"Үлкен базарда" тап-таза алтын өте арзанға сатыла бастады

580

2027 жылы әлемдік резервтік активтің құны қай бағытқа бет алады: 3000 долларға дейін құлдырай ма, әлде 5000 долларға шарықтай ма?

"Үлкен базарда" тап-таза алтын өте арзанға сатыла бастады Фото: Жасанды интеллект көмегімен жасалды

Ұлттық банктің ресми мәліметінше, жыл басында, 26 ақпанда 1 грамм алтынның бағасы 83 347 теңгеге дейін шарықтапты. Ал, кеше, 20 қарашада алтынның 1 грамы 53 773 теңгеге дейін арзандап кетті.

Өйткені АҚШ-тың қатаң қаржы саясаты алтынның құнын түсіріп жатыр. Ал Қытай керісінше, бағалы металды сатып алуды өрістетті. Әлемде алтын қоры үшін жаңа бәсеке басталды, деп жазды inbusiness.kz.

2026 жылдың қарашасында әлемдік алтын нарығында күтпеген жағдай болды. Бағасы күн сайын өсіп, тарихи рекордтарды жаңартып келген алтын бір сәтте күрт арзандай бастады. Инвесторлар жаппай сата бастаған соң, бағалы металл соңғы жылдардағы ең ауыр құлдыраудың біріне тап болды.

21 қарашадағы жағдай бойынша бір унция алтынның бағасы 3515 долларға дейін құлдырады. Небары 10 күннің ішінде алтын құны 14%-ға түсті. Ал, қаңтардағы 5595 долларлық тарихи рекордымен салыстырсақ, құны бірден 37%-ға құлады.

Алтын неге сонша арзандады? Мұның басты себебі – АҚШ-тың қаржы саясаты мен нарықта қолма-қол ақшаға деген сұраныстың күрт өсуі.

"КИТ Финанс Брокер" компаниясының қаржы нарықтарын талдау бөлімінің басшысы Павел Веревкин мұны "қос соққы" деп атады. Біріншіден, доллар бағамы нығайды. Екіншіден, америкалық мемоблигациялардан түсетін табыс өсті. АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі (ФРЖ) пайыздық мөлшерлемені төмендетпей, керісінше жоғары деңгейде ұстауы мүмкін деген болжам күшейді.

Мұның бәрі инвесторлардың алтынға деген қызығушылықты азайтты. Себебі пайыздық мөлшерлеме жоғары болса инвесторлар алтыннан гөрі табыс әкелетін басқа қаржы құралдарын таңдауы мүмкін.

"Финам" сарапшысы Николай Дудченко де алтынның жаппай сатылуын "АҚШ-та пайыздық мөлшерлеме көтерілуі мүмкін" деген күтумен байланыстырады.

Оның түсіндіруінше, акциялары құлдыраған қор нарығында шығынға ұшыраған кейбір инвестор қарызын өтеу үшін қолындағы алтынын сатуға мәжбүр болған.

"Бағалы металдар бағасының төмендеуіне америкалық қор нарығындағы қысым да әсер етті. Салдарынан нарық қатысушылары маржалық талаптарды орындауға мәжбүр болады. Алыпсатарлардың, ЖИ-боттардың әрекеті де бағаға ықпал етуі мүмкін", – дейді сарапшы.

Қарашадағы жағдайдың ең қызығы да осында. Әдетте әлемдік нарықта дағдарыс басталса, инвесторлар ақшасын сақтап қалу үшін алтын алуға ұмтылады. Өйткені алтын – сенімді қорғаныс құралы.

Бірақ бұл жолы бәрі керісінше: қор биржаларындағы шығындарын жабу үшін инвесторларға шұғыл түрде доллар қажет болды. Сондықтан олар алтын сатып, қолма-қол ақшаға айналдыруға кірісті.

Алтын арзандағанымен, оған сенім жоғалған жоқ

Алайда алтын нарығындағы жағдайға тереңірек үңілсек, бір маңызды жайт байқалады: биржада алтынның бағасы төмендегенімен, алтын құймаларын ұстап отырған ірі инвесторлар олардан бас тартқан жоқ.

Бүгінде әлемдегі алтын қорларында шамамен 100,97 миллион унция бағалы металл сақтаулы. Бұл көрсеткіш ақпандағыдан да жоғары. Яғни, биржада баға төмендегенімен нақты алтын қорлары азаймаған.

Бұл нені білдіреді? Қазіргі құлдырау алтынға деген сенімнің жоғалуынан емес, биржадағы алыпсатарлықтан, ЖИ-ге құрылған автоматты сауда бағдарламаларының әрекетінен және қарызын өтеу үшін алтынын амалсыз сатуға мәжбүр инвесторлардан туындағандай.

Алтынқұмар Қытайдың араны ашылды

Алтын нарығындағы тағы бір маңызды ойыншы – ҚХР. Батыс елдерінде инвесторлар алтынды жаппай арзанға сатып жатқан кезде, Қытайдың Шанхай биржасында бағалы металл бұрынғы жоғары бағамен сатылып жатты. Себебі, дәстүрге сай, үйінде, сейфінде алтын құймалары жоқ қытай "бай" болып саналмайды.

Оның үстіне Қытай тұрғындарының алтынға қызығушылық танытуына ел ішіндегі экономикалық жағдай да әсер етіп отыр. Жылжымайтын мүлік нарығында қиындықтар бар. Шығыс көршіде жер жекеменшікке берілмейді, тек мемлекетке тиесілі.

Сондықтан жаңа тұрғын үй кешендеріндегі баспаналарды өткізе алмаған құрылыс алпауыттары провинция губернаторларының талабымен жерді бұрынғы күйінде кері қайтаруға тиіс. Содан амалсыз тұтас жаңа тұрғын үй алаптарын, тіпті жаңа аударданды күресінге жібереді.

ҚХР-да несие және ипотеканың қордаланған проблемалары да ушығуда. Салдарынан жылжымайтын мүлік инвестиция құралы болудан қала бастады. Іргедегі миллиард жарым халық жинаған ақшасын сақтайтын сенімді құрал іздеуде. Алтын – сондай құрал.

Әлем елдерінің орталық банктері де алтын қорын көбейту саясатын жалғастырды. Дүниежүзілік алтын кеңесінің болжамынша, 2026 жыл қорытындысында тәуелсіз мемлекеттердің орталық банктері алатын алтын көлемі өткен жылғы көрсеткіштен аспаса, кем болмайды.

Тарихқа көз жүгіртсек, мұндай құнсыздану бұрын да болған. 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысында және 2020 жылдың наурызында, коронавирус пандемиясы күшейгенде алтын бағасы әуелі күрт құлдыраған еді.

Бірақ кейін орталық банктер нарыққа араласып, экономикаға қосымша ақша құйған соң, алтын бағасы қайта көтерілді. Тіпті бұрынғы жоғалтқан құнын қайтарып, жаңа рекордтардың белесін бағындырды.

Мемлекеттердің қарызы да алтынға әсер етуі мүмкін

Алтын бағасына ықпал ететін тағы бір маңызды фактор бар. Ол – әлем елдерінің мемлекеттік қарызы. Франция Жоғары зерттеулер практикалық мектебінің профессоры Лоран Морель Еуропадағы жағдайға алаңдаушылық білдірді: Францияның он жылдық мемлекеттік облигацияларының табыстылығы 5%-дан асып кеткен. Ал, Франция мен Германияның мемлекеттік облигациялары арасындағы айырмашылық 174 базистік пунктке дейін ұлғайған.

Мұның қарапайым түсіндірмесі мынадай: инвесторлар Францияға қарыз берудің тәуекелі артып бара жатқанын сезіп, бұл елден жоғары табыс төлеуді талап ете бастады.

Мемлекеттік қарызды өтеуге ақша табу түйткілі АҚШ, Ұлыбритания және Жапония үшін де күрделі болып қалуда. Мемборыш көбейген сайын оны өтеу де қымбаттайды. Бұл орталық банктердің пайыздық мөлшерлемені төмендетуіне кедергі келтіреді.

Мұндайда алтынға қызығушылық қайта күшеюі мүмкін. Себебі алтын – ешбір мемлекеттің қарызына немесе уәдесіне тәуелді емес актив.

2027 жылы алтын қанша тұруы мүмкін?

Қарашадағы күрт құлдырау алтын бағасының енді ұзақ төмендейтінін білдіре ме? Әлде бұл уақытша құлдыраудан кейін басталатын жаңа өсімнің алдындағы кезең ғана ма? Әлемдегі ірі банктер мен қаржы сарапшылары бұл мәселеде ортақ пікірге келе алмады.

Әлемдегі ірі инвестициялық банктердің бірі Goldman Sachs алтынға қатысты болжамын бірнеше рет өзгертті. 2026 жылдың соңына арналған болжамын бір унция үшін 4650 доллардан 4150 долларға дейін кемітті. 2027 жылға қатысты болжамын алдымен 5400-ден 4800 долларға, кейін 4650 долларға түсірді.

Бұған АҚШ Федералдық резерв жүйесінің қатаң қаржы саясаты себеп болып отыр. Егер ФРЖ пайыздық мөлшерлемені жоғары деңгейде ұстаса, жеке инвесторлардың алтынға қызығушылығы азаюы мүмкін.

Дегенмен Goldman Sachs алтынның болашағынан күдер үзген жоқ. Банк ұзақ мерзімде әлемнің орталық банктері алтын сатып алуды жалғастырып, оның бағасының өсуіне қолдау көрсетеді деп есептейді.

Ал Morgan Stanley банкінің болжамы әлдеқайда оптимистік. Банк 2027 жылы алтын "ең тартымды шикізат активі болады" деп санайды. Жалпы шикізат нарығына қатысты сақтық танытқанымен, алтынның болашағына сеніммен қарайды.

Банктің металдар және тау-кен өнеркәсібі бағытының жетекшісі Эми Гоуэр алтын бағасы 2027 жылдың екінші жартысында қайтадан 5000 доллардан асуы мүмкін екенін топшылады.

Бұған бірнеше фактор әсер етуі ықтимал: алтынға инвестиция салатын биржалық қорлардың сұранысы, орталық банктердің сатып алуы және пайыздық ставкалардың төмендеуі бағаның өсуіне жол аша алады.

Reuters агенттігі 30 сарапшы мен трейдер арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде, алтынның орташа бағасына қатысты мынадай болжам жасады:

  • 2026 жылы – бір унциясы 4495 доллар;
  • 2027 жылы – бір унциясы 4650 доллар.

Бұл сарапшылар алтын бағасы қайта қалпына келеді деп үміттенетінін көрсетеді. Бірақ олар баға қаңтардағы 5595 долларлық тарихи рекордқа қайта жетеді деп отырған жоқ.

Тағы бір ірі қаржы институты – J.P.Morgan Private Bank қарашадағы шолуында алтын құны 2027 жылы біртіндеп көтеріледі деп болжаған. Кейін бұл қаржылық ұйым да өз болжамын қайта қарап, алтынның бір унциясын 4600 доллар деңгейінде бағалады.

Сарапшылардың пікірінше, пайыздық мөлшерлемелердің жоғары болуы және орталық банктердің алтын сатып алу қарқынының баяулауы бағаның тез өсуіне кедергі келтіруі мүмкін.

Осы болжамдардың бәрін салыстырсақ, сарапшылар арасында үлкен айырмашылық бар екені байқалады. Бір сценарий бойынша алтын 3300 долларға дейін құнсыздануы мүмкін. Бірақ оптимистік болжамдарда оның бағасы 5000–5100 долларға дейін қымбаттайды.

Демек, 2027 жылы алтын нарығында күрделі әрі құбылмалы жағдай қалыптасуы ықтимал. Тіпті бір банктің өзі АҚШ-тың қаржы саясатына қарай болжамын бірнеше рет өзгертіп отыр.

Алтын тағдырын АҚШ пен Қытай шеше ме?

2027 жылы алтын нарығында екі қарама-қарсы күштің тартысы күшейеді.

Бір жағынан, АҚШ доллары нығайып, несие қымбаттап, пайыздық мөлшерлемелер жоғары деңгейде қалса, алтын бағасының өсуі қиындайды. Мұндай жағдайда инвесторлар алтыннан гөрі табыс әкелетін басқа қаржы құралдарына басымдық берері даусыз.

Екінші жағынан, әлем елдерінің мемлекеттік қарызы көбейіп, геосаяси жағдай күрделене түссе, алтынға деген сұраныс артуы ықтимал. Бұған Қытайдың және әлемнің орталық банктерінің алтын сатып алуды жалғастыруы да қосылады.

Сондықтан қарашадағы құлдырауға қарап, алтын нарығының болашағына біржақты баға беруге болмайды. Қазіргі жағдай алтынның дәуірі аяқталды дегенді білдірмейді. Бірақ бағасы енді міндетті түрде өседі деп те айтуға негіз жоқ.

Егер алтынның бір унциясы 3400 долларлық межеден төмен түссе, баға одан әрі құлдырауы мүмкін.

Егер биржалардағы акциялардың мәжбүрлі сатылымдары тоқтап, инвесторлар мен орталық банктердің алтынға деген сұранысы сақталса, бағалы металл қайтадан 4000 долларға көтерілуі ықтимал.

Ендеше келесі 2027 жыл алтын нарығы үшін шешуші кезең болғалы тұр. Таразының бір басында – доллардың күші мен АҚШ-тың қатаң қаржы саясаты. Екінші басында – Қытайдың алтынға тәбеті, орталық банктердің сатып алуы және әлемдегі экономикалық тұрақсыздық. Алтынның бағасы осы екі күштің қайсысы басым түсетініне байланысты болады.

Бұл материал ақпараттық-талдамалық сипатта жазылған және жеке инвестициялық ұсыным болып саналмайды. Алтынды сатып алу-алмауды әр адам өзі жеке қабылдауға тиіс.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу