Ұлттық Банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/– 1 п.т. дәлізімен жылдық 16%-ға дейін төмендету туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Қаржы реттеушісі мұны жылдық инфляцияның баяулауымен түсіндірді.
"Сыртқы инфляциялық қысым орталық банктердің тежеу саясаты мен азық-түліктің әлемдік бағасының төмендеуі аясында біртіндеп төмендеп келеді. Дегенмен назар аударуды қажет ететін жекелеген факторлар мен тәуекелдер бар", – деп хабарлады Ұлтық Банк.
Фискалдық ынталандыру, орнықты ішкі сұраныс және жоғары инфляциялық күтулер – инфляцияның ішкі факторларына жатады.
"Бүгінгі шешім мен тәуекел балансын ескерсек, 2023 жылы базалық мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндіктері айтарлықтай шектеліп отыр. Жыл соңына дейін жылдық инфляция бір мәнді деңгейге дейін баяулаған жағдайда ғана ақша-кредит саясатын жеңілдету шаралары қаралады", – деп хабарлады реттеуші.
Инфляциялық күтулер біршама жеделдеді
Жылдық инфляция биылғы қыркүйекте 11,8%-ға дейін төмендеді. Бұл тұста көрсеткіштің болжамды диапазоны 10-12% болатын. Инфляцияның төмендеуі ұстамды қатаң ақша-кредит саясаты мен былтырғы жоғары база әсерінің біртіндеп сарқылуы аясында жалғасып жатқан фискалдық ынталандыру жағдайында орын алуда.
Қыркүйек айындағы көрсеткіш тұрғын үй коммуналды шаруашылық (бұдан әрі – ТКШ) тарифтерінің күтілгеннен қалыптырақ өсуіне байланысты болжамнан төмен қалыптасты. Айлық инфляция 0,6% болды. Бас банк дерегінше, бұл орташа тарихи мәндерден әлі де айтарлықтай жоғары. Соған қарамастан инфляциялық процестердің орнықтылығын сипаттайтын базалық инфляция тұрақтанып келеді.
"Инфляцияның баяулауына қарамастан, инфляциялық күтулер біршама жеделдеді. Бір жылдан кейін күтілетін инфляция қыркүйекте 17% (тамызда – 16,4%) болды. Алайда, сезілетін инфляция қыркүйекте 17,8%-ға дейін (тамызда – 18,4%) төмендеді. Жалпы алғанда, күтілетін және сезілетін инфляцияның динамикасы ТКШ нарығындағы реформалардың іске асырылуын және ЖЖМ бағасының өсуін көрсетеді", – деп хабарлады Ұлттық Банк.
Сыртқы инфляция баяулады
Реттеуші мәліметіне сүйенсек, жекелеген проинфляциялық факторлар мен тәуекелдер артты. Сүт өнімдері, өсімдік майы, ет пен дәнді дақылдар құны түскендіктен, әлемнің азық-түлік нарығында бағалар да төмендей бастады.
"Дегенмен, инфляциялық процестердің орнықтылығы дамыған елдерде мөлшерлемелердің төмендеу мерзімін жылжыта бастады және орталық банктер тарапынан тежеу саясатының күшеюіне әкеледі", – деп хабарлады бас банк.
Еуропа Орталық Банкі 2023 жылғы қыркүйектегі соңғы шешімінде жоғары инфляцияны әлде де төмендету үшін пайыздық мөлшерлемені тағы көтерді. АҚШ Федералды Резервтік Жүйесі пайыздық мөлшерлемені тағы көтеруі мүмкін. ОПЕК+ елдері мұнайды ерікті түрде шектеуді ұзартқан еді. Осыдан кейін мұнай бағасы өсті. Соның аясында инфляция қарқын алып кете ме деген алаңдаушылық бар. Ресейде 2023 жылғы қыркүйекте инфляцияның күш алуынан ақша-кредит саясатын қатаңдату шаралары жалғасын тапты.