Ұлттық палата "Мықты тылдың" "бірыңғай терезесіне" айналмақ

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2323

Қазақстандық бизнес үш топқа жаңаша жіктеліп, бөлінетін болды.

Ұлттық палата "Мықты тылдың" "бірыңғай терезесіне" айналмақ

Бұл жаңалық үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев бекіткен Қазақстанды индустриялық-инновациялық дамытудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, өмірге жолдама алғалы тұр.

Осы орайда ел үкіметі Қазақстанға "үздіксіз технологиялық артта қалушылық" қаупі төнгенін айтып, дабыл қағуда. Өйткені "еліміздің экспорттық қоржыны шектелген әрі "күрделілік" деңгейі жеткіліксіз" көрінеді. Нақтырақ айтқанда, мемлекетіміз экспортқа шығаратын тауарлардың аталым-номенклатурасы шектеулі, оның үстіне өзге баламаларынан артықшылықтары да аз екен.

"Экспорттың көп бөлігі металлургия және мұнай өнімдеріне келеді, ал олар төмен және орташа технологиялық секторға жатады. Қазақстанның технологиялық күрделілік деңгейі Қытай, Ресей және Беларусияға қарағанда едәуір төмен", – делінген үкіметтік құжатта.

Қазақстанның технологиялық дамудағы басқа да "осал тұстары" мен жөнсіздіктері анықталып отыр. Мәселен, соның бірі ретінде отандық кәсіпорындардың көрші Қытай мен Ресей компаниялары тарапынан қатаң қысым көріп, құлашын кең жаза алмай отырғаны аталды.

"Екі ірі көршінің нарықтары Қазақстанмен салыстырғанда, анағұрлым дамыған және күрделі өндірістік жүйелерге ие. Сонымен қатар, аталған елдер импорттың өздеріне дендеп енуіне тарифтік емес тосқауылдар түзіп, кедергілер жасайды. Еліміздің Ресеймен бір экономикалық одақта болуына қарамастан, отандық өндірушілер Ресейде сол бұрынғыдай әкімшілік және тарифтік емес тосқауылдарға негізделген жосықсыз, адал емес бәсекенің талап-шарттарына тап болуда. Ал Қытай нарығында тарихи қалыптасқан, ішкі нарыққа кіргізудің арнайы шараларымен байланысты жоғарғы ену кедергілері бар", – деп байлам түйеді үкімет.

Сонымен бір мезгілде Қазақстанның ішкі нарығына осы екі елдің өндірушілері баса-көктеп, еркін енуде. Салдарынан, елімізде әсіресе, "өңдеу өнеркәсібі өнімдеріне деген ішкі сұраныстың өсімі негізінен импорт есебінен қанағаттандырылады" және отандық кәсіпорындар өз жерінде "Ресей мен Қытай өндірушілері тарапынан қуатты бәсекелестікке кездесуде".

Еліміздің әлсіз тұстары ретінде сондай-ақ "негізгі цифрлық инфрақұрылымның орташа деңгейде" қалуы, "кәсіпорындардың цифрлық дәуірге дайындығының төмендігі" және орта кәсіпорындардың цифрлық шешімдерді енгізуге ынталанбайтыны аталды. Осының барлығы отандық өнеркәсіптің цифрлық трансформациялануына бөгет болып отырған көрінеді.

Сарапшылардың байламынша, цифрлық жүйе дәуірі технологияларының барлық артықшылықтарын пайдалану үшін мемлекеттің цифрлық инфрақұрылымы жоғарғы деңгейде дамуы шарт. Бұл тұрғыдан алғанда, Қазақстан дамудың тек орташа деңгейі бар елдер тобына ғана жатады. Яғни, жаңа заманға сай ілгерілеуге бет бұрмаса, технологиялық дамуы жоғары алпауыт көршілердің кәсіпорындары өз нарығымызда отандық кәсіпорындардың күл-талқанын шығаруы ықтимал. 

Ресми мәлімет бойынша, қазақстандық кәсіпорындар ақпараттық-коммуникациялық технологияларды тым аз пайдаланады, әлсіз ақпараттандырылған және цифрлы технологиялық шешімдерді енгізу үшін қажетті кадрлық әлеуеті жоқ.

Еліміздің индустрияландыруға кіріскеніне он жылға жуық уақыт өтті. Егер бұлай бара берсе, республика шынында да жаһандық технологиялық көштің жұртында қалуы ғажап емес. Сондықтан үкіметтің шешімімен енді бұл саланы кең ауқымды жаңғырту басталады.  

Атап айтқанда, отандық бизнес субъектілері үш топқа бөлінетін болады және олардың әрқайсысы бойынша жеке-жеке мемлекеттік қолдау шаралары, іріктеудің төл критерийлері белгіленбек.

Сонымен, үкіметтің дерегінше, бірінші топ – "Табысты экспорттаушылар" деп аталады.

Осы топтың кәсіпорындары "Жаңа қазақстандық тауарларды сыртқы нарыққа шығару" атты міндеті орындауға жұмылдырылады және соған лайық қуатты дамытылады.

Бірақ бұл топқа есімі тек ел ішінде ғана емес, шетелде де беделді компаниялар ғана кіре алмақ. Ол қатардан орын алуы үшін бизнес субъектісі бірнеше нақты талапқа жауап беруге тиіс. Біріншіден, өңдеу өнеркәсібі тауарларын нақты шығаратын өндірісі болуы міндет. Екіншіден, ол мемлекеттік кәсіпорын болмауы, тіпті капиталында бір пайыз да мемлекеттік үлес болмауы шарт. Үшіншіден, ұдайы түрде шетелдік нарықтарға өткізетін тауарларының RCA (анықталған салыстырмалы артықшылықтардың көрсеткішіне) сәйкес, өз баламаларынан айқын артықшылықтары болуға тиісті.

Екінші топ – "Мықты тыл" деген көркем атау алып отыр. Бұл топтың кәсіпорындары "Индустрияландыруды тереңдету" атты міндетті орындауға тартылады. Топқа қосылып, оны аясында ұсынылатын игіліктердің жемісін тату үшін бизнес субъектісінен біріншіден, сөз жүзінде емес, іс жүзінде өнім жасайтын нақты өндірісінің болуы, екіншіден, меншік капиталына мемлекеттік қатысудың болмауы, үшіншіден, шығаратын тауары Басымдықты тауарлар мен қызметтердің бірыңғай картасына (БТҚБК) сәйкес келуі талап етіледі.

Отандық бизнестің үшінші тобына – "Ауырлық орталықтары" деп ат қойылып, айдар тағылады. Осы топтың кәсіпорындарын дамыту "Базалық салаларды нығайту" атты міндетті орындау үшін қажет екен.

Оған "өнімділігін арттыру, технологиялық қайта жарақтандыру және экологиялық параметрлерін жақсарту бойынша жобаларды жүзеге асыратын базалық салалардағы жүйе құраушы, қала қалыптастырушы компаниялар, зауыт-кәсіпорындар, сондай-ақ жаңа әрі ірі капитал салынған жобалар, соның ішінде трансұлттық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар, тікелей шетелдік инвестициялардың ірі көлемде қатысуымен іске асырылатын жобалар жатады.

Аталған үш топқа ене алған компаниялар енді нысаналы түрде мемлекеттен жүйелі қолдау көре бастайды. Мәселен, инвестициялық климатты жақсарту, экспортты қолдау, шетелдік инвестицияларды тарту бағыттарындағы бағдарламалардың қызығына бірінші кезекте қол жеткізеді, ел үкіметі оларға үлкен көлемде босатылатын жұмыс күшіне қатысты проблемаларын шешуде көмекке келмек.

Мемлекет бұл компаниялар үшін өндірістік және цифрлық инфрақұрылымды, мамандандырылған сапалы адами капиталды, инновациялар мен компетенциялар орталықтарын, сынау және сертификаттау инфрақұрылымын, сату, өнеркәсіптік кеңес-консалтинг, инжиниринг жүйелерін түзеді. Олардың сыртқы нарықтарға жүйелі түрде қол жеткізуін қамтамасыз етуге күш салынады.

Белгілі болғанындай, жаппай кәсіпкерлікті қолдаудың қалыптасқан институты ретінде "Атамекен" кәсіпкерлер палатасы "Мықты тыл" тобын сүйемелдеу және қолдаудың "бірыңғай терезесіне" айналмақ.

Ұлттық палатаға кәсіпорындардың осы тобын қолдауға қатысты критерийлер мен талаптарды түзу жүктеледі.

"Атамекен" жергілікті атқарушы органдармен тізе қоса отырып, өзінің аймақтық өкілдіктері арқылы кәсіпорындарға тікелей қолдау көрсететін болады. Ал "Даму" кәсіпкерлікті дамыту қоры осы қолдаудың шешуші институты – "қаржылай қолдау құралдарының операторы" ретінде таңдалды.

Әлгінде айтылғандай, әр топқа әрқалай көмек ұсынылады. Бұл ретте тікелей қолдаудың ең жоғарғы шегі, межесі бекітіледі. Нақтырақ айтсақ, отандық кәсіпорындардың "Табысты экспорттаушылар" атты бірінші тобындағылардың әрқайсысы мемлекеттен 10 миллиард теңге көлемінде тікелей қолдау сұрай алады.

"Мықты тыл" екінші тобындағы бизнесмендер 2 млрд теңге көлемінде тікелей қолдаудан үміттенуге мүмкіндігі бар.

Ал "Ауырлық орталықтары" саналатын кәсіпорындарды қаржыландыру республикалық бюджеттің қаражатының шығыстарынан тыс жүзеге асырылады.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу