бүкіл Украинаны оккупациялау үшін қажетті әскери күші жоқ. Кейінгі жылдары Киев халық арасында жақсы идеологиялық жұмыс жүргізді, қоғамда Отанды қорғауға қатысты бірауыздылық бар. Яғни Ресей басып алған жаңа аудандарда жергілікті жұртшылықтың қарсылығына тап болады. РФ Қауіпсіздік кеңесінің отырысында Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Дмитрий Козак Украина жерінде құрылған псевдореспубликаларды ұстап тұру үшін бюджеттен "астрономиялық алапат шығын" шығаруға тура келіп жатқанын айтып қалды. Олай болса, жаңа территорияларды жауласа, ол шығын санкция астындағы Мәскеу үшін мүлдем көтере алмайтын деңгейге жететіні сөзсіз.

Екіншіден, егер Ресей одан әрі әскери іс-қимылдарды өрістетпесе, Украинаның өзге территорияларына басқыншылық жасамаса, Украинаның мойнындағы қамыт жеңілдейді. Германия, Франция, АҚШ тарапынан Минск келісімдерін орындауға қатысты қысым жойылады. Киев онсыз да өз бақылауынан толық шыққан ЛХР/ДХР-сіз дамуға ден қоя алады. Сербия, Грузия және бірқатар елдердің үлгісі осындай. Алайда бұл Украинаның капитуляциясын білдіреді.  

Бірақ бұл жағдайда да Украинаның НАТО-ға кіре алуы неғайбыл.

– Путин өз үндеуінде Украина болашақта ядролық қару жасап, Ресейге қарсы қолдануы мүмкін деген болжам айтты. Ол кеңес кезінен бері Украинада осыған қажетті ғылыми әлеует те, ядролық технологиялар да, 100 шақырымға дейін ұша алатын "Точка У" жедел-тактикалық зымырандар секілді жеткізу құралдары да бар екеніне сендіруге тырысты. Бұл қаншалықты шындық?

– Бұл негізі параноидалды сандырақ. Техникалық тұрғыдан ол мүмкін емес. Украина Қазақстан секілді кезінде ядролық арсеналынан толық бас тартты. Қазіргі кезде Украина ядролық қару жасауға қажетті басты құралдан жұрдай. Елде уранды байытатын қуаттылықтар жоқ. Онсыз не тактикалық, не стратегиялық ядролық қару жасау мүмкін емес. Сондай-ақ ядролық қару өндірісі деген өте қымбат жоба. Енді-енді ғана еңсе тіктеп келе жатқан республикада басы артық миллиардтаған доллар табылмайды деген ойдамын.

– Егер кең ауқымды соғыс басталса, Ресей жағынан да мыңдаған адам шығыны болатынын Кремль түсінеді ме?

–Түсінеді. Бірақ қорықпайды. Білесіз бе, Ұлы Отан соғысы кезінде маршал Жуков солдаттарды өлімге айдап, "Бабы новых нарожают" депті. Біріншіден, Мәскеу Украинада қанша адамның қырылатынына бас қатырмайды. Екіншіден, Кремль ғана емес, тіпті Ресей қоғамы да ресейлік солдаттардың құрбан болатынына алаңдамайды. Басты орынға жеңісті қояды. Сол ақтайды деп есептеледі. Батыс аналитиктері Ресей-Украина соғысы бола қалса, РФ жағының адам шығыны он мыңдай адамды құрайды деген болжам білдіруде.

Кейбір саясаткерлер Украинадан Ресейге ағылатын табыттар легі артса, бұл Кремльді райынан қайтарады деп санайды. Менің ойымша, бұл да тоқтата алмайды. Өкінішке қарай, солдаттардың өлімі Ресейді алаңдатпайды. Бір мысал келтірсек, бірінші және екінші шешен соғыстарында 6 мыңға дейін орыс солдаты қаза тапты. Ресей жұртшылығы мұны байқаған да жоқ. Керісінше, сол соғыстағы жетістіктер Путиннің беделін көтерді.

Бірақ құрбандар саны тым көп болып, 100-150 мыңға дейін жетсе, бұл Кремльге де, Ресей жұртшылығына да ой салуы мүмкін. Бірақ ондай қырғын болса, БҰҰ-ның араласуы ғажап емес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу