Ұлттық холдингтер бюджетке масыл болып отыр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
9609

Квазимемлекеттік компанияларды қысқарту керек.      

Ұлттық холдингтер бюджетке масыл болып отыр

Ұлттық компаниялар мен холдингтердің тиімділігіне талдау жасаған жөн.  Саны көп, сапасы  жоқ мемлекеттік компанияларды қысқарту қажет. Бір жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет пен есеп комитетіне осындай тапсырма берді.

"Бүгін мен экономика саласында жаңа мемлекеттік компания құруға мораторий жариялаймын!" – деді Қазақстан басшысы ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында.

Қасым-Жомарт Тоқаев бұл мәселеге Қазақстан халқына жолдаған жолдауында да тоқталды.

"Мемлекеттік компаниялар ірі конгломераттарға айналды. Бірақ олардың халықаралық бәсекеге қабілеттілігі күмән тудырады. Біз ұлттық әл-ауқат қоры құрылған 14 жыл ішінде халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты қандай үлес қосқанын білуіміз керек. Квазимемлекеттік компаниялар көп жағдайда өзара бәсекеге түседі. Мемлекеттік компаниялардың санын қысқартуға болады және солай ету керек. Бірақ стратегиялық секторларда жұмыс істейтін мемлекеттік компаниялардың қызметіне мұқият болған жөн. Ондай компаниялар мемлекеттің бақылауында болуға тиіс. Әйтпесе мемлекеттік монополистердің орнына жеке монополистер пайда болып, салдарынан зардап шегуіміз мүмкін", – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пәрменінен соң есеп комитеті "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "ҚазАгро" және "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингтерін тексеріп, бірқатар кемшілікті анықтады. Есеп комитетінің төрағасы Наталья Годунова Қасым-Жомарт Тоқаевқа берген есебінде холдингтер мен ұлттық компаниялар мемлекеттік ресурстарды тиімсіз пайдаланғанын, мемлекеттік сатып алуды ашық жүргізбегенін, республикалық бюджетке қол жаюды әдетке айналдырып алғанын айтты.

"2007 жылдан бастап 2019 жылға дейін холдингтерге ұлттық ресурстардың есебінен 7,5 трлн теңге берілген. Бұл – ел бюджетінің 7 еселенген көлеміне тең. Холдингтердің бұл қаражатты жалпыұлттық мақсатқа жұмсауына мониторинг жүргізілмейді. Бұл жерде квазимемлекеттік субъектілердің әрқайсының рөлін айқындау керек. Мемлекеттік қолдауға ие болуға тиіс қарапайым кәсіпкер жоғарылатылған мөлшерлемемен несие алуға мәжбүр болмауы керек", – деді Наталья Годунова.

Ұлттық экономика министрлігінің былтырғы мәліметінше, елімізде 3 ұлттық басқарушы холдинг, 1 ұлттық холдинг, 19 ұлттық компания бар. Олардың құрамындағы 500 еншілес ұйымда 300 мыңнан астам адам жұмыс істейді.

"Зерде" ұлттық инфокоммуникация холдингі 2008 жылы құрылды. "Ұлттық ақпараттық технологиялар" АҚ, "Қазтелерадио" АҚ, Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркі ұлттық холдингтің еншілес ұйымы саналады.

"Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры да 2008 жылы пайда болды. Ол коммерциялық құрылым – инвестициялық холдинг болып есептеледі. Қорға ұлттық экономиканы жаңғырту міндеті жүктелген. Оның 12 еншілес компаниясы бар.

7 еншілес ұйымның басын біріктіріп отырған "ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі 2006 жылы құрылған. Холдинг агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігі мен экспорттық әлеуетті арттыруға, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тиіс. Бұл – еліміздегі атышулы холдинг. Себебі ол пайдаға емес, шығынға жұмыс істейді.

2013 жылы дүниеге келген "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі 11 еншілес компанияны басқарып отыр. Олар халықты қолжетімді баспанамен қамтумен, шағын және орта бизнесті дамытумен, ірі бизнесті қолдаумен, отандық экспортерларды ілгерілетумен, инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырумен сонымен қатар инвестиция тартумен айналысады. Қазір холдинг сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен алысып жатыр. Агенттік холдингтен 197 млн теңге бюджет қаражаты жымқырылды деп отыр.

Былтыр "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингі әкімшілік шығысқа

54 млрд теңге жұмсаған. Қомақты қаржының 24 млрд теңгесі қызметкерлерге жалақы ретінде берілген.

Еліміздегі 19 ұлттық компанияның ішінде "ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ- 40 еншілес компаниясымен көш бастап тұр. "ҚазАтомӨндіріс" ҰАК" АҚ - 33, "Қазгеология" - 29 , "Қазақстан инжиниринг" - 23 еншілес компанияны билеп, төстеп отыр. "Тау-Кен Самұрық" ұлттық тау-кен компаниясы" АҚ -15, "Қазақтелеком" АҚ - 8, "Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" АҚ - 3, KEGOC  ұлттық электр торабын басқару компаниясы - 2 еншілес ұйымды басқарады.

KAZAKH INVEST ұлттық компаниясының АҚШ, Германия, Түркия, Франции, Ұлыбритания, БАӘ елдерінде, Kazakh Export АҚ экспорттық сақтандыру компаниясының Ресей мен Қытайда, ал "Азық-түлік келісімшарт корпорациясының" ҚХР-да өкілдігі бар.

Экономист Айдар Әлібаевтың сөзінше, "Самұрық Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры мен "ҚазАгро" және "Бәйтерек" ұлттық басқарушы холдингтерін тарату керек. Себебі олар өздеріне жүктелген міндетті атқарған жоқ және атқара да алмайды. Экономист Қайырбек Арыстанбеков те осындай ойда.

"Даму институттарын қысқарту қажет. Ұлттық холдингтерден ешқандай пайда көріп отырған жоқпыз. Олар бюджеттен алған ақшаны оңды-солды шашумен ғана айналысып жүр", – деді сарапшы.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу