"Украинаға қатысты қазір бүкіл Орталық Азия Тоқаевқа бағдарланып отыр"

11225

Қырғыз сарапшысы, қоғамдық белсенді, танымал "Kloop" медиа және білім беру бастамасының тең авторы Бектұр Искендер Ресей мен Украина соғысында Орталық Азия мемлекеттерінің және халықтарының кімді жақтайтыны және неден үрейленетіні туралы айтып берді.

"Украинаға қатысты қазір бүкіл Орталық Азия Тоқаевқа бағдарланып отыр"

– Ресейлік ресми тұлғалар және ақпарат құралдары Өзбекстан да, Тәжікстан да, Қырғызстан да Ресейдің Украинаға "арнайы операциясын" құптайтынын хабарлап тастады. Шынында жағдай қалай? Орталық Азия бейтарап па, әлде қызу жақтай ма?

– Орталық Азия елдерінің барлығы Ресей мен Украина арасындағы соғысқа қатысты ресми түрде бейтарап ұстанымда. Ешқайсысы әскер жіберуге құштар емес. Оның үстіне біздің қырғыз армиясы өте шағын әрі әлжуаз. Ол мұндай ірі әскери іс-қимылдарға қатыса алмас еді.

Менің ойымша, қырғыз билігінде дүрбелең бар. Бір жағынан, Қырғыз Республикасының Ресеймен арадағы достығы, алыс-берісі тығыз. Біз экономикалық тұрғыдан Ресейге қатты тәуелдіміз. Кремль осыны пайдаланып, жиі доқ көрсетеді, қорқытады: "бізді қолдамасаңыздар, үлкен проблемаға тап боласыздар" дейді. Осы себепті Қырғызстанға кезінде экономикалық тиімді болғанымен, Мәскеу қысымымен АҚШ-тың авиабазасынан бас тартуға тура келді.

Әйтпесе, қырғыз мигранттарына Ресейге табыс табуға баруға жолды мүлдем жауып тастайтындарын айтады. Ал біздің экономика, сонымен бірге көптеген отбасының ауқаты еңбек мигранттарының аударатын қаражатына тәуелді. Сондай-ақ қырғыз Парламентінде Ресейді жақтайтын депутаттар жетерлік, солар арқылы Мәскеу өзіне қажетті заңдарды ілгерілетіп отырады.

Атамбаев тұсында Еуразиялық одаққа кіргелі біздің саясаткерлерімізге Ресейге қарсы сөз айту қиын болып кетті.  

Қазіргі Президентіміз Садыр Жапаров Ресейді онша ұната қоймайды. Оның ағайындарының, ата-бабаларының бір бөлігі Кеңес өкіметінің қудалауынан қашып, Қытайды паналаған. Ол оппозицияда болғанда, қырғыз елінің Кеден одағына кіруін қатал сынады. Бірақ билікке келгеннен кейін амалсыз, Путинмен достасуға тура келетінін түсінді. Өйткені бұл аман қалудың, жан бағудың қамы.

Дегенмен қазіргі кезде қырғыз билігінің жолайырығында тұрғанын, екіұдай күйде екенін аңғаруға болады.

– Күні кеше Жапаров мырза Жоғорку Кеңеште алғаш рет соғысқа қатысты ұстанымын білдіргенін ақпарат құралдары жазды. Ол: "Біз кішкентай республикамыз. Соғысты тоқтатуға ықпал ете алмаймыз. Сондықтан бейтарап позицияны ұстануға тиіспіз" деді...

– Ресей әскері Украинаға баса-көктеп кірерден 1 күн бұрын, 22 ақпанда С. Жапаров Фейсбуктегі парақшасында елең еткізген пост жариялады. Онда ол бір жағынан, тараптарды бітімге келуге, жағдайды тек бейбіт, дипломатиялық жолмен шешуге шақырды. Екінші жағынан, Донбасстың жұртшылығын қорғау үшін әскери операция жүргізуді ақтағандай пікір білдірді ("Возможно, это была вынужденная мера для защиты мирного населения территорий Донбасса, где проживает большое количество российских граждан").

Менің ойымша, сол кезде ол бүкіл Украинаны тез жаулап алуға Ресейдің күш-қуаты артығымен жетеді, сондықтан бұл жағдай тез тынышталады деп есептесе керек. Демек Мәскеудің қырына ілікпеу үшін оны жақтап та сөйлеп қойған жөн деген байламға келгенге ұқсайды.

Бірақ Кремльдің көздегені болмады. Украина халқы екі аптадан артық уақыттан бері дұшпанға қарсы жанқиярлықпен шайқас салуда. Ресейдің адам және әскери техника шығыны енді алапат. Кремльдің беделі түсе бастады, РФ экономикасы өзгеге көмектеспек түгіл, өзін қорғай алмайтын хәлге жетті. Бүкіл әлем Ресейден теріс айналуда.

Осыған орай біздің басшылардың да басы қатты. Бұл жағдайда не істеу керек? Бәлкім, Ресейді тастап кеткен жөн болар? Мәскеумен достықтан бас тартуға тура келуі мүмкін. Ендігі мәселе – тым кеш болып қалмауы үшін оны қай кезде жасаған жөн?

Қазір бүкіл Орталық Азия елдері үшін ең маңыздысы – Қазақ елінің әрі қарай өзін қалай ұстайтыны. Аймақтағы барлық республикалар арасында ең қауіпті жағдайда қалғаны – Қазақстан. Себебі ол – Орталық Азиядағы Ресеймен шектесетін жалғыз мемлекет. Оның Ресеймен құрлықтағы шекарасы – әлемдегі ең ұзын шекара. Бұл ретте оның солтүстігінде сепаратистік көңіл-күйлер байқалады. Мұндай қауіп әсіресе, 90-шы жылдары өте зор болатын. Оны азайту үшін Қазақстан басшылығы ел астанасын оңтүстігінен солтүстігіне қарай көшірді. Нәтижесінде, елдің орталығы мен солтүстік облыстарындағы ресейшіл күштер айтарлықтай азайды. Әйткенмен қауіп сақталуда. Ол қауіпті сейілту үшін мемлекет ел бірлігін күшейтуге және солтүстік өңірлерге қазағы қалың оңтүстіктегі халықты көшіруге күш салып жатқаны мәлім.

Бұған қоса алып мұхиттар мен теңіздерге шыға алмайтын Қазақстан экономикалық тұрғыдан Ресейге тәуелді. Осы және басқа да факторлар Қазақстанды Мәскеумен шекісуден аяқ тартуға итермелейді.

– Қазақстанның ұстанымын Орталық Азия елдері қалай бағалайды?

– Қазақстан басшылығының Мәскеуге ұнамайтын, бірақ ұлттық егемендік үшін маңызды қадамдар жасауға батылы жетуде. Оның қатарында қазақ тілін латын графикасына көшіру бар. Бұл қадам Ресейдегі империяшыл күштерді ашуға булықтырды.

Қазір де Қ. Тоқаев көшбасшылығындағы қазақ елі мүмкіндігінше, тәуелсіз саясат жүргізе бастағаны байқалады. Осының арқасында бүгінде Қазақстан – Орталық Азиядағы көңіл-күйлердің барометріне айналды. Қырғызстанның, Өзбекстанның басшылары Тоқаев мырзаға қарап, бойы мен саясатын түзейтіні, соған жиі қарайлайтыны аңғарылады. 

Мысалы, Қазақстан бірінші болып, Украинадағы соғысқа төл әскерін, жауынгерлік контингентін жібермейтінін үзілді-кесілді мәлімдеді. Оның үстіне республика бұл қатаң позициясын өзіне тиісті ұсыныс түспей жатып, бірден нақты айтты. Қазір тайғанақтамай, сол ұстанымын табанды ұстанып отыр. Осынысымен де Қырғыз билігінен дараланды. Екіншіден, Қасым-Жомарт Тоқаев Украина Президенті Владимир Зеленскиймен телефон арқылы сөйлесті. Бұл – өте маңызды, символдық мәні бар жоралғы. Үшіншіден, Қазақстан билігі елдің басты мегаполисінде Украинаны жақтайтын митинг өткізуге ресми санкция берді. Осы арқылы қазақ қоғамының үлкен бөлігінің ұстанымы қандай екенін Кремльге анық ұқтырды. Төртіншіден, Қазақстан халық болып, құны бірнеше миллион доллар тұратын гуманитарлық жүк жинап, Украина жағына аттандырды. Мұның бәрінің астарлы ойы, символдық нышаны бар. Бәлкім, мұның бәрі биліктің араласуынсыз, төменнен, халық арасынан шығып жатқан шығар. Бірақ Тоқаев мырза халықпен бірге екенін және бұқара пікірімен санасатынын паш етіп жүр.

Қазақтардың бұл қадамдары біздің елдеріміздегі билікті ойлантып тастады. Олардың бәрі қазір Қазақстанның саясатына қырағы көз тігіп отыр.

Әрине, Қазақстанның тәуелсіз бағдары Мәскеудің жынына тиіп, кіжінтеді. Зюганов аузымен әлдебір сандырақты таратты. Ресей билігіне қарасты REGNUM федералдық ақпарат агенттігі арқылы: "Руководство Казахстана взяло курс на "украинизацию" деп байбалам көтерді.

Бізде, орталықазиялық сарапшыларда бұл тек ашы күлкілі тудырады. Ешкім де Украинаның тағдырын қайталағысы келмейді. Қазақстан бір жағынан, өз ұстанымында табандауға қуаты жететінін көрсетті. Екінші жағынан, ол Ресейдің бұл авантюрасына араласқысы келмейді. Ендеше Батыс елдері Қазақстанға ешқандай кінә қоя алмаса керек. Егер Қазақстан бірінші болып, Ресейден теріс айналса, орталықазиялық елдер соның соңынан ереді.

Біз Қазақстан билігінің әр істе өте абайлап, байыппен қимылдайтынын байқап отырмыз. Демек оқиға өз қалыбымен дамуы, күрт бетбұрыстар болмауы ықтимал.

Қырғызстан да енді бейтарап ұстанымды сақтауға тырысуда. 2 наурызда БҰҰ Бас ассамблеясы Ресейді айыптайтын және одан әскерін дереу шығаруды талап ететін қарар қабылданғанда, қазақ елі сияқты Қырғыз Республикасы да қалыс қалды. Бұл да біраз жайттан хабар береді. Себебі Беларусь, Солтүстік Корея, Эритрея және Сирия ғана Ресейді қолдап, қарарға қарсы дауыс бергені мәлім.

– Орталық Азияда қарапайым жұртшылық арасында көңіл-күй қандай, қай тарапты жақтайды? Сарапшылар не дейді?

– Қырғызстанда да, Өзбекстанда да, Тәжікстанда да халық арасында Ресейді жақтайтындар көп екені жасырын емес.

Демократияшыл мемлекеттер Қырғызстанның тірлігінен түңілсе керек. Бірақ кінәні Кремльге жабуға болады. Мысалы, С. Жапаров В. Путинмен кездескенде біздің жақ "шиеленісті қос тараптың бейбіт шешкенін қалаймыз" деген ауанда, жалпылама сөздерден тұратын хабарлама таратты. Ал Кремль: "Жапаров Ресейді қолдайды" деп жариялады. Яғни одақтасқа зәру Мәскеу Бішкекті тізеге салып, өз қатарына тартуға тырысуда.

Бірақ бір мәселеге назар аударған жөн. Қарапайым қырғыздар Украинада болып жатқан соғыстың егжей-тегжейін білмейді. Себебі оны үнемі бақылап отырған жоқ. Украина бізден алыс. Ондағы оқиғалар Орталық Азияға қалай әсер ететінін ел білмейді. Әркім өз шаруасымен әлек. Көктемгі егіс науқаны жақындап келеді. Жан бағу мәселесі бірінші орында. Тек Ресейдегі жағдайға қызығушылық білдіруі мүмкін.

Алайда Қырғызстанның болашағы үшін Украинаның өз тәуелсіздігі мен елдігін сақтап қалғаны маңызды. Егер Украина құласа, сценарийлердің қандай қорқынышты сипат алатынын айтып жатқым келмейді. Бір анығы, Қырғызстан ықтимал жаңа "Ресей империясы" үшін оңай олжаға айналуы кәдік. Мұны ойлы азаматтар, зиялы қауым түсінеді. Соның белгісіндей, Бішкектегі РФ елшілігі алдында 3 рет қарсылық шарасы өтті. Бастапқысына 30 шақты адам келсе, кейінгілеріне жүзден аса адам жиналды.

Оқиғаның әрі қарай қалай өрбитінін бақылауды жалғастырамыз, алдағы апталарда ірі бетбұрыс болатынға ұқсайды.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу