Ұлттық ғылым академиясындағы алапат тайталас немен аяқталды?

2730

Ғылыми қауымдастық Күнсұлу Закарьяның алдағы қадамдарын іштен тына күтіп отыр.

Ұлттық ғылым академиясындағы алапат тайталас немен аяқталды? Фото: aqorda.kz

Қаныш Сәтпаев, Дінмұхамед Қонаев, Шахмардан Есенов сияқты ұлт асылдарының үнінің жаңғырығы, аялы алақанының табы қалған Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы бертінде сол ұлылығын, ірілігін жоғалтып алды. Мүйізі қарағайдай академиктердің соңынан сөз ерді, олар бір-бірімен жаға жыртысып, ашық айтыс-тартысқа, бақталастық пен тайталасқа көшті. Академияның өне бойын жемқорлық жайлағаны туралы тіпті ғылым адамдары да ашық айта бастады.  

Ал осы аптада Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев тосыннан Ұлттық ғылым академиясының президенті Күнсұлу Закарьяны қабылдады. Ақорда таратқан жалғыз фотода Қасым-Жомарт Кемелұлы да, Закарья Дальтонқызы да күлімсіреп, кәдімгідей жадырап отыр. Соған қарап, қос тұлға да қазақстандық ғылымдағы зор жетістіктерге қуанып, ұлы істерге жұбанып отырғандай.

Шынында отандық ғылымға, соның ішінде ҰҒА-ға көлеңкесін түсірмесе, жарқын өң бермейтін күйзеліс байқалады. Салада қалыптасқан күрделі ахуал Ақордада қаншалықты салмақты талқыға салынғаны былайғы жұртқа беймәлім. Ресми ақпаратта бұған бір сөйлем арналған: "Сондай-ақ ғылым саласына қатысты өзекті мәселелер талқыланды".

Қалғаны биліктің қазақ ғылымына қандай ғаламат жағдай жасағаны туралы: Мемлекет басшысы отандық ғылымды дамыту үшін мемлекет қажетті жағдай жасап жатқанына назар аударды. Президент жанындағы Ғылым және технологиялар жөніндегі ұлттық кеңес жұмыс істейді. Зерттеу жұмыстарын қаржыландыру көлемі айтарлықтай артып, қаржыландыру тетіктері жетілдірілді. Бұл ретте Мемлекет басшысы қаржыландырылып жатқан ғылыми жобалардың өзекті әрі сұранысқа ие болуы, экономиканың нақты секторларында қолданылуы маңызды екенін атап өтті. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы ҰҒА президенті Күнсұлу Закарьяға талантты әрі жас ғалымдарды ғылыми ортаға тарту жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Яғни, осы тамаша жағдайда ғылымды дамытып, дүние жүзін жетістіктерімен тамсандыра алмаса, кінәрат ғалымдарда деген сөз.

Сонымен бірге академиядағы ахуал да түзелгені жөн. Әйтпесе, қарапайым адам түгіл, ғылым адамдары да, зерттеушілер де байыбына терең бара алмай отырған дағдарысты жағдай қалыптасты.

Мысалы, биылғы 12 сәуірде Ғылым күні мерекесімен академиктерді, мүше-корреспонденттерді, ҰҒА шетелдік және құрметті мүшелерін, профессорлар мен ғалымдарды Ұлттық ғылым академиясының президенті Марат Жұрынов құттықтады.

Алайда дәл сол күні, 2023 жылғы 12 сәуірде "Күнсұлу Дальтонқызы Закария ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті лауазымына тағайындалғаны" туралы Мемлекет басшысының өкімі жарияланды. Бұл жаңалық ғылыми ортада көпшілік үшін тосын жаңалық болды. Айтпақшы, академияның ресми сайтында әлі күнге дейін ҰҒА президенті ретінде М.Ж.Жұрынов көрсетілген.

Осының алдында ғана, наурызда ҰҒА басшысы ретінде Марат Жұрынов академиктерден сүйінші сұраған болатын. Президент Қ.Тоқаевтың қабылдауынан шыққан Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек ертесіне Алматыға арнайы сапарлап, Жұрыновпен кездесті. Сонда министр Тоқаевтың шешімімен Ұлттық ғылым академиясы бұдан былай қоғамдық ұйым болуын қойып, тікелей Президенттің жанындағы мемлекеттік ұйымға айналатынын жария етіпті.

"Бұл өте жоғары мәртебе және сенім!" – деп түсініктеме берген Мұрат Жұрынұлы өздері ұсынған бастамаларды Саясат Нұрбекұлының қызу қолдағанын жеткізді. Мысалы, ғылым министрі осы ұйымды классикалық академиялар үшін дәстүрлі форматқа көшіруді, соның ішінде ары қарай президентті, акадмиктерді және мүше-корреспонденттерді жалпы құрылтайда сайлау туралы ұсынысын құптапты.

Бірақ бастама жүзеге аспай қалған көрінеді: ізінше ел Президенті ҰҒА президентін өз өкімімен тағайындады. Яғни, ғалымдар ықтиярын білдіріп, бірнеше кандидат арасынан өз көшбасшысын таңдай алмады.

Мұрат Жұрынов Алматыдағы наурыз кездесуінде Саясат Нұрбектің тағы бір ұсынысты – ҰҒА мүше-корреспонденттеріне стипендия төлеуді және академия аппараты қызметкерлеріне жалақы беруді қолдағанын айтты.

ҰҒА президенті Мұрат Жұрынов 2023 жылғы 12 наурызда ғана еңбек демалысынан шыққан болатын. Тиісінше, "Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясын қоғамдық ұйымнан биік мәртебелі мемлекеттік ұйымға трансформациялау жөніндегі Тоқаевтың тапсырмасын орындауға" білек сыбана кірісіпті. Бірақ Мемлекет басшысы тура 1 айдан соң бұл міндетті басқа тұлғаға сеніп тапсыруға шешім қабылдағаны жария болды.

Сарапшылар биылғы Мәжіліс сайлауынан кейін (19 наурызда өтті) Мемлекет басшысы Ұлттық ғылым академиясын түбегейлі қайта құруға кірісетінін ағымдағы жылғы қаңтарда ашық айта бастады. Олар 2022 жылы 75 жылдығын атап өткен ҰҒА-ны химия ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Марат Жұрыновтың табан аудармай, 20 жыл басқарып келе жатқанына назар аудартты. Ол 2003 жылғы 30 қазанда конкурс бойынша баламалы негізде сайланды. Содан соң М.Жұрынов үш рет – 2008, 2013, 2018 жылдары сол лауазымына қайта сайланды. Сайлауларда ол Елбасы сияқты 95–97% дауыс жинап отырды.

Әрине, ұйымның жолын жетістіктен жетістікке жалғаса, барлық ғалымның ақ алғысын алса, ұзақ басқару қылмыс емес, құрмет болса керек.

Алдымен ҰҒА-да ғалымдардан гөрі, кілең ығай мен сығай толып отырғанын "Ася Асеткина" шығармашылық атымен белгілі журналист Айсұлу Әбубәкірова мәселе етіп көтерген болатын.

Артынша сондай проблема барын әлеуметтік желідегі парақшасы арқылы физика-математика ғылымдарының докторы, белгілі ғалым Қазбек Бақтыбеков те қаперге салды.

"Ғалым адам ғұмырын ғылымға, ғылыми идеяны дамытуға арнайды. Ал Қазақстанда ғылым бар ма? Біздің ҰҒА академиктерінің, мүше-корреспондентерінің, құрметті мүшелерінің тізіміне қараңыз. Егер құрамы кілең жоғары лауазымды шенеуніктерден, басқарушыларынан, олигархтардан тұрса, қазақстандық ғылым қалайша әлемдік ғылымға үлес қоса алады? Бұлар кімдер және ғылымға нендей үлес қосты? Оларды академик сайлаған кімдер? Олар бізге, салық төлеушілерге масыл болып отыр. Үкіметтің 2022 жылғы 30 қарашадағы қаулысына сәйкес, оларға 60 АЕК не биылғы шамада 207 мың теңге стипендия өмір бойы төленеді. Біз өз саласында ірі жаңалық ашып, елге еңбек сіңірген, қазақ атын әлемге танытқан ғалымдарымыздың осы арқылы күтімін жасауға дайынбыз. Бірақ онсыз да бай билік өкілдерін, академиксымақтарды, олардың туыстары мен балаларын неге өз қалтамыздан асырауға тиіспіз?", – деп сауал қойды Қазбек Бақтыбеков.

Ол академиктердің және басқаларының тізімін қайта қарауды, оларды сайлаудың ашық, айқын рәсімдерін түзуді ұсынды.

ҰҒА-ның биыл қайта құрылымданатынын жыл басында болжай алған "Нур-соловей" тelegram-арнасы анонимді дереккөздеріне жүгініп, "академиядағы былықтар" туралы жазды.

"Өткен жылы Мемлекет басшысының ұсынуымен Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік қаржыландыру қайтарылды. Сонымен бірге ол кезде ұйымды қайта құрылымдаудың қамы жасалмады. Салдарынан, бір жыл бойы ҰҒА қаптаған бюджеттік стипендияларына, аты бар, заты жоқ "лабораториялары" мен "жобалау бюроларына" мемлекеттік қаражат алды. Ел қаржысын жұмсау бұған дейін ғылым мен жоғарғы білім саласында қаражаттарды ондаған жылдар бойы талан-тараж етіп келген тұлғаларға сеніп тапсырылды. ҰҒА былтырғы шығыстарын талдау көрсеткендей, бұл құрылым өте тиімсіз. Бұл ретте Жұрынов пен оның серіктері дотациялардың ұдайы артуын және жеке, дербес привилегиялар берілуін талап етті", – деп жазады телеграм-арна.

Онда сонымен бірге ҰҒА-ны "коррупция мен трайбализм" жайлағаны, "академияда нағыз ғалымдар сирек қалғаны", соның кесірінен ұйым халықаралық ғылыми және академиялық қоғамдастықта беделінен жұрдай болғаны айтылады.

"Мысалы, ҰҒА журналы мақалаларды ақылы басады, ал бұл әлемдік ғылыми орта үшін теңдессіз жайт саналады. Бұған қоса, академия өзі басатын жарияланымдарды және диссертацияларды плагиатқа міндетті тексерудің басты қарсыласы болып отыр. Мұның себебі, ҰҒА акадмиктері мен мүше-корреспонденттерінің көбі биліктің немесе ірі бизнестің өкілі болып табылады. Олар ғылыммен ешқашан айналысқан емес. Тиісінше олардың ғылыми атақтары мен дәрежелері ешқандай ғылыми еңбекпен бекітілмеген және академиядағы жемқорлықтың арқасында ғана алынған", – дей келе Nursolovej телеграм-арнасы ары қарай қандай қазақстандық лауазымды тұлғалар мен олардың туыстары академик және мүше-корреспондент атанып алғанын термеледі.

Ұлттық ғылым академиясы аталған телеграм-арнаның және басқа да спикерлердің сынына жауап беріп, айыпты жоққа шығарды. ҰҒА өзінің жоғарғы халықаралық авторитетін былтыр ұйымдастырылған академияның 75 жылдығы дәлелдеді деп отыр: мерейтойлық сессияға 7 елдің ұлттық ғылым академияларының басшылары мен жетекші ғалымдары жиналыпты. Бұдан бөлек, әлемдегі ірі ұлттық ғылым академияларының альянсы – ANSO Орталық Азиядағы өңірлік орталығын басқасында емес, Алматыда ашқаны да Қазақстанның ҰҒА-сының беделін паш ететін көрінеді.

ҰҒА мәлімдемесіне сенсек, академия бір жылда мемлекеттік бюджеттен 58 миллион теңге алыпты. Бұл Ғылым жөніндегі ұлттық баяндаманы әзірлеп, басуға жұмсалады екен. Соның ішінде ҰҒА төралқасы аппаратының 14 қызметкеріне жалақы төленеді, әлемдегі 73 елге тарайтын 5 "жоғары рейтингті академиялық журнал" қаржыландырылады.  

Өз кезегінде Марат Жұрынов дауға себеп болған "жер теліміне қатысты мәселелер – жалған, оның заңдылығын меморгандар тексерді, тиісті құжаттары бар" деп отыр.

Экс-президент әлеуметтік желілер мен телеграм-арналардағы өзіне қарсы сыни жарияланымдарды "өзін құбыжық сияқты қылып көрсеткісі келген "заказ" жазбалар" деп атады.  

"Адамның ар-намысына тиетін, тапсырыспен жазылған, фактілері өтірік мақалаға халық сеніп қалса біздің қандай ел болғанымыз?! Сексеннен асқан, қария жасына жеткен ақсақал ретінде менің атыма мұндай сөздер айту өте орынсыз деп білемін. Біздің халқымызда "қарты бар елдің қазынасы бар" деген мақал бар еді ғой. Демек, қазыналы қарттарымызды сыйлау, құрметтеу орнына, бүкіл ғұмырын білім мен ғылымға арнаған академиктің жағасынан алып, "тисе – терекке, тимесе – бұтаққа" деп орынсыз қаралау ешбір адами қисынға жатпайды. Мұндай хатта елді арандату, мәселенің мәнісіне бармаған кейбір жұртты азғыру фактілері де ұшырасады. Тіпті рушылдық, жершілдік, халықты жікке бөлу секілді арандатушылық әрекеттер екені жиіркеніш тудырады. Осының бәрі түптеп келгенде 1-2 ар-ұяттан безген адамдардың белгілі бір мақсатпен жасап отырған қисынсыз қылықтары", – деді Мұрат Жұрынов.

Ал Ғылым және жоғарғы білім министрлігі ғалымдарымыз бен олардың академиясының ісіне "қарны ашатынын" жасырмады.

"Әлемнің барлық индустриялық дамушы елдерінде ғылым – ғылыми-инновациялық-индустриялық дамудың бастауында тұрады. Ұлттық академиялар біздегідей формалды емес, шын мәнінде ғылыми күштерді, ғылыми философияны, академиялық ойды шоғырландыруда белсенді рөл атқарады. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы болса, инновациялық-индустриалдық даму процесінен шеттеп қалған. Елімізде ғылым әлеуметтік, экономикалық өркендеудің, қоғамды модернизациялаудың драйвері, негізгі факторы ретінде қарастырылмайды", – деген түсініктеме берді ғылым министрлігі.

Қалай болғанда, билік ҰҒА басшылығын ауыстырды және академияны қайта құрылымдауға кірісті. Екі жыл бойы пандемиямен күреске үлес қосқан, бірақ коронавирусқа қарсы вакцинасын ДДСҰ сол бойы мақұлдамаған Күнсұлу Закарьяның енді академияны дерттен арылту үшін қандай "вакцинасы" бары әзірге белгісіз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу