Украинаға жеңісті тойлауға әлі ерте

2183

Херсон қаласының азат етілуі Украина халқын да, бұл елдің армиясын да рухтандырды.  

Украинаға жеңісті тойлауға әлі ерте Фото: yandex.kz

Бірқатар халықаралық сарапшы енді ЗСУ көктемге дейін құрлық арқылы Қырымды азат етуі мүмкін деп топшылауда. Себебі Қырымды Ресеймен тек Керчь көпірі ғана байланыстырады. Ал Донбасс болса, РФ-нің іргесінде жатыр, 7 мың шақырым ортақ шекарасы бар, қажетті оқ-дәрілер, қару-жарақтар 2 сағат ішінде жеткізіледі. Сондықтан оны дұшпаннан толық босату әлдеқайда қиынға түспек. Сонымен бірге, Херсонға аяқ басқан Украина артиллериясының снарядтары енді Қырымның кіреберісіне дейін жете алады екен.

Дегенмен, біраз сарапшы алдағы айларда ЛХР/ДХР сепаратистік құрылымдарды жойып, Қырымды қайтармақ түгіл, Украинаға өзге облыстарын аман сақтап қалу мұңға айналуы ықтимал екенін айтып отыр, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.  Сарапшылар егер Ресей Иран зымырандарына қол жеткізсе, онда Украина "байтал түгіл бас қайғы" күйге жетуі мүмкін.

Америкалық барлау қызметі Иранның Ресейге Fateh-110 (Фатех) және Zolfaghar (Зұлпыһар) баллистикалық зымырандарының алғашқы партиясын жіберуге дайындалып жатқанын хабарлады. Иран мұны жоққа шығарды. Бірақ Тегеран бұған дейін Мәскеуге дрон-камикадзелерін бергенін де жоққа шығарып еді. Онысын украиналықтар антидрон көмегімен майдан даласында қондырып, қорытындысын жариялаған соң, Иранның мойындаудан басқа амал қалмады. 

Америкалық басылымдар Ресейдің Ираннан Фатех және Зұлпыһар зымырандарының жүздеген данасын сатып алғанын жазуда. Егер шынымен, алда бұл зымырандар қолданыла бастаса, Украинаның жағдайы қиындай түспек.

Newsader медиаресурсының бас редакторы Александр Кушнарь АҚШ армиясының отставкадағы офицері, әскери сарапшы Бен Ходжестің сараптамасына сілтеме жасап, ирандық зымырандармен күресе алатын құрал тек АҚШ-та ғана барын жеткізді.

"Фатех пен Зұлпыхар – Украина аумағында жау қолданып жатқан қаруларға қарағанда, әлдеқайда салмақты проблема болып табылады. Мұны көпшілік түсіне бермейді. Бұл баллистикалық зымырандарды жолай тұтып, ұстап алу – Украина үшін өте күрделі, тіпті орындалуы мүмкін емес міндет саналады. Ирандық баллистикалық зымырандар елдегі кез келген дерлік нысанға соққы беруге қабілетті. Бұл жағдайда өзінің энергетикалық және басқа да стратегиялық объектілерін қорғауға Украинаның мүмкіндігі болмайды. Әрине, қазіргі кезде Украинаның әуе шабуылынан қорғанысы жетілдіріліп, NASAMS, IRIS-T сияқты батыстық озық қорғаныс кешендерімен нығайтылуда. Бірақ енді мәселе әуе шабуылынан (ПВО) емес, зымыран шабуылынан қорғаныс (ПРО) туралы болып отыр. Бұл екеуі ұқсас көрінгенімен, шынында айырмашылығы жер мен көктей", – деді А.Кушнарь.

Дегенмен, сарапшылардың дерегінше, америкалық-норвегиялық NASAMS, германиялық IRIS-T және басқа да Украина қолындағы ПВО жүйелері ұшақтарға, дрондарға, өзге зымырандарға тиімді қарсы тұра алғанымен, Фатех пен Зұлпыһар сияқты төмен ұшатын баллистикалық зымырандарға қауқар таныта алмайды. Ең бастысы, "аталған батыстық әуе шабуылына қарсы кешендердің бірде бірі ирандық баллистикалық зымырандарынан сенімді, кепілдендірілген қорғанысты қамтамасыз ете алмайды".

Ашық дереккөздердегі сипаттамасына тоқталсақ, Fateh-110 зымыранының жалпы салмағы 3,5 мың келі тартады. Ұзындығы – 8,9 метр, диаметрі – 60 сантиметр. 300 шақырым қашықтыққа ұша алады. Жылдамдығы – 4 мах немесе сағатына 4 900 шақырым. Нысанасынан 3 метр ғана ауытқуы мүмкін. Бірақ 650 келі жарылғыш таситынын ескерсек, нысанасы бұл ауықтудан бәрібір аман құтыла алмайды. Зымыран ақырғы телімде нысананы дәл көздеуге мүмкіндік беретін қосымша инфрақызыл камерасы бар өзіндік көздеу оқтұмсығымен жабдықталған. Яғни, тіпті нысана зымыран ұшырылған сәттен бері бірнеше шақырымға орнын ауыстырып үлгерсе де, зымыран оны қайта көздемек.

Zolfaghar баллистикалық зымыранының әлеуеті одан да алапат. Ол 700 шақырым қашықтықтағы нысанаға дөп тие алады. Салмағы 4 620 келі. Ұзындығы 10,3 метр. Нысанасына 579 келі жарылғыш тастай алады. Бірқатар модификациялары нысанаға бағдарланудың электрлі оптикалық жүйелерімен жарақталған, осының арқасында оператор оның ұшу траекториясын қашықтан басқара алады.

Бұл зымырандар жолай бағытын түзеп, бұлтақтай алатындықтан, оны қағып алуға қарсы жолданған зымырандар қаңғып кетуі ықтимал. Әскери сарапшы, Украина қарулы күштерінің запастағы полковнигі, ұшқыш Роман Свитанның түсіндіруінше, Фатех және Зұлпыһар шынында да жоюға күрделі зымырандар саналады.

"Олар тігінен шығандап, аспанға атылады да, баллистикалық траекториядан нысанасын дәлдеп көздеп, соған қарай 40 шақырымнан астам биіктен төмен құлдилайды. Осының нәтижесінде өте жоғары жылдамдықтарға дейін қарқын алады. Зениттік зымыран кешендеріне онымен кездесу нүктесін дәл есептеп, анықтау қиынға түседі. Оның үстіне алапат екпінмен төмен шаншылған зымыран жолай түлкібұлаңға салып, бұлтақтайды. Яғни, оған қарсы жолданатын зымырандарға оның траекториясын танып, дәл тию мүмкін бола бермейді", – деді украиналық сарапшы.

Америкалық белгілі әскери публицист, әскери эксперт, "Foxtrot Alpha" тұғырнамасының негізін қалаушы Тайлер Рогоуэй (Tyler Rogoway) қолында бар аз ғана әлеуеттің, шектеулі құралдардың көмегімен украиналық ПВО үлкен іс тындырып жатқанын жоғары бағалады.

"Киев Ресей ұшырған зымырандардың көпшілігі тұтылатынын мәлімдеп жүр. Әйткенмен қорғанысты бұзып өткен аз ғана зымыран мен дрон-камикадзелердің өзі қандай алапат зиян-залал келтіріп жатқанын қараңызшы! Елдің бүкіл энергетикалық кешенінің 40 пайыздан астамы қирап, істен шыққан. Елді мекендер күйреп жатыр. Ал оған жүздеген ирандық зымырандар қосылса, бұл салдарлар еселеп ұлғаюы ықтимал. Ресейге аспанда қайтадан үстемдікке қол жеткізуіне мүмкіндік бермеу керек. Ескірген зымырандарды Украинаның С-300В әмбебап зениттік зымыран кешені, сондай-ақ оларға көмекке келіп жатқан батыстық кешендер ұстай алады. РФ Кинжал, Искандер сияқты қымбат, күрделі заманауи зымырандарын қаптатып жасай алмайды, компоненттерін табуға биылғы ауыр санкциялар кедергі. Сондықтан Мәскеу үшін Иранмен әскери серіктестік маңызды. Өйткені ондаған жылдар бойы санкция астында өмір сүрген Иран баллистикалық зымырандардың импортқа тәуелсіз өндірісін жолға қоя алды",  – деді Тайлер Рогоуэй.

Ол жай зымырандарға қарағанда, баллистикалық зымырандар орасан зор оқтұмсықтарды алып ұшатынына назар аудартты. Олар тұтас бір кварталды жойып жіберуі ықтимал.

"Ирандық қос жаңа зымырандардың дәлдігі таңғалдырады. Бұл дәлдік Украинадағы қару-жарақ, оқ-дәрі қоймаларын, олардың өндірісін, сондай-ақ батыстан қару мен әскери техниканың жеткізілім тізбегін жойып жіберуге жеткілікті. Бұған қоса олар барлық ірі қаланы жылумен, жарықпен, ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған нысандарын күл-талқан ете алады. Бұл бүкіл елді апатқа ұшыратуы ықтимал. Себебі, қыс түсіп, аяз қыса бастайды. Ирандық зымырандар шапшаң, әрі маневрлі. Сондықтан оларды тұту мүмкін болмайды. Олар кез келген, тіпті барынша нығайтылған нысанға жойқын кинетикалық әсер етеді. Ресейде ирандық зымырандардың пайда болуы Украинаға үлкен қауіп-қатер төндіреді. Иранда шығарылған баллистикалық зымырандарға пәрменді қарсы тұру үшін Украинаға "MIM-104 Patriot" америкалық зымыран кешені қажет. Әлемде тек сол ғана баллистикалық зымырандарды ұстап алуға қабілетті. "Пэтриотты" дәл қазір жеткізгеннің өзінде оны өрістету, дайындыққа келтіру үшін бірнеше ай кетеді. Пэтриот арнайы жерсерігін талап ететін, пайдалану және қызмет көрсету жөнінен өте күрделі жүйе", – деді америкалық сарапшы.

Өкінішке қарай, Вашингтон "Пэтриотты" беруден бас тартып отыр. Ақ үйдің түсіндіруінше, біріншіден, бұл бірегей жүйенің Украинаға берілуін Ресей жеке "арнайы операция" және "Американың қақтығысқа тікелей араласуы" деп тануы және ядролық соғысты бастауы мүмкін. Бұл кешен әлемде АҚШ-тың санаулы серіктесіне ғана берілген. Екіншіден, аса қымбат (шамамен 9 млрд доллар) тұратын "Пэтриоттардың" саны тым аз. Оның батареялары Америка Құрама Штаттарының өзінде шектеулі.

Тайлер Рогоуэй "Пэтриоттың" дәл қазір Украинаға берілуі мүмкіндігін өте төмен деп бағалады.

Сонда не қалады? Бірқатар сарапшы Иранның зымырандарын қолданылғанға дейін, яғни Ресейге жеткізу кезінде, жолшыбай жойып жіберуді ұсынды. Бірақ бұл да мүмкін болмай шықты. Себебі Иран барлық зымырандарын мыңдаған метр биікте ұшатын әскери алып ұшақтармен немесе Каспий теңізіндегі кемелермен жеткізеді. Украинаның оларды жойып жіберуге жарамды қаруы жоқ. Ал АҚШ және басқа елдер соған қауқарлы қарулары болса да, әскери эскалацияға бармау үшін бұдан аяқ тартады. Мұндай шетін қадамға, Рогоуэйдің пікірінше, НАТО қазір дайын емес.

Сонда Иранның зұлмат зымырандарынан Украинаны қалай қорғауға болады? Америкалық сарапшының байламынша, оның тиімді бір тәсілі – доқ көрсету болмақ. Ақ үй егер Мәскеу ирандық зымырандармен Украина қалаларындағы тұтас аудардарды, сындарлы нысандарды, бүкіл энергетикалық кешендерін жаппай тып-типыл ете бастаса, онда НАТО елдері Украинаға жеткізетін қару-жарақ көлемін бірнеше есе арттыратынын, қаһарлы жаңа қару түрлерімен жарақтандыратынын, сөйтіп, ЗСУ-дың Қырымға кіруіне жол ашатынын мәлімдеуі қажет. Яғни, Иран Ресейге 700 шақырымға дейін ұшатын зұлмат зымырандарын жеткізсе, НАТО елдері де Украинаға ұқсас қаруларын беруге тиіс. Әзірге олар "Украина Ресей аумағын бомбалайды" деп қорқып, бұдан ат-тонын ала қашып отыр.

Қалай болғанда, "жеңімпаз" (Фатех) және қасиетті қылыш (Зұлпыһар) атауларына ие ирандық зымырандар қолданыла бастаса, бұл Украинадағы соғыстың жаңа кезеңге шыққанын паш етпек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу