Қазақстанның қазіргі даму бағдарламасы базалық даму сценарийіне құрылған. Ол 2025 жылдың соңына дейін Brent маркалы мұнайдың бір бөшке-баррелінің бағасы 80 доллар деңгейінде болатынын, әрі қарай 2026 жылы 75 долларға дейін біртіндеп төмендеуін қарастырады.
Алайда "әп-әдемі әнді" шығыс көрші бүлдіріпті. Кейінгі жылдары Қытайда күйзеліс пен экономикалық кері кету басталды. Ханзу елінің жалпы ішкі өнімі 2021 жылы 8,4%-ға өссе, 2022 жылы небәрі 3% болды. 2023 жыл қорытындысында ЖІӨ өсімі 5,2%-ға әзер жетті.
ҚХР-дың экономикалық көрсеткіштерінің нашар болуы әлемде негізгі қуат тасығыштарға – мұнай-газға сұранысты төмендетті. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) мәліметінше, Қытайда сұраныстың төмендеуі салдарынан тұтынушылық бағалар арзандауда. 2024 жылғы қаңтарда жылдық мәнде тағы 0,8%-ға құлдырай түсті.
Мұны қарапайым қазақстандықтар да байқауы мүмкін: азық-түлік, коммуналдық қызметтер, ақылы қызметтер және басқасының күрт қымбаттауы аясында керісінше, көршіден тасылатын қытай тауарлары арзандады. Бұған "Қорғас" шекарамаңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының қайта ашылуы да өз үлесін қосты. Нәтижесінде, ірі қалаларымызда атауында "Арзан" сөзі бар жаңа дүкендер желісі қаптап ашылуда.
Бірақ бұқара қуанғанымен, макроэкономикалық деңгейде Қытайдағы ахуал мұнайлы елдерге, соның ішінде Қазақстанға кесірін тигізуі мүмкін. Өйткені шығарылған тауарлардың арзан бағалануы ҚХР-да біраз өндірістердің дағдаруына, салық төлеушілер санының кемуіне, экономикасының кері кетуіне соқтырады.
Салдарынан, энергия көздеріне, соның ішінде мұнайға әлемдік сұраныс төмендеді. ХВҚ жаһандық нарықта Brent маркасының құны 60 долларға дейін құлайды деп болжады.
Сондықтан Ұлттық банк Қазақстанның экономикалық дамуының "пессимистік сценарийін" түзіп отыр. Бұған дейін оптимистік сценарий бойынша қара алтынның бағасы 100 долларға дейін көтеріледі деп тұспалданған еді.
Енді пессимистік сценарий бойынша қазақстандық мұнай бағасының 2024 жылы – 66,8-64,6 долларға, 2025 және 2026 жылдары 60 долларға дейін құлдырауы жоққа шығарылмайды.
2023 жылдың қорытындысында Қазақстан экономикасы 5,1%-ға өсті. Осыған орай ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы 7 ақпанда Бектеновтың жаңа Үкіметіне ЖІӨ-ні жыл сайын 6%-дан арттыруды тапсырды.
Тиісінше, Үкіметтің жаңартылған болжамына сәйкес, бұл межеге келесі жылы қол жеткізу жоспарланды: ЖІӨ 2024 жылы – 3,5-4,5%, 2025 жылы – 5,5-6,5% аралығын құрайды.
Ұлттық банк болса, президенттік тапсырма келесі жылы да орындалмауы мүмкін екенін ескертіп отыр.
"Оқиғалар пессимистік сценарий бойынша дамыған жағдайда, Қазақстанның экспорттық тауарларына, бірінші кезекте, мұнайына сұраныс базалық сценарийге қарағанда кеміп кетеді. Бұл фактор мұнайдың төмен бағасымен қосылып, отандық өндіруші салаларда іскерлік белсенділікті шектейді. Бұл өз кезегінде құрылыс, көлік, сауда сияқты жапсарлас салаларға, көрсетілетін қызметтерге және тұтастай алғанда экономикадағы инвестицияларға теріс әсер етеді. Салдарынан, халық табысының азаюына және тұтыну көлемінің төмендеуіне алып келедi. Осының бәрі жинала келе, ақырында ЖІӨ-нің өсу қарқыны 2024 жылы 3-4%, 2025 жылы – 5-6%, 2026 жылы – 3,5-4,5%-дан аспайды", – делінген Ұлттық банктің жаңа есебінде.
Соның кесірінен бағалардың құнсыздануы жеделдейтін түрі бар. Еліміздің монетарлық реттеушісінің жаңа болжамынша, 2024 жылы инфляция 8-10%-ды құрауы мүмкін. 2025 жыл да оңайға соқпайды: 8,5%-ға дейін жетпек. 2026 жылы 6,5%-ға дейін баруы ғажап емес.
Бұл жағдай әлемдегі ахуалға кереғар. Дүниежүзілік банктің дерегінше, қатаң монетарлық саясат, қуат тасығыштардың төмен бағасы, еңбек нарықтарындағы жағдайдың біршама жақсаруы аясында көптеген елде жаһандық инфляция қайта төмендеп барады.
Дамыған елдерде базалық инфляция 2022 жылдың басындағы деңгейге жақындады. Оларда ең жоғары инфляция тек Ұлыбританияда – 5,1%, АҚШ-та – 3,9%, Германияда – 3,4% сақталуда. Жапонияда – 2,3%, Канадада – 2,6%, Францияда – 2,9%, Италияда – 3%.
Дүниежүзілік банк дамушы елдерде де қазіргі кезде инфляция мақсатты көрсеткіштен төмен қалыптасқанын мәлімдеді. Олардың арасында аққұла Қазақстанның көрсеткіштері нашар. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, республикада 2024 жылдың басында инфляция былтырғыға қарағанда баяулады. Бірақ соның өзінде 2024 жылғы қаңтарда инфляция – 9,5%, ақпанда – 9,3% болды.
Мысалы, соғыс пен санкцияларға қатар ұрынған Ресейдің өзінде инфляция 7,4%-ды құраған.
"Елімізде инфляциялық процестер баяулады. Алайда инфляцияның тұрақты бөлігі керісінше жеделдей түсті. Жылдық инфляция баяулауын жалғастырды, бірақ ол әлі де мақсатты мәннен айтарлықтай жоғары. Инфляцияның өршуіне негізінен, қызметтердің қымбаттауы үлес қосып жатыр", – деп байлам жасады Ұлттық банк сарапшылары.
Олар республикада қымбатшылыққа не серпін беріп отырғанын жіліктей кетті. Біріншіден, отандық өндіріс шығындары төмендеуде. Шетелден тасылатын импорттық тауарлар бағаларының өсу қарқыны баяулады. Бұл елдегі бағаның қарқынды емес, қалыпты өсуіне ғана ықпал етеді.
Екіншіден, бұрынғы жылдары инфляцияны ілгері итермелеген "локомотивтер" екпінін жоғалтты. 2023 жылғы ақпаннан бері жалпы инфляцияға азық-түлік және азық-түлік емес компоненттердің үлесі біртіндеп төмендеу үстінде.
Сонда баға құнсыздануын алға қуалағаны не?
Ұлттық банк инфляцияға сервистік компонент қатты ықпал етіп отырғанын қаперге салды. 2023 жылғы қарашадан бастап, реттелетін коммуналдық қызметтер тарифтерінің өсуі, сондай-ақ нарықтық қызметтердің қымбаттауы артып келеді. Салдарынан, 2024 жылғы қаңтардан бері қызметтердің қымбаттауы азық-түлік инфляциясының (8,2%) үлесінен 3,4 пайыздық тармаққа асып кетіп, тұтынушылық инфляцияға негізгі үлес қосатын жаңа драйверге айналды.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстанда 2024 жылы реттелетін, яғни монополистер иелігіндегі коммуналдық қызметтер бағасының өсуі 20-25%-ға жетеді."Тарифті инвестицияға айырбастау" мембағдарламасы былтырғы қарашадан 2024 жылғы қаңтар аралығында тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің 20,5% өсуіне соқтырған.
"Электрмен, сумен жабдықтау, өнеркәсіптік сипаттағы қызметтер және мұнай өнімдерін өндірушілердің бағалары өткен жылдың басынан бері өсіп келеді. Сумен және электрмен жабдықтаушылар бағасының айтарлықтай өсуіне "Тарифті инвестицияға айырбастау" мемлекеттік бағдарламасын іске асырудың аясында жол берілді. 2023 жылы қабылданған "Тарифті инвестицияға айырбастау" бағдарламасы елдің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртуға және дамытуға жеке инвесторлардың қатысуын қарастырады. Бағдарлама шеңберінде ТКШ-ның реттелетін қызметтеріне тарифтерді арттыру көзделген", – деп мәлім етті Ұлттық банк.
Оның сарапшыларының түсіндіруінше, бұл бағдарлама инфрақұрылымды жақсартуға, негізгі қорларды жаңғыртуға, сала кәсіпорындарының қызмет тиімділігін арттыруға, ұсынылатын қызметтер сапасын көтеруге мүмкіндік бере алады.
Ол үшін тарифті жоғарылатудан түскен миллиардтар ары қарай талан-тараж болмай, нысаналы мақсатына, яғни осы аталған мақсаттарға бағытталуға тиіс.
Сондай-ақ қатты отын, автомобиль, электр құралдарының бағасы да өсіп жатқаны тіркелді.
Ұлттық банк халық арасында сұрау салып, пікірін білді. Азаматтар азық-түлік өнімдеріне, әсіресе, сүт пен ет өнімдеріне бағаның айтарлықтай өскеніне наразылығын білдіріпті.
Бұдан бөлек, 2024 жылдың қаңтарында жемістер мен көкөністердің, жұмыртқаның қатты қымбаттағанына, медициналық, тұрмыстық, жолаушылар көлігі қызметтері бағаларының көтерілгеніне шағымданғандар саны артты.
Керісінше, былтырдан бері нан және нан-тоқаш өнімдеріне бағаның өскенін атап өткен респонденттер саны азайды.
Қазақстандықтардың басым көпшілігі "Тарифті инвестицияға айырбастау" аясында ТКШ тарифтерінің өскеніне қарсы. Ұлттық банк 2024 жылғы қаңтарда тұрғын үй-коммуналдық қызметтердің, сондай-ақ интернет және ұялы байланыс қызметтерінің бағасының өскеніне назаланған респонденттердің саны тарихи ең жоғары деңгейге жеткенін мәлімдеді.