Украинаның енді Польшамен арасы бұзылуға шақ тұр

4525

Польшадағы теміржол станциясында бірден 160 тонна украиналық бидай жойылды.

Украинаның енді Польшамен арасы бұзылуға шақ тұр Фото: inbusiness.kz

Бұл туралы Украинаның инфрақұрылым министрі Александр Кубраков жариялады.

Астық транзитпен Гданьск портына бара жатқан, сол жерден тапсырыс берген басқа елге жөнелтілуге тиіс еді. Алайда станцияда оған шабуыл жасалып, вагондар бұзылып, ондағы өнім жерге шашылып тасталған.

Министр барлық украиналық ауыл шаруашылығы өнімі пломбаланған арнайы теміржол вагондарымен тасылатынына, сондықтан Польшаға жолай қалып, жергілікті нарыққа жүктеме түсірмейтініне назар аудартты.

"Поляк Үкіметі мен полициясы мұндай вандализмге қашанғы жол бере бермек? Біз заңды қатаң сақтаймыз. Сіздер ше?", – деп жазды Кубраков.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, поляк фермерлері бұған дейін де бірнеше рет украиналық бидай толтырылған вагондарды бұзып ашқан, астықты жолға шашқан еді.

"Олар украиналық арзан астық демпинг жасап, бағаны арзандатады және жергілікті ауыл шаруашылығы өндірушілерін банкрот қылады деп есептейді. Сол себепті, Еурокомиссияның украиналық тауарларға қарсы енгізілген шектеулерді уақытша алып тастауына наразылығын осылай білдіруде. Мұндай қарсылық акциялары 11, 20 және 24 ақпанда ұйымдастырылды", – деді бүлдіргі істің ұйымдастырушыларының бірі Роман Кондрув.

Ал 11 ақпанда өзін "поляк фермерлері" деп таныстырғандар Эстонияға бет алған, украиналық бидай толтырылған фураны шекара маңындағы Дорогуск селосында басып алып, оның да өнімін тасжолға төгіп тастады.  

Бұдан бөлек, наразылар Польша мен Украинаның шекарасындағы бірнеше өткізу пункттерін тегіс бұғаттады. Украинадан осы ел арқылы Еуропаға шығатын тас жолдарды бітеп тастаған жүк көліктері мен тракторлар тізбегінің ұзындығы бірнеше шақырымға жетті.

Қарсыласушы поляктардың көңілін жібіту үшін өткен аптада Киев майдан шебіне жақын жатқан өңірлерде өртелген ауыл шаруашылығы техникаларын жинап, Польшамен арадағы шекаралық өткізу бекеттерінің жанына жеткізіп, тізіп қойды. Осы арқылы украиналық фермерлердің әр тонна астықты қандай азап, қиянат, тауқыметпен өндіретініне назар аудартпақ болды. Мұндай креатив те көмектесетін емес.

Содан украиналық трейдерлерге тек теміржол қалған еді. Киев астық тиелген жүк көліктерін ашық теміржол платформаларына қойып, көздеген жеріне жеткізудің жасампаз амалын тапты. Осылайша, фуралар Польша аумағын теміржолмен кесіп өтіп, әрі қарай автокөлік трассаларымен өздері қозғалуда. Алайда енді наразылық шараларының теміржолға ауғаны анықталды.

"Настоящее Время" арнасына сұхбатында жүк көлігінің жүргізушісі Вадим шабуылдардың қалай ұйымдастырылатынын әңгімеледі.

"Олардың қолында аккумулятормен істейтін "болгарка" аралары болды. Жолды бұғаттап, құлып, пломбаларды кесе бастады. Біз астықты сақтап қалу үшін есіктерді жабық ұстауға ұмтылдық. Олар тап берді. Соққыға жыққан жоқ, бірақ мойнымыздан қылғындырып ұстап тұрды. Мұның бәрі, бастан-аяқ бейнекамераларға түсірілді. Артынан поляк жаңалықтарында тек бидайы төгілген көліктерді ғана көрсетті. Ал соның бәрі варварлық тәсілмен жасалғанын жасырады, еш жерде көрсетпейді", – деп тұнжырайды Вадим.

Украинаның Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің мәлімдеуінше, бұл акцияларды "Ресей мүддесі үшін әрекет ететін маргиналды поляк саясаткері Рафал Меклер ұйымдастырады".

"Польша – Еуропалық одаққа мүше айналдырған 28 елдің бірі. Мұндай қаскүнем әдістерді еуропалық өркениетті ел еш ынталандырмағаны жөн. Мұндай арандатушылық істер ар-ұятқа да қайшы. Сондықтан біз барлық кінәлілерді тауып, жазаға тартуды талап етеміз", – деді Украинаның Польшадағы елшісі Василий Зварыч.

Журналистер бұл сұрақты Польшаның жаңа лидері Дональд Тускке төтесінен қойды. Оқ пен оттың ортасында қалған оның жауап беруде біраз қиналғаны көрініп тұрды.

"Менен артық украиншіл саясаткерді табуларыңыз қиын. Еуропада поляктардан артық украиншіл ұлтты табу да оңайға соқпас. Бірақ Польша мен Еуропаның азық-түлік қауіпсіздігі мәселелерінде біздің де азық-түліктік мүдделеріміз ескерілуге тиіс. Міне, сол себепті мен поляк фермерлерінің ұстанымын басшылыққа алуға және ұлттық азық-түлік қауіпсіздігімізді ойластыруға міндеттімін", – деді поляк премьері Д.Туск.

Украиналық әскери сарапшы Роман Свитан дағдарыстың қалыптасуында украиналық шенеуніктердің де айыбы барын айтты.

"Екі жыл бұрын соғыс басталғанда, Балтық елдерімен бірге ең бірінші көмекке келген кім? Польша! Поляктар демемегенде, Украинаның қуатты тойтарыс беруі қиын еді. Бүгінде "Астық дәлізі" толыққанды жұмыс істеп тұр. Былтыр ол арқылы 15 миллион тоннадай жүк тасылды. Қара теңіздегі осы дәліздің өткізу қабілеті соғысқа дейінгі деңгейге жуықтап келеді. Польша – Еуропадағы аграрлық ел. Ол агроөнімдері және жүк тасымалы қызметін көрсету арқылы күн көріп отыр. Соны түсінбеген біздің шенеуніктер одақтасымызда дағдарыс туғызды", – деді сарапшы.

Оның айтуынша, Украинаның Үкіметі әлемнің өзге елдеріне миллиондаған тонна астықты кемелермен жөнелтіп жатқанына қанағаттанбай, бірнеше жүз мың тоннаны Польша мен Еуропа нарығына арзанға сатуға ұйғарды.

"Сөйтіп, іргелес Польша мен Еуроодақтың нарықтарын күйретіп, бағаны құлдыратып, еуропалық фермерлерді билікке қарсы наразылық шараларына итермеледі. Бұл не үшін қажет деген сауал туады. Он миллионын теңізбен жөнелтіп жатқанда, қосымша 200-300 мың тонна ел экономикасына жөнді пайда әкелмейтін еді. Қауіпсіздік пен қарсы барлау қызметтері украиналық шенеуніктердің бұл тірлігін мұқият талдауы қажет деп санаймын. Жоқ жерден, тиын-тебен үшін басты одақтастарымыздың жұртшылығын Украинаға қарсы қойып қойды. Мен поляктармен араласып тұрамын, олардың Украина халқына еш қарсылығы жоқ, жаумен күресімізді қолдайды. Бірақ өз өндірушілерін "өлтірмеуімізді" қалайды", – деді Р.Свитан.

Польшада наразылық шараларын ұйымдастырушылар көрші елге әскери, басқалай көмекті доғаруды талап етіп жатқан жоқ. Поляк фермерлерінің басты талабы – ЕО украиналық бәсекелестердің одақ аумағына кіруін қатаң шектеуі керек.

Әзірге Еуроодақ 2024 жылғы маусым айының соңына дейін украиналық тасымалдаушылар үшін "визасыз көлік режимін" енгізді. Олар Еуропалық одақ елдеріне өнімдерді қосымша рұқсат құжаттарынсыз, еркін таси алады. Бұл поляк тасымалдаушыларын нәпақасынан айырды.

Былтыр Дональд Тусктың коалициясы билік басында ұзақ отырған консерваторларды сайлауда жеңіп, тақтан тайдырып, мемлекет тізгінін өз қолына алған еді. Оның командасы салмақты алғашқы саяси дағдарысқа тап болды. Бірнеше айдан бері ереуілдеп жатқан фермерлер енді тек украиналық астыққа және тасымалдаушыларға ғана емес, сондай-ақ Еуроодақтың саясатына да қарсы шыға бастады.

Олар өз үнін билікке естірту үшін ереуілдің жаңа кезеңіне көшті. Ақпан айының ортасынан бері ауыл шаруашылығы техникаларымен елдің басты автотрассаларын, айналма жолдарды тығындап, жауып жатыр. Сонымен бір мезгілде Польша-Украина шекарасындағы бүкіл өтпелер толығымен бұғатталды. Жолды жапқан, қолдан жасалған автомобиль кезектері ондаған шақырымға созылуда.

Бұл ретте наразылардың талабы өзгерген жоқ. Украинаның ауыл шаруашылығы өнімдерінің Польшаға импортына, Еуропаның өзге елдерге транзитіне толық эмбарго жариялануын қалайды.

"Украиналық астық теміржолмен, айналма жолдармен бәрібір поляк нарығына еніп, қоймаларды бағасы төмен тауармен толтыруда. Бірақ бүкіл кінәні Украинаға артуға болмайды. Польша мен Еуропаға ресейлік мол астық та контрабандалық жолмен еніп жатыр. Салдарынан, әсіресе, поляк фермерлері шығынға батуда. Олар еурошенеуніктердің өз талаптарына таскерең екенін түсініп, енді саяси талаптарын ілгерілетуге ден қойды. Мысалы, наразылық шараларының біріне қатысушылар Туск Үкіметінен "Жасыл бағыттан" бас тартуды талап етті. Ұжымдық Еуропаның бұл ортақ экологиялық саясаты 2050 жылы көміртек бейтараптылығына қол жеткізуге бағдарланған", – дейді Польша саясатына арналған телеграм-арна авторы, саясатшы Антон Романов.

Ақпарат құралдарында тараған видеоларда қаптаған тракторларға жапсырылған, "Жасыл курс = ашаршылық" деген плакаттар қылаң берді. Наразылық өршіп, өрістеп барады. Бір ғана Познаньдағы наразылыққа шамамен бір мың трактор жиналды. Вроцлав қаласына бірнеше жүз техникадан тұратын үлкен колонна кірді. Бұл қалада шерушілер Еурокомиссия кеңсесін жұмыртқамен атқылаған. Өзге қалаларда да ұқсас ахуал қалыптасуда.

Әзірше наразылық білдірушілер жаңа премьер Дональд Туск басқаратын Үкіметпен келісімге келе алмады. Туск бір жағынан, Польшаға қарсы санкциялар енгізілмеуі үшін Еуроодақтың шешіміне қарсы келгісі келмейді. Өйткені Туск Үкіметі бір ай бұрын ғана Еурокомиссияның Польшаға көмекке бөлген 76 миллиард еуро қаражатын бұғаттан босата алған. Ол қаражат бұрынғы биліктің демократияны шектеген сот реформасына санкция ретінде бұғатталған еді.  

Екінші жағынан, оның Үкіметінің коалициясына кіретін бірнеше министр, 32 депутаты бар Шаруалар партиясы (PSL) мәлімдеме жасап, Украина ауылының өніміне толық тыйым салуды қолдады. Олар кетсе, биліктегі коалиция ыдырайды. Польшаның ауыл шаруашылығы министрі Чеслав Секерский отқа май құя түсті. Оның мәліметінше, поляк нарығы тек украиналық дәнді дақылдарға ғана емес, сондай-ақ жеміс-жидегіне, мысалы, таңқурайына шектен тыс толып қалыпты.

Нәтижесінде, поляк фермерлері 27 ақпанда бүкіл елді қамтитын ереуіл өткізуге ниетті.

Бұлай бара берсе, бір шара-шешімі табылмаса, мұның соңы Дональд Тусктің демократиялық коалициясының күйреуіне, Польшада билік дағдарысының басталуына, немесе Варшава мен Брюссельдің арасының бұзылуына соқтыруы ғажап емес.

Жалпы, климаттық күйзелістен фермерлер ең көп зардап шегіп жатыр. Оларға қосымша қиындық әкелген, шығынын көбейткен "Жасыл бағытқа" қарсы наразылық шаралары соңғы айларда Франция, Германия, Италия, Грекия, Чехия, Венгрия, Словакия, Испания, Португалия, Болгария, Латвия мен Литвада өтуде. Неміс, француз, бельгиялық фермерлер қолдау үшін Польша-Украина шекарасына келетінін жариялады. Бұл да Еуропада саяси тоқырауды күшейте түсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу