Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 18,0% деңгейінде сақтау туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазіргі шешім болжамды раундтың нәтижесіне, негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің жаңартылған бағаларына және инфляциялық тәуекелдердің жалпы балансына негізделгені айтылған.
"Инфляцияның 2025 және 2026 жылдарға болжамы қайта қаралды. 2025 жылы инфляция 12,0-13,0%, 2026 жылы 9,5-12,5% шегінде күтіледі. 2027 жылдың қорытындысы бойынша ол 5,5-7,5%-ға дейін баяулайды деп күтіледі. Болжамды түзету биылғы инфляцияның іс жүзіндегі мәні болжамды мәндерден едәуір асып кетуіне және инфляциялық күтулердің жоғары динамикасына негізделеді. Сонымен қатар, 2026-2027 жылдары "инфляция + 5%" схемасы бойынша реформа қарқынын қайта қарау аясында реттелетін бағалардың неғұрлым болжамды өсетіні ескеріледі. 2026 жылы болжамдар аралығының кеңеюі салық реформасын іске асыруға және жиынтық сұраныс реакциясына, квазибюджеттік сектор жағынан қаржыландырудың едәуір өсуіне және оның экономикаға ынталандырушы әсеріне байланысты бағалаудағы артып келе жатқан белгісіздікті көрсетеді", – деп хабарлады Ұлттық банк.
Ақпаратқа сәйкес, болжам тәуекелдері ішкі сұраныс пен ұсыныс мүмкіндіктері арасындағы теңгерімсіздіктің күшеюімен, сыртқы инфляцияның және инфляциялық күтулердің жеделдеуімен, сондай-ақ реттелетін бағалардың, ЖЖМ мен ҚҚС артуынан болатын қайталама әсермен байланысты.
"2025 жылы Қазақстан экономикасының өсу болжамы 6,0-6,5%-ға дейін жақсарды. Бұл мұнай өндірудегі озыңқы қарқынның әсерін, сондай-ақ жылдың соңғы айларында инвестициялық және тұтынушылық сұраныстың, оның ішінде алдағы 2026 жылғы ҚҚС реформасына байланысты жеделдеуін көрсетеді. 2025 жылғы жоғары базаның салдарынан және салық-бюджет реформасы мен бюджеттік шоғырландырудың ішкі сұранысқа тежеуші әсерін ескере отырып, 2026 жылға арналған болжам 3,5-4,5%-ға дейін төмендетілді. 2027 жылы экономиканың өсуі 4,0-5,0% ауқымында болады деп күтіледі. Бұл өсу инвестициялық белсенділіктің кеңеюі, бірқалыпты тұтынушылық сұраныс және мұнай өндірудің ұлғаюы есебінен болады", – делінген хабарламада.
Қазіргі уақытта Ұлттық Банк жоғары инфляциялық күтулерді, орнықты базалық инфляцияны және тарифтік реформалардың кейінге қалдырылған әсерін назарға ала отырып, 2026 жылдың бірінші жартысының соңына дейін мөлшерлемені төмендету мүмкін болмайды деп санайды. Инфляцияның орнықты баяулау үрдісі қалыптасқанына сенімділік болмаған жағдайда ақша-кредит шарттары қатаңдатылуы мүмкін.
Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешімі 2026 жылғы 23 қаңтарда жарияланады.
Айта кету керек, қазан айында Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерген болатын. Бұған дейін бұл көрсеткіш 16,5% болған.