Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейіне дейін көтерді

6179

Ақша-кредит саясатын ойластырылған түрде күшейту инфляциялық спиральді босату қаупін алдын ала білу және 2022 жылы инфляцияны 4-6% нысаналы дәлізге қайтару қажеттігінен туындады.  

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 9,25% деңгейіне дейін көтерді Фото: Серікжан Қобыланбаев

Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 9,25% деңгейінде +/- 1,00 п.т. пайыздық дәлізбен белгілеу туралы шешім қабылдады. Тиісінше өтімділікті ұсыну жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме 10,25%, ал өтімділікті алу жөніндегі тұрақты қолжетімді операциялар бойынша мөлшерлеме – 8,25% болады.

Бұл ретте іскерлік белсенділіктің қалпына келуіне әлемдегі, атап айтқанда, Қазақстандағы тұрақсыз эпидемиологиялық ахуалдың әсері ескерілді. Мөлшерлеменің артуы теңгелік активтердің тартымдылығын қолдайды, бұл жағымсыз тепе-теңдікті болдырмайтын күтулерді қалыптастыру мақсатында валюта мен ақша нарықтарында баға белгілеудің тиімділігін арттырады.

Шешім сұраныс тарапынан экономикадағы ұсыныс пен тұрақты проинфляциялық қысым арқылы туындаған инфляциялық тәуекелдерге негізделген. Инфляция болжамдардан жоғары қалыптасады, ал бағаның одан әрі өсуіне қатысты күтулер жоғары және бекітілмеген болып қалуда. Экономикалық өсім мен тұтынушылық белсенділік қарқынының тез қалпына келуі айтарлықтай фискалды импульспен проинфляциялық үрдісті қалыптастырады.

Сонымен бірге жалпы әлемдік деңгейде азық-түлік бағасы көтеріліп жатқан шақта азық-түлік тауарларының жекелеген топтарына бағаның өсуі секілді елеулі факторлар, жеткізу тізбегіндегі іркілістер, шикізат пен материалдар бағасының ұлғаюы кезінде өндірушілер бағасының өсуі, сондай-ақ реттелетін бағалардың сақталып отырған өсу әлеуеті ұсыныс жағында шоғырланған. Ақша-кредит саясатындағы трансмиссиялық тетіктің ұсыныстың күтілмеген өзгерісіне ықпалы шектеулі болатынын, ал инфляцияның бұл өзгерістерге бейім келетінін халықаралық тәжірибенің өзі көрсетіп отыр. Осы тәжірибені негізге ала отырып, Ұлттық Банк өз шешімімен жоғары инфляциялық күтулерге байланысты сұраныс тарапынан болатын тәуекелдерге барынша ден қояды.

2021 жылғы маусымның қорытындысы бойынша жылдық инфляция 7,9%
(2021 жылғы мамырда 7,2%) болды. Тәуекелдерді іске асыру аясында инфляцияның барлық компоненттерінің өсуі байқалды. Бағаның 2021 жылғы маусымда жазғы айларға тән емес
1,1%-ға елеулі өсуі 2009 жылдан бастап осы ай үшін ең жоғары мән болып табылады.

Азық-түлік инфляциясы 2021 жылғы маусымда 10,6%-ға дейін жылдамдап, жалпы инфляцияға негізгі үлес қосуды жалғастырды. Бұл – көкөністердің, атап айтқанда, картоп, сәбіз бен қызылшаның күрт қымбаттауына байланысты. Бұл өсу рекордтық өсу болып, тек Қазақстанда ғана емес, көршілес елдерде де (Ресей, Өзбекстан, Тәжікстан) байқалады. Жалпы алғанда, азық-түлік бағасының көтерілуі бүкіл әлемде байқалып отыр. Мәселен, ФАО азық-түлік бағасының индексі 2021 жылғы маусымда жылдық мәнде 33,9%-ға өскенін көрсетті.

Инфляцияның азық-түлікке жатпайтын компоненті кейінге қалдырылған сұраныс әсерінің тәуекелдерін іске асыру аясында 2021 жылғы маусымда 6,9%-ға дейін үдеді. Өндірушілер бағасының өсуі, сондай-ақ сұраныстың қалпына келуі жағдайында бензин бағасының жылдық өсу қарқыны үдеуін жалғастырды. Қалпына келе бастаған тұтынушылық сұраныс киім-кешектің, аяқ киімнің, автомобильдердің, тұрмыстық техника мен жиһаздың қымбаттауына ықпал етті. Сауда әріптес елдердегі инфляцияның жеделдеуі және шикізат пен аралық материалдарға әлемдік бағаның өсуі жағдайларында импорттық жеткізілімдер бағасының өсуі азық-түлікке жатпайтын тауарларға қосымша проинфляциялық қысым көрсетуде.

Халыққа ақылы қызмет көрсету бағасының жылдық өсуі маусымда 5,6% болды, бұл реттелетін, сол сияқты реттелмейтін қызметтердің қымбаттауына байланысты. Әуе көлігі қызметтеріне, туристік қызметтерге (санаторийлер, демалыс үйлері, шетелге сапарлар), жеке күтім қызметтеріне және тұрғын үйді жөндеу қызметтеріне бағалардың жылдық өсуі байқалады.

Халықтың инфляциялық күтулері тұрақсыз болып қалып отыр. Маусымда бір жыл бұрынғы сандық бағалау ұлғайып, 7,3% болды. Өткен айда бағаның өте жоғары өсуін атап өткен респонденттердің үлесі 59%-ға дейін артып (мамырда – 49%), ең жоғары көрсеткішке жетті. Сонымен қатар маусымда азық-түлік бағасының өсуін атап өткен респонденттердің үлесі
87%-ға дейін өсті.

Экономиканың нақты секторындағы ахуалдың жақсаруы жалғасты. 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта нақты ІЖӨ өсуі жылдық мәнде 2,2% болды. Экономика шикізат нарықтарындағы әлемдік бағалардың өсуі және карантиндік шектеулердің жеңілдетілуі аясында қалпына келуде. 2021 жылғы қаңтар-маусымда өңдеу өнеркәсібі, сауда, құрылыс, ақпарат пен байланыс және ауыл шаруашылығы салалары тұрақты өсуді көрсетті. Ұлттық Банктің кәсіпорындарға жүргізген пікіртерім нәтижесі нақты сектордағы жай-күйдің жақсарғанын көрсетеді. Мәселен, 2021 жылғы маусымда іскерлік белсенділік индексі
0,5 тармаққа ұлғайып, 51,6 (2021 жылғы мамырда - 51,1) болды. Инвестициялық белсенділіктің төмендеу қарқыны баяулады. 2021 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша негізгі капиталға инвестициялардың құлдырауы бірінші тоқсанда 9,6%-ға төмендеген кезде 1,8% болды.

Халықтың тұтыну белсенділігінің айтарлықтай қалпына келуі инфляцияға қарсы қысым көрсетуде. 2021 жылғы бірінші жартыжылдықта бөлшек тауар айналымы бірінші тоқсанда 1,2%-ға (ж/ж) қысқарғаннан кейін 7,6%-ға (ж/ж) өсті. Бөлшек тауар айналымының құрылымында азық-түлікке жатпайтын тауарлардың тауар айналымы жедел қарқынмен өсуде. Халық табысы өсуінің оң қарқыны, сондай-ақ тұтынушылық мақсаттарға кредит берудің айтарлықтай өсуі үй шаруашылықтарын тұтынудың өсуіне қолдау көрсетеді. Фискальды ынталандыру аясында ішкі сұраныстың қалпына келуі тұтыну импортының айтарлықтай ұлғаюына әсер етеді. 2021 жылғы 5 айда тұтыну тауарларының импорты 4,7 млрд АҚШ долларына дейін өсті, бұл эпидемия алдындағы 2019 жылғы деңгейден 30,4%-ға жоғары.

Әлемдік экономиканың қалпына келуі жалғасуда, алайда, тауарлар мен қызметтерге сұраныстың артуына және жеткізудегі үзілістерге әсер еткен эпидемиологиялық ахуал әлемдегі инфляцияның ұзаққа созылатын толқынының елеулі тәуекелдерін тудырады. ХВҚ болжамы бойынша, биыл әлемдік экономиканың өсу қарқыны 6,0% болады, 2022 жылы
4,4%-ға дейін баяулайды. Сауда серіктес елдерде де экономикалық өсім  қалпына келе бастайды деп күтілуде: 2021 жылы ЕО экономикасы 4,4%-ға, Ресей – 3,8%-ға, Қытай – 8,4%-ға өседі. Сонымен қатар әлемнің көптеген елдерінде COVID-19 дельта штаммының едәуір таралуы байқалды. Шектеу шаралары қайта жандануда, бұл өз кезегінде өнеркәсіп пен қызмет көрсету салаларындағы іскерлік белсенділікке теріс әсер етеді. Мәселен, Global Composite PMI
2021 жылғы қаңтардан бастап алғаш рет маусымда 56,6 тармаққа дейін (2021 жылғы мамырда –58,5 тармақ) төмендеді. Өндірушілер тауарларға сұраныстың әлі де жоғары екенін, сонымен бірге жаһандық жеткізілім тізбегінің бұзылуына және шикізат пен аралық тауарлардың жоғары бағасына байланысты өндіріс көлемінің төмендейтінін хабарлайды. Жеткізудегі іркілістер сияқты сырқаттанудың қайта басталған өсуі әлемдік саудаға да теріс әсер етті, мұны 2021 жылғы маусымдағы New Export Orders Index PMI озыңқы индикаторларының әлсіз көрсеткіштері (2021 жылғы мамырдағы 54,9 тармақтан маусымдағы 53,2 тармаққа дейін төмендеуі) айғақтайды. Тауарларға сұраныстың ұсыныстан басым болу факторы әлемдегі инфляциялық қысымның өсу тәуекелін арттырады.

Инфляция өсуінің әлемдік үрдісі Қазақстанның негізгі сауда әріптес елдеріне де әсер етті. ЕО мен Ресейде инфляция нысаналы көрсеткіштерден жоғары қалыптасады. ЕО-да
2021 жылғы маусымда жылдық инфляция 2,0% нысаналы көрсеткіш кезінде 2,2%-ға дейін жеделдеді. Қытайда жыл басында байқалған дефляциядан кейін 2021 жылғы маусымда жылдық инфляция 1,1%-ға дейін өсті. Ресейде 4,0%-дық таргет кезінде маусымда жылдық инфляция 6,5%-ға жетті (2016 жылғы тамыздан бастап ең жоғары көрсеткіш). Жауап шарасы ретінде Ресейде ақша-кредит талаптары 2021 жылдың басынан бастап күшейтілді. Ресей Федерациясының Орталық банкі соңғы шешіммен мөлшерлемені 6,5%-ға дейін бірден 100 б.т. көтерді. Монетарлық саясатты күшейту үрдісі басқа елдерде де байқалады. Мәселен, 2021 жылы 18 орталық банк инфляциялық процестерді бәсеңдету үшін негізгі мөлшерлемелерді көтерді.

Әлемдік мұнай нарығында COVID-19 дельта штаммының таралуына байланысты белгісіздіктің өсуінен айтарлықтай құбылмалылық бар. Маусым бойы Brent сұрыпты мұнайдың орташа айлық бағасы өсіп, бір баррель үшін 70,3 – 76,2 АҚШ доллары ауқымында құбылды. Алайда, шілдеде ОПЕК+ елдері биылғы жылғы тамыздан бастап мұнай өндіруді тәулігіне 400 мың баррельге ай сайын арттыру және альянстың кейбір қатысушылары үшін

2022 жылғы мамырдан бастап өндіру квотасын қайта қарау туралы уағдаластыққа қол жеткізгеннен кейін баға ауқымы бір баррель үшін 68,6 – 77,2 АҚШ долларына дейін кеңейді. Мұнайға сұраныстың артуына және оның қорларының азаюына қарамастан, коронавирустың дельта штаммының одан әрі таралуы әлемдік нарықтардағы құбылмалылықты күшейтудің негізгі көзі болып табылады, бұл бағаның бұдан кейінгі серпініне қатысты болжамдардың дәлдігін төмендетеді және әлемдік экономиканың қалпына келуін баяулатуы және тиісінше мұнайға сұранысты төмендетуі мүмкін.

Базалық мөлшерлеме өзгеруінің экономикаға әсер ету лагын және инфляцияның
2021 жылдың соңына дейін күтілетін 4-6% нысаналы дәлізден тыс болуын ескере отырып, Ұлттық Банктің базалық мөлшерлеме бойынша кейінгі шешімдері инфляцияның 2022 жылы нысаналы дәлізге кіруі ескеріліп қабылданатын болады. 2021 жылғы қыркүйектегі болжамдық кезеңнің қорытындысы бойынша, Ұлттық Банк инфляцияға қарсы факторлар ұлғайған жағдайда ақша-кредит талаптарын одан әрі күшейту бойынша шаралар қабылдауға дайын. 2021 жылғы екінші жартыжылдықта өткен жылғы шілде мен тамыз айларындағы азық-түлік инфляциясының маусымдық төмен базасы мен  кейінге қалдырылған сұраныс әсерін іске асыру аясында инфляция одан әрі үдеуі мүмкін.

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Ақша-кредит саясаты жөніндегі комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2021 жылы 13 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша 15:00-де жарияланатын болады.

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу