"ҰҚШҰ Мәскеудің тырнағынан құтыла бастады"

2637

Қазіргі кезде Орталық Азия елдерінің әскери қуаты Ресейдікінен басым болып шығуы ғажап емес. 

"ҰҚШҰ Мәскеудің тырнағынан құтыла бастады" Фото: kazpravda.kz

Мүше мемлекеттер басшыларының Иманғали Тасмағамбетовті ҰҚШҰ Бас хатшысы етіп, үш жыл мерзімге тағайындауы нағыз сенсацияға айналды. Дұрысын айтқанда, сенсация бірнешеу. Екіншісі – қазақтың кандидатурасын Армения Премьер-министрі Николь Пашинянның ұсынуы болды. Өйткені ҰҚШҰ-ның ең жоғарғы органы – Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің төрағасы сол. Бұл орынға Мәскеу өз өкілін қоюға да ниеттенген. Бірақ кезек қазақтарға келіп тұрды, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.

Себебі, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымын әу бастан, 2003–2016 жылдары ресейлік генерал-полковник Николай Бордюжа басқарды. Содан соң РФ генерал-полковнигі Валерий Семериков төраға міндетін 2017 жылғы қаңтар-сәуір аралығында атқарды. Оның орнына Арменияның генерал-полковнигі Юрий Хачатуров келіп, 2018 жылғы қарашаға дейін ғана билік етті. Бір жылдан аса уақыт өте сала, оны ресейлік Валерий Семериков ауыстырды. Себебі, Хачатуровқа өз елінде конституциялық құрылымды бұзып, төңкеріс жасады деген айып тағылды: ол еревандық гарнизонның қолбасшысы болып тұрған тұста, 2008 жылғы наурызда сол жылғы ақпандағы президенттік сайлаудың қорытындысымен келіспеген Левон Тер-Петросян бастаған оппозицияның шерулерін қатыгездікпен басып-жаншуға қатысыпты. Армения билігі ҰҚШҰ елдеріне Хачатуровты мерзімінен бұрын лауазымынан босату туралы ұсыныс жасады.

Содан Семериков 2019 жылғы 31 желтоқсанға дейін ұйым тізгінін өз уысында ұстады. Ал 2020 жылғы 1 қаңтардан бері ҰҚШҰ Бас хатшысы лауазымын генерал-лейтенант Станислав Зась атқарып келді.

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастаған Иманғали Тасмағамбетовтің генералдық шені жоқ. Бірақ Қорғаныс министрі және 2017–2019 жылдары Қазақстанның Ресейдегі елшісі болғаны ескерілгенге ұқсайды. Себебі, ҰҚШҰ-ның Бірыңғай штабы да, оның ұжымдық күштерінің біріккен штабы да Мәскеуде орналасқан.

И.Тасмағамбетов 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап қызметіне кіріседі. Әрине, егер ұйым соған дейін жайрап қалмаса. Себебі, үшінші сенсация: ұйым тарихында алғаш рет оның бір мүшесі қорытынды құжаттарға қол қоюдан бас тартты. Атап айтқанда, Армения Премьер-министрі Никол Пашинян Ереванда өткен ҰҚШҰ саммитінде ҰҚШҰ Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің декларациясына қол қоюдан ат-тонын ала қашты. Бұған қоса, ол Арменияға көмек көрсету жөніндегі бірлескен шаралар туралы құжат жобасына көңілі толмай, оған да қол қоймады. Бұл туралы Армения Үкіметінің баспасөз қызметі хабарлады.

Жалпы, бұл саммит жанжалмен өтті. Мысалы, құрылтай қорытындысында протоколға сәйкес, ұжымдық фотосуретке түскенде Никол Пашинян Ресей президенті Владимир Путиннің қасына тұруға қорланып, оған жуымай, аулақтады. Содан Кремль қожайынының төрт президенттен бір метрдей алшақта, шеттеп қалған фотосуреті, сондай-ақ Армения басшысының қыр көрсетіп, одан әдейі алыстағаны бейнеленген видеолар әлемге тарап кетті, пікірталас туғызды.

Жалпы, ҰҚШҰ-ға Қазақстан, Армения, Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан және Беларусь мүше.

Саясаттанушы ғалым Зейін Сабырқұлов ұйымның басшылығына Қазақстан өкілінің келуін заңды әрі маңызды деп атады.

"Негізі, ұйым тізгіні 2019 жылы Қазақстанға берілуге тиіс еді. Дегенмен, бұл ұйымды алда өз мақсатына пайдаланғысы келсе керек, Мәскеу Лукашенконың ұсынысын құптап, беларус генералы Засьты ілгерілетті. Білуімізше, оның кандидатурасын мүше елдердің бәрі бірдей құптамаған. Мысалы, сол кезде ҰҚШҰ Бас хатшысының міндетін атқарған Валерий Семериков Зась кандидатурасын "президенттердің көбі" мақұлдағанын айтты. 2019 жылы Станислав Зась коррупциялық дауға қалды. Беларусь КГБ-сы ол басқарған Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің мүшелері пара алып келгенін әшкереледі. Кейін Засьтың орынбасары тұтқындалды. Бірақ бұл да оның тағайындалуына кедергі болмады. Енді міне, ҰҚШҰ тізгінінің қазақтарға берілуі ұйымның Кремль тырнағынан босай бастағанын көрсетсе керек. Әйтпесе, бұрын Мәскеу өз жетекшілігімен құрылған барлық құрылымды бүріп ұстап, басшылығына өз өкілдерін отырғызатын", – деді саясаттанушы ғалым.

Ол ұйымнан Қазақстанның әзір шыға алмайтынына назар аудартты.

"Бірақ бұл ұйымда енді Астана белгілеген сарабдал күн тәртібі алға жылжытылуы қажет. Атап айтқанда, Қазақстан Президенті мәлімдегендей, ҰҚШҰ-ны БҰҰ-ның бітімгершілік қызметімен байланыстыру міндетін күн тәртібіне қою қажет. Ұйымның ұжымдық күштері мен әскері тек БҰҰ құптаған миссияларға ғана бітімгер ретінде қатысуға тиіс. Ал әзірше бұл ұйымның қызметі бір жылға жуық уақытқа паузаға қойылғанға ұқсайды. ҰҚШҰ-ның келесі саммиті және сессиясы тек 2023 жылдың төртінші тоқсанында, желтоқсанға қарай өтеді. Бұл үзіліске Қазақстан мен Қырғызстан тараптары табандаған деген әңгіме бар. Осы бір жылдай уақытта Украинадағы жағдай да біржақты болып қалар. Демек, ҰҚШҰ бітімгершілерін қан майданға аттандыру мәселесі күн тәртібінен түбегейлі алып тасталды", – деді З.Сабырқұлов.

Армян саясаттанушысы Армен Ованнисянның пікірінше, Кремль өзге елдермен бітімге келмесе, ҰҚШҰ-ның да болашағы болмауы мүмкін.

"Мәскеу бүкіл әлемнен жаппай қорғану, Батыспен тайталас-конфронтацияға түсу идеясын ұстанады. Бұл көпвекторлы саясат жүргізетін Қазақстанға жат дүние. Егер Мәскеуді бітімге иліктіре алмаса, Қазақстанның ұйымға басшылығы әлденені өзгертеді деп ойламаймын. Оның үстіне Лукашенко ҰҚШҰ-ға мүше елдердің кейбірінің аумағында америкалық биолабораториялардың барына алаңдаушылық білдірді. Бұлардың қай елді меңзеп отырғанын да түсінеміз, ресейлік пропаганданың сойылын соғып отыр. Беларусь басшысы алып Ресей күйресе, ұйым елдері соның үйіндісінің астында қалады деп қорқытты. Бірақ солай болатынына бірде бір дәйектеме келтірмеді. Ресей мен Беларусь қана соғысқа тартылған, солар ғана санкция астында. Өзге елдердің дамыған елдермен қатынасы жақсы. Жалпы, қазір ҰҚШҰ-ның тіршілігін ары қарай жалғастыруының рационалды қисынын байқап тұрған жоқпыз", – деді Армен Ованнисян.

Арменияда ҰҚШҰ саммиті өтіп жатқан күндері ел астанасы Ереванда армян халқы В.Путинге қарсы ұрандар көтеріп, АҚШ, Еуропалық одақ және Украинаның туларын желбіретіп, Кремльге қарсы үлкен шерулер өткізді. Сонда наразылық шарасының көшбасшылары өз елінің билігіне ҰҚШҰ-дан шығу талабын қойған.

"Кез келген ұйым оған мүше елдерге пайда, игілік әкелуі керек. Ұсақ елдер державалар жанында топтасып, сонымен ықпалдастықтан өз ұпайын түгендейді, табыс табады. Ал егер ұйым мүше елдерге зиян-залалын тигізетін болса, одан шыққан абзал. ҰҚШҰ-ны Мәскеу Ресей империясын қайта құрғанға дейін өзге республикаларды қасында байлап, матап ұстай тұру үшін ілгерілетті. Енді соғыста оңбай жеңіліп, көршілерін жұту ниетінен түк шықпайтынын түсінсе керек. Монстр-империяны тірілтуге РФ әскерінің әлеуеті жетпейтінін әлем біліп қойды. Биылғы ақпанда шапқыншылық басталғанда, Мәскеу ҰҚШҰ-ны оған мүше елдерді ресейлік агрессияны қолдауға жұмылдыратын құрал ретінде қолдануға талпынды. Қазақстан және басқа мүшелер оған ашық қарсы шығып, тойтарыс берді, ол ниетін де жүзеге асыртпай тастады. Сондықтан бұл ұйымға Кремлдің де қызығушылығы жоғалуы ықтимал", – деді армян саясаттанушысы.

Ол Арменияның ҰҚШҰ-дан теріс айналуының жөні бар екенін ескертті: ұйым әзербайжан-армян қақтығысында өзіне әскери көмек көрсету туралы Ереванның сұрауын қанағаттандырмай тастады. Саммит алдында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев әжуалап: "ҰҚШҰ құрамында Бакудың одақтастары Еревандікінен көп" деп мәлімдеді. Ал Әзербайжан ҰҚШҰ-ға мүше де емес. Армения соған қорланды.

Қалай болғанда, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйының дамуының бір ғана жолы бар. Ол – Астана ұсынып отырған ұстанымдар мен бетбұрыстарға ден қою.  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу