Қазақстанда тұрғын үй құрылысын жүзеге асыратын компанияларға әкімдіктің алдын ала рұқсатынсыз үлескерлердің ақшасын пайдалануға тыйым салынбақ. Тиісті заң жобасы Мәжілісте бірінші оқылымнан өтті. Үлескерлердің қаржысын заңсыз тартқаны және жарнаманы таратқаны үшін салынатын айыппұл сомасы 2000 АЕК-ке дейін жетті. Сарапшылар заңдағы тиісті түзетулерге қатысты пікір білдіріп, келер жылы баспана бағасы қалай құбылатынын айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Құрылысшылар қауымдастығының басшысы Виктор Микрюков тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы негізгі заң 2016 жылы қабылданғанын еске салды.
"Бүгінгі таңда бұл заңға өзгерістер енгізіліп жатыр. Шындығында өзгерістердің қажеттілігі 2017 жылы көрінді, сол кезде үлкен түзетулер әзірленген болатын. Бірақ, өкінішке қарай, бұл түзетулерге қатысты мәселе ұзақ уақыт бойы қаралды", – деді ол.
Өзгертулерге сәйкес, енді әкімдіктің рұқсатынсыз салынып жатқан тұрғын үйлерді жарнамалауға тыйым салынбақ. Сарапшы бұл қажеттіліктен туындаған шара деп отыр.
"Бұл нарыққа қаншалықты әсер ететінін айта алмаймын. Жарнама Instagram, WhatsApp арқылы таралып кетпей ме деген қорқыныш бар. Себебі бұлар белгілі бір деңгейде реттелмейтін платформалар", – деп атап өтті спикер.
Виктор Микрюков тұрғын үйдің үлестік құрылысына бақылауды күшейту туралы мәселенің көтерілгеніне көп болғанын айтады.
"Қазақстанда барлық жобалардың 70 пайыздан астамы тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы заңды айналып өтіп іске асырылып жатыр. Олай болмауы тиіс. Құрылысшылар қауымдастығы заң бәріне бірдей болуы керек деген позицияны ұстанады. Барлығы заңнама нормаларын сақтауы қажет", – деді сарапшы.
Қауымдастық басшысы келесі жылы баспана бағасы өсетінін жеткізді. Өсім қанша пайызды құрауы мүмкін екенін болжау қиын деп отыр. Тұрғын үй құнына доллар бағамы, сырттан әкелінетін құрылыс материалдарының бағасы ықпал етеді.
"Баспана құны сөзсіз өсетін болады. Қазір лифт бағасы 20 пайызға қымбаттаған. Қасбеттік материалдар да 15 пайыздан 20 пайызға дейін өсіп отыр. Негізінен Германиядан әкелінетін сорғылау жабдықтары, жоғары технологиялық заттардың құны қазірдің өзінде орташа есеппен 25-30 пайызға қымбаттады. Оған Германиядағы ішкі жағдай себеп, онда баға айтарлықтай өскен. Доллар бағамы да бізге әсер етеді", – деді Виктор Микрюков.
Инвестиция және жылжымайтын мүлік нарығының сарапшысы Лев Тетин жергілікті атқарушы органдардың жауапкершілігі мәселесіне жеке тоқталды. Айтуынша, заңнамадағы қазіргі талаптарда құрылыс саласы, соның ішінде үлескерлерді тарту мәселесі егжей-тегжейлі қамтылған.
"Осы тұста бақылау неге тиісті деңгейде емес деген сұрақ туындайды. Жаңа түзетулердің екі жағы бар. Біріншісі, әрине, жауапкершіліктің күшейгенде айыппұлдар мөлшері артады. Екіншіден, осы нормативтік актілерді орындауға және бақылауға жауапты тұлғалардың өз міндеттерін қаншалықты толыққанды атқаратынына байланысты. Ең әуелі жауапкершілікті қатаңдату 1-3 жобаның құрылысын жүргізетін шағын компанияларға әсер етеді. Әрине, ірі компанияларға іс жүзінде әсер етпейді. Себебі олар өз қаражатын салып жұмыс істеп жатыр немесе қазіргі нарықтағы нормаларды орындап отыр", – дейді ол.
Сөзінше, құрылысшыларға қойылатын талаптардың күшеюі кезінде өз міндеттемелерін орындай алмайтын компаниялар "сұр аймаққа" өтеді не банкротқа ұшырауы мүмкін. Бұл құрылыстың аяқталмау қалу қаупін туғызады. Үлкен қатысушылар одан да күшті бола түседі, деді сарапшы. Лев Тетин 2025 жылы баспананың шаршы метрі орта есеппен 10 пайыздан 15 пайызға дейін көтерілуі мүмкін екенін айтады.