Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті

557

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 23 қазанда жарияланады.    

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендетті Фото: kursiv.kz

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-дан 16,25%-ға дейін төмендетті, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,25% деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады. Жылдық инфляцияның қарқыны биылғы тамызда 9,8%-ға дейін баяулады. Дезинфляциялық процес 11 ай қатарынан жалғасып келеді. Азық-түлік инфляциясы 9,5%-ға дейін төмендеді. Оған жеміс-жидек пен көкөністің айтарлықтай арзандағаны мен импорттық тауар бағасының төмендегені әсер етті. Азық-түлікке жатпайтын инфляция қарқыны теңге бағамының нығаюы аясында 11,4%-ға дейін баяулады.

Сервистік инфляция реттелмейтін қызметтер бағасының өсу қарқыны біршама баяулағандықтан 8,9%-ға дейін төмендеді. Айлық инфляция тамызда 0,6% (шілдеде 0,6%), маусымдық факторлар ескерілмегенде 0,9% (шілдеде 0,7%) болды. Базалық инфляция 0,7% деңгейінде сақталды.

"Халықтың алдағы бір жылға инфляцияны күтуі шілдеде 12,1% (маусымда 13,4%) болды. Себебі ҚҚС артуына, ТКШ тарифтері мен азық-түлік бағасының өсуіне байланысты алаңдаушылық сейіле бастады. Бұл ретте күтулерде жанар-жағармай бағасының өсу факторының ықпалы күшейді. Нарықтағы кәсіби қатысушылардың 2026 жылдың соңына күтулері 10% деңгейінде сақталып отыр. Сыртқы секторда жағдай әлі де тұрақсыз. Таяу Шығыста жалғасып жатқан қақтығыс энергия көздері бағасының жоғары қалыптасуына жағдай жасап, сыртқы инфляциялық қысымды күшейтіп тұр. Мұндай жағдайда жетекші орталық банктердің риторикасы қатаң сипатта сақталады. Азық-түліктің әлемдік бағасы дәнді дақылдар мен өсімдік майы есебінен біршама өсті, бұл ретте еттің бағасы ұзақ уақыт ішінде алғаш рет төмендеді", – деп хабарлады Ұлттық банк.

Инфляцияның 2026 жылға болжамы өзгерген жоқ: ол 9-11% аралығында болады деп күтіледі. Баға өсімінің баяулауына ұстамды қатаң ақша-кредит шарттары мен теңгенің нық айырбастау бағамы ықпал етеді.

Қосымша тежеуші әсерді 2026 жылғы қыркүйекте ең төменгі резервтік талаптарды арттырудың соңғы кезеңі қамтамасыз етеді, делінген ақпаратта.

Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешім 23 қазанда Астана қаласының уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Айта кету керек, бұған дейін Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75%-ға төмендеткенін жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу