"Үлкен жетілік" – пікірлес демократиялар форумы

2224

G7-дің тарихы мен мақсат-мүддесіне қысқаша шолу. 

"Үлкен жетілік" – пікірлес демократиялар форумы

Дүниежүзіндегі бай демократиялық елдердің басшылары соғыс пен өршіп тұрған инфляция туындатқан энергетикалық дағдарыспен күресу үшін 1975 жылы кездесу өткізді. Әлемдік экономиканың 46 пайызын құрайтын бақуатты мемлекеттер жетекшілерінің ізбасарлары дәл сол түйіткілдерді осы аптада "Үлкен жетілік" саммитінде тағы да талқылап жатыр.

Айта кетсек, бүгінде тұтынушылық және энергия бағалары шарықтап, тіпті АҚШ пен Еуропада рецессия басталады деген қауіп күшейіп келеді.

"Жетілік тобы" туралы негізгі фактілерге тоқталсақ, олардың қысқаша сипаты төмендегідей:

"ҮЛКЕН ЖЕТІ" ТОБЫ  ДЕГЕНІМІЗ НЕ?

Бұл – алып әрі экономикасы дамыған және өмір сүру деңгейі жоғары бай демократиялық елдердің  тобы. Жыл сайынғы саммиттер оның лидерлеріне өзекті мәселелерге қатысты ортақ көзқарастарды анықтауға мүмкіндік береді.

Топтың 1970 жылдардағы жоғары дәрежедегі алғашқы саммиттері Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі бірінші рецессиямен күресу үшін шақырылып, қаржылық ынталандыру мен валюта бағамдарына айрықша назар аударды. Экономикалық саясат бұрынғыдай әлі де басты назарда. Энергия, терроризм, "қырғи-қабақ" соғыс және қоршаған ортаны қорғау да – "Жетілік" тарихындағы негізгі тақырыптар.

Мүшелері: Канада, Франция, Германия, Италия, Жапония, Ұлыбритания және Америка Құрама Штаттары. G7 жиындарына Еуроодақ өкілдері де қатысады.

БҰНЫ КІМ БАСТАДЫ?

1975 жылы Франция Президенті Валери Жискар Д'Эстен Париждің шетіне сол кездегі "Алтылық" тобын ресми түрде шақырды. Сондағы мақсаты – 1973 жылы араб-израиль соғысында Израильді қолдағаны үшін АҚШ пен өзге елдерге араб мемлекеттері жариялаған мұнай эмбаргосынан кейін әлемді жайлаған жұмыссыздықпен, инфляциямен, рецессиямен күресу. Келесі жылғы кездесуге Канада да шақырылды.

G-7 ЖҰМЫСЫН ҚАЛАЙ АТҚАРАДЫ?

Олардың жыл сайынғы кездесулері лидерлерге бір-біріне баға беруге және мәселелердің кең спектрі бойынша бетпе-бет отырып, келіссөздер жүргізуге мүмкіндік береді.

G-7-де өз шешімдерін орындау үшін қандайда бір бюрократия немесе тұрақты штаб жоқ. Ұйымдастыру және дайындық жұмыстарын қабылдаушы ел өз мойнына алады. Ұлттық үкіметтер болса, әрі қарайғы әрекеттерге және жасалған келісімдерді іске асыруға жауапты. Дегенмен ол келісімдердің заңды күші жоқ. Бірақ әріптестердің қысымы үкіметтерді сол уағдаластықтарды орындауға итермелеуі мүмкін.

КҮН ТӘРТІБІНДЕ НЕ ТҰР?

Германияның Бавариясында бас қосқан лидерлер Украинаға қолдау көрсету және Ресейдің соғыс жүргізу мүмкіндігін тежеуге бағытталған санкцияларды қайта қарау жолдарын іздестіріп жатыр.

Бір ұсыныс сол – Кремльдің кірісін төмендету үшін ресейлік мұнайға бағаны шектеу. Бірақ бұл шара, әсіресе, ресейлік мұнай мен газға тәуелді Еуропаға зиян тигізбеуі керек.

Бұған қоса, орталық банктер инфляциямен тежеу үшін пайыздық мөлшерлемелерді көтергендіктен, АҚШ-та да, Еуропада да рецессия қаупі күшейіп отыр. Сонымен қатар G-7 Украина астығын әлемдік нарыққа жөнелту жолдарын жеңілдетіп, жаһандық азық-түлік инфляциясы мен тапшылығын еңсеру тәсілдерін де қарастырып жатыр.

"ЖЕТІЛІККЕ" ҚОСЫЛУ МӘСЕЛЕСІ ҚАЛАЙ ШЕШІЛЕДІ?

Мүшелік бұрыннан бар мүшелердің шақыруы бойынша жүзеге асырылады. G-7 мүшелерінің барлығы – демократиялық елдер. Бұл топ әлемдік экономиканың 80%-дан астамын құрайтын, бірақ пікірлес демократиялар Сауд Арабиясы сияқты монархиямен, Ресей, Қытай сияқты авторитарлық үкіметтермен, Индонезия сияқты дамушы елдермен бірге отыруы керек "Үлкен жиырмалық" тобынан осынысымен (демократияшылдығымен) ерекше.

Ресей бұл топқа 1998 жылы "Үлкен сегіздікті" құру үшін қосылды. Бірақ РФ 2014 жылы Украинаның Қырым түбегін басып алғаннан кейін одан шығарылды.

G-7 қонақ елдерді кейбір саммиттерінің сессияларына шақырады, ал Еуропалық одақтың 27 мүшесінің атынан үстел басында әдетте  ЕО кеңесі мен комиссиясының төрағалары отырады.

ОЛАР ҚАНДАЙ ІСТЕР АТҚАРДЫ?

G-7 бастамасымен қолға алынған жобаларға 1990 жылдары кедей елдердің қарызын жеңілдету, Кеңес Одағымен қарым-қатынасты реттеу және Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі Ресейді Батыс үшін жаулап алуға әрекет жасау, еркін сауданы, жаһандық минималдық корпоративтік салықты ынталандыру, климаттың өзгеруімен күресу жатады.

СЫНШЫЛАР НЕ ДЕЙДІ?

G-7 бірнеше жыл ішінде дамушы экономикаларды есепке алмағаны және ресми институттық құрылымының жоқтығы үшін талай рет сынға ұшырады.

Капитализм мен жаһандануға қарсы қозғалыстар "Үлкен жетілік" саммиттеріне байлардың клубы ретінде наразылық білдірсе, кедейшілікпен күресушілер және экология жанашырлары G-7 жетекшілерін өз проблемаларына көбірек назар аударуға үндеп келеді.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу