Ұлттық қор, заңсыз активтерді қайтару, экономика: бір жылда не өзгерді

1045

2022 жылы 20 қарашада елімізде кезектен тыс президент сайлауы өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев Конституцияға енгізілген өзгертулер бойынша 7 жылдық бір мерзімге сайланған болатын. 

Ұлттық қор, заңсыз активтерді қайтару, экономика: бір жылда не өзгерді Фото: aqorda.kz

Республиканың басты саяси додасына бүкіл сайлаушылардың 69 пайызы немесе 8 млн 300 мың 46 адам белсенді қатысып, таңдау жасады.

Былтыр 1 қыркүйекте "Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам" атты Қазақстан халқына Жолдауын арнаған Мемлекет басшысы сол жылдың күзінде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынған болатын.

"Биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ, қайта сайлануға тыйым салынады", — деген еді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Президенттің Сайлауалды тұғырнамасын іске асырудың бірінші жылында қол жеткізілген нақты нәтижелер туралы inbusiness.kz тілшісі шолу жасады.

САЯСИ ИНСТИТУТТАРДЫ ҚАЙТА ЖАҢҒЫРТУ

Жолдау барысында Мемлекет басшысы барлық деңгейдегі депутаттарды – Парламент Сенаты депутаттарын, Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарын, сондай-ақ тікелей сайлау тетігі арқылы әкімдерді сайлау арқылы мемлекеттік институттардың толық жаңаруын жариялады.

Парламент Сенатының депутаттарын сайлау 2023 жылғы 14 қаңтарда өтті. Орталық сайлау комиссиясының қорытындысы бойынша барлық деңгейдегі мәслихаттардағы 3 167 депутаттың 55-і сайлау бюллетеньдеріне енгізілді. Оның ішінде 20 кандидат 50 пайыздан астам дауыс жинап, өз аймағының атынан Парламент Сенатына өтті.

Одан кейін Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтті. Бұл ретте Парламент Мәжілісіне, сондай-ақ мәслихаттарға сайлау жаңа аралас пропорционалды-мажоритарлық жүйе бойынша өтті, онда депутаттардың 70%-ы (69 мүшесі) партиялық тізімдер бойынша саяси партиялардан, 30%-ы, 29 депутат бір мандатты аумақтық округтерден сайланады.

2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясында Президент таяу болашақта бүкіл ел бойынша әкімдерді тікелей сайлауға толық көшетінін мәлімдеді.

"Бұл өте маңызды жұмыс. Биыл алғаш рет 45 аудан мен облыстық маңызы бар қала әкімдерінің тікелей сайлауы өтеді. Одан кейін республика бойынша аудан әкімдерін сайлауға көшеміз. Нәтижесінде, барлық мемлекеттік институттар жаңаша жұмыс істей бастайды", – деп қосты Мемлекет басшысы.

Сол жылы 13 тамызда 7 өңірде 17 ауыл әкімі сайланды. 20 тамызда 3 өңірде тағы 21 ауыл әкімін сайлау өтті. Барлығы 2023 жылдың соңына дейін 199 ауылдық елді мекенде сайлау өтеді.

Қазақстандық саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың пікірінше, Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында жариялаған өзгерістердің барлығы елдің саяси жүйесін қайта жаңғыртуға және оны Қазақстан халқының жаңа шындықтары мен талаптарына бейімдеуге мүмкіндік берді.

"Жүргізілген реформалардың нәтижесінде теңгерімді саяси жүйеге қол жеткізілді, билікті монополиясыздандырудың символы ретінде бір реттік президенттік билік енгізілді, ескі саяси-құқықтық институттар жаңғыртылды, жаңа саяси-құқықтық институттар құрылды. Сайлау науқаны кезінде либералдандырылған заңнама бойынша жаңа партиялар пайда болды, ал мәслихаттар мен Мәжіліс жаңа аралас үлгі бойынша сайланды. Жаңа өңірлер пайда болды, бірқатар аудандар бөлшектелді, әкімдер мен министрлер мен халық арасында өзін жақсы жағынан көрсеткен жүйелі диалог үлгісі енгізілді", – деп атап өтті Данияр Әшімбаев Telegram-арнасында.

ЭКОНОМИКА

2022 жылғы қыркүйектегі Жолдауында Мемлекет басшысы Қазақстанның мұнай мен газ экспортына тәуелділігін азайту және одан да күшті және тұрақты экономика құруға көмектесу қажеттігін қуаттады.

Соның нәтижесінде биыл Үкімет шетелдік инвестицияны тарту, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау, инновацияны дамыту шараларын қолға алды. Алайда, санкциялық конфронтациядан туындаған сыртқы экономикалық күйзелістерге қоса, елде биылғы жылы өзін-өзі сезіндірген ішкі мәселелер де жинақталды. Қазақстанның жылу электр станцияларындағы бірқатар ірі апаттар 2023 жылдың қысында бірнеше облыс тұрғындарын жылусыз қалдырды. Соның ең ірісі Екібастұздағы жылу электр орталығындағы апат болды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Қазақстан экономикасы биыл 4,7 пайызға өскенін хабарлады. Нақты секторда оң динамика 3,7%-ды, қызмет көрсету саласында – 5,1%-ды құрады. Өнеркәсіп салаларының ішінде ең жоғары өсім құрылыста – 12,6%-ға, саудада – 10%-ға, ақпарат және байланыста – 8,4%-ға артқаны байқалды.

ЖАҢА ТАРИФ

Мемлекет басшысы Қазақстан еліндегі коммуналдық кәсіпорындардың тозығы жеткенін сынға алды.

"Елдегі электр желілерінің үштен екісі, жылу желілерінің 57 пайызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозған. Бұл цифрлар өз алдына", – деп атап өтті Мемлекет басшысы Үкіметке желілер мен қуаттардың тозуын кем дегенде 15 пайызға азайтуды тапсырды.

Мемлекет басшысы жүзеге асыруды тапсырған "Инвестицияға айырбас тарифі" жаңа тарифтік саясаты 2029 жылға қарай желінің тозуын 20%-ға қысқарту арқылы осы саладағы шараларды ілгерілетуге арналған. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, бағдарлама 2023-2029 жылдарға арналған 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға 3 триллион теңгеге жуық инвестиция тартуды жоспарлап отыр.

ҚАРАПАЙЫМ САЛЫҚ КОДЕКСІ

Жолдауда айтылған міндеттердің бірі де ашық және болжамды салық саясатын қамтамасыз ету болды. Қазір Үкімет пен Парламент Салық кодексінің жаңа тұжырымдамасын әзірлеуде. Тұжырымдаманың жаңалықтары қатарында серіктестікке қайта бағдарланған және цифрлық бастамалар арқылы бизнес шығындарын азайтуға бағытталған салықтық әкімшілендіру, ҚҚС қайтару жүйесі, салық төлеуден жалтару тәуекелдерін азайту, заңнаманы оңайлату, салық төлеушілер үшін қиындықтарды болдырмауды ескере отырып, салық ставкаларын саралау бар. Сондай-ақ арнайы салық режимдерін қайта қарау және оңтайландыру бар.

Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаментінің мәліметінше, жаңа тәсілдер салық төлеушінің қызметін жеңілдетуге бағытталған. Жаңа Салық кодексі қазіргіден салық төлеудің оңайлатылған жүйесімен, болжамдылығымен және пайдаланудың қарапайымдылығымен ерекшеленеді.

ЗАҢСЫЗ ҚАРЖЫНЫ ҚАЙТАРУ

Заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылдың соңында Үкіметке қойған негізгі міндеттерінің бірі болды. Биыл шілдеде Президент "Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтару туралы" заңға қол қойды. Заңның тетіктері негізгі сыбайлас жемқорлық субъектілеріне және әкімшілік және билік ресурстарына ие тұлғалармен біріккен олигополистік топтарға қолданылатын болады. Президент жемқор шенеуніктерден тәркіленген дүние-мүліктерді елде тапшы мектептердің құрылысына жұмсауды тапсырды. Қазақстан үкіметінің мәліметінше, жемқорлардан тәркіленген қаржы 72 жаңа мектеп салуға жұмсалмақ.

Бүгінгі таңда Білім беру инфрақұрылымын қолдау қорына 121,7 млрд 106,7 млрд теңгенің 72 жобасы қолдау тапты, оның ішінде 85 мың оқушыға арналған 69 мектеп құрылысын аяқтауға 94,1 млрд теңге, жаңа үш нысанның құрылысына 12,6 млрд теңге.

12 мамырда Бас прокурор Берік Асылов "бүгінгі күні 760 миллиард теңгеден астам активтер қайтарылды, оның 264 миллиард теңгесі шетелдік юрисдикциялардан" деп хабарлады.

Ведомствоның мәліметінше, бұл мүліктің бір бөлігі экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың жиені Қайрат Сатыбалдыұлына тиесілі болған. Асылов Лихтенштейн, Австрия, БАӘ және Гонконг активтерінің қайтарылғанын да хабарлады. Сондай-ақ, Қаржы министрлігі қаржы-өндірістік топтардың кәсіпорындарынан 100 миллиард теңгеден астам салық жинады.

"ҰЛТТЫҚ ҚОР – БАЛАЛАРҒА"

Жуырда Мемлекет басшысы "Ұлттық қор – балаларға" жобасын 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу үшін заңнамалық түзетулерге қол қойды. Оның аясында Ұлттық қордың инвестициялық табысының 50%-ы 18 жасқа дейінгі барлық бала арасында бөлінетін болады. Бала қаражатты кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім алуға немесе баспана сатып алуға пайдалана алады.

ЕҢ ТӨМЕНГІ ЖАЛАҚЫ

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 60 мың теңгеден 70 мың теңгеге дейін көбейді. Осының арқасында әртүрлі меншік нысандарындағы кәсіпорындарда барлық сала бойынша жұмыс істейтін шамамен 1,8 млн жалдамалы қызметкердің табысы өсті.

Сонымен қатар бала күтімі бойынша мемлекеттік жәрдемақы мен әлеуметтік төлем беру мерзімі 1 жылдан 1,5 жылға дейін ұзартылды. Осы жылдың 1 қарашасындағы жағдай бойынша шамамен 632 мың ата-ана 258 млрд теңгеден астам сомаға төлем алды.

ОТБАСЫНЫҢ ЦИФРЛЫҚ КАРТАСЫ

Цифрлық карта мемлекеттік органдардың қолданыстағы барлық ақпараттық жүйесіндегі деректер негізінде қалыптасады. Бүгінгі таңда онда 6 млн-нан астам отбасы туралы мәлімет жинақталған.

Отбасының цифрлық картасы қандай да бір өтініштерсіз жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдердің 10 түрін рәсімдеуге мүмкіндік береді:

  • еңбекке қабілеттілігін жоғалту жағдайы бойынша әлеуметтік төлем;
  • жұмысынан айырылу бойынша әлеуметтік төлем;
    асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлемдер немесе жәрдемақы;
  • мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған ата-анаға (қамқоршыға) жәрдемақы;
  • мүгедектігі бойынша жәрдемақы;
  • көп балалы отбасыларға берілетін жәрдемақы;
  • "Алтын алқа" және "Күміс алқа" алқаларымен марапатталған көп балалы аналарға жәрдемақы;
  • атаулы әлеуметтік көмек;
  • жерлеуге берілетін бір реттік төлем.

ОЦК арқылы зейнетақы төлемдерiн алу мүмкiндiгi, тағайындалған/ұзартылған "қандас" мәртебесi мерзiмiнің аяқталуы және жұмыссыз тұлғаларды жұмыспен қамту шаралары туралы автоматты хабарламалар жасалады.

Айта кетелік, елімізде дәрігерлердің, мұғалімдердің, бюджеттік саланың басқа да қызметкерлері мен өндіріс қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыруды көздейтін 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын іске асыру жалғасуда.

Көптеген сарапшылар айтып өткендей, ел Президенті биылғы Жолдауында мемлекеттің жаңа экономикалық моделін ұсынып, іс жүзінде Қазақстанның толықтай трансформациясын жалғастырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу