Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды

Проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр.  

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалды Фото: inbusiness.kz

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,75% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады деп жазады іnbusiness.kz.

"Бұл шешім инфляцияның Ұлттық Банктің болжамдарына сәйкес келуіне байланысты қабылданды. Ішкі және сыртқы инфляциялық процестер динамикасы, сондай-ақ экономикалық өсу траекториясы Ұлттық Банк болжамының базалық сценарийіне сәйкес қалыптасуда. Айлық инфляция біртіндеп баяулап келеді, бірақ ол өзінің орташа жылдық мәндерінен жоғары күйінде қалып отыр. Инфляциялық тәуекелдердің балансы проинфляциялық күйін сақтап қалды, себебі инфляцияның орнықты бөлігі жоғары қалыптасып, инфляциялық күтулер қарқын алды. Логистикалық тізбектердің құрылымдық өзгеруі экономикаға теріс ықпалын тигізіп келеді. Сақталып отырған тәуекелдер базалық мөлшерлемені ұзақ уақыт ішінде ағымдағы мәндерде ұстап тұруды талап етеді", – деп хабарлады бас банк баспасөз қызметі. 

Сонымен қатар Ұлттық Банк инфляция болжамдарға сәйкес қалыптасқанын хабарлады. 

"Айлық инфляция динамикасы үш ай қатарынан баяулауды көрсетіп, 2022 жылғы қыркүйектегі 1,8%-дан желтоқсанда 1,2%-ға дейін төмендеді. Көрсеткіштің төмендеуіне қарамастан, ол орташа жылдық мәндерден айтарлықтай асып (соңғы 5 жыл ішінде орташа алғанда желтоқсанда –  0,7%), жоғары қалпында қалды", – деп жазылған қаржы институтының хабарламасында. 

2022 жылдың қорытындысы бойынша, жылдық инфляция 20,3%-ды құрады. 

Жылдық инфляция көрсеткшінде азық-түлік тауарлары мен азық-түлікке жатпайтын тауарлар бағасы ең жоғары өсімді көрсетті. Ақылы қызметтер инфляциясы өзгеріссіз қалды, оған тұрғын үйді жалдау құнының төмендеуі мен реттелетін қызметтер бағасының баяу өсуі әсер етіп отыр. 

Инфляциялық күтулер де қарқын алды. Олардың мәні желтоқсанда 21,3%-ды құрап, бас банк  сауалнама жүргізілген сәттен бастап ең жоғары межеге жетті.

"Халық тарапынан инфляциялық күтулердің өсуі азық-түлік бағасының өзгеруімен, сыртқы оқиғалармен және жанар-жағармай бағасының өзгеруімен байланысты. Инфляциялық күтулердің жоғары және тұрақсыз болуы инфляцияның болашақта тез өсуіне және оның баяулап төмендеуіне себеп болуы мүмкін", – деп хабарлады қаржы институты.

Жаһан елдері ақша-кредит талаптарын күшейту әсерінен көптеген мемлекеттерде, оның ішінде Қазақстанның сауда серіктестерінде инфляциялық процестер баяулай бастайды.  . Мұнай бағасы базалық сценарий бойынша 2023 жылға барреліне орташа есеппен болжанған 90 АҚШ доллары деңгейінен сәл төмен қалыптасып отыр.   

"Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының алдын ала бағалауына сәйкес 2022 жылғы қаңтар-желтоқсанда ЖІӨ-нің өсуі 3,1%-ды құрады. Тұтыну импортының өсімі, бөлшек тауар айналымының тұрақты динамикасы мен тұтынушылық кредиттеу көлемінің артуы байқалады", – деп хабарлады Ұлттық банк. 

Алайда бүгінде проинфляциялық тәуекелдер сақталып отыр. 

Еске сала кетсек, өткен жылы Ұлттық банк базалық мөлшерлемені алты рет көтерді.  Келесі шешім 24 ақпанда жарияланады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу