Бизнес өз күн тәртібін билікке мойындатты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2524

Жолдауға сәйкес бизнеске бағытталатын жүздеген миллиард қаражатты нақты қандай жобалар алатыны биыл белгілі болмақ.

Бизнес өз күн тәртібін билікке мойындатты Фото: atameken.kz

Бұл туралы бүгін үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың және "Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаевтың қатысуымен өткен "Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасы төралқасының кеңейтілген отырысында айтылды.

Елбасы биылғы жолдауында бизнесмендердің ел экономикасы үшін басымдықты жобаларына қолжетімді несие беру үшін Ұлттық банкке кемінде 600 миллиард теңге көлемінде ұзақ мерзімге қаржы бөлуді тапсырған болатын. Бұған қоса, үкіметке өңдеу өнеркәсібі мен шикізаттық емес экспортты қолдау мақсатында алдағы 3 жылда қосымша 500 миллиард теңге бөлуді жүктеді.  

"Біз "Атамекенмен" бірлесе отырып, бұл қаражаттарды бөлудің барлық тетіктерін пысықтап шықтық. Қандай тауарлық аталымдарға берілетіні де анықталды. Тиісті "жол картасын" да құрдық. Сондай-ақ бұл іске дәл қандай банктер тартылатыны белгіленді. Қажетті құралдарға қатысты мәселелері шешілді. Енді алдағы жылда осының бәрін жүзеге асыруға кірісіп кетеміз. Бұл ретте Тимур Асқарұлы, біз тізе қоса отырып, биылғы жыл соңына дейін, яғни бір айға жетпес уақыт ішінде осы миллиардтар нақты қандай салалар мен жобаларға бөлінетінін пысықтап алуымыз керек. Содан кейін қаржыландыру басталады", – деді отырыста премьер Бақытжан Сағынтаев.

Ол осынша ел қаржысының тиімділігі де, қайтарымы да болмайтын белгісіз бір жобаларға кетіп қалмауына баса назар аударылатынын нықтады.

Үкімет жетекшісі кәсіпкерлерді ішкі нарықтан импортты ығыстыруға шақырды.

"Биылғы жаз бойы бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру бағытында да бірлескен шаралар жүзеге асырылды. Ол бойынша енді мемлекеттік қолдау көру үшін бизнестен жауапкершіліктің болуы талап етіледі. Кәсіпкерлердің ірісі де, орташасы да өз экономикамызға демеу болуға жұмылуы керек. Егер біз озық дамыған елдер қатарына ілгерілегіміз келсе, онда бизнес ішкі нарық пен отандық өндірушілерді қолдағаны абзал. Осы орайда біз "Атамекенмен" уағдаластыққа келдік. Әсіресе, ірі бизнес өзі тұтынатын өнімдер мен тауарлардың, сондай-ақ қызметтердің тізімін жасағаны жөн. Егер оның белгілі бір бөлігін отандық өндірушілерден сатып алуға болатын болса, онда ұлттық палатамен бірге сол тізім бойынша жұмыс жасап, өз елімізден алуы керек. Бұл үшін өз өндірушілеріміз өндіретін тауарлар мен қызметтердің де толымды тізімі болуға тиіс", – деді белді кәсіпкерлерге қайырылған Бақытжан Сағынтаев.

Ол мемлекет бизнесті қолдау ауқымын арттыруға дайын екенін жеткізді.

Жалпы, жаңа жылда үкімет бизнесмендермен бірлесе жұмыс жасауға да әзірлік танытып отыр. Осыған орай билік ұлттық палатадан келіп түсетін ұсыныстар мен өтініштерге сезімталдық танытуға ниетті.

"Бізге былтыр "Атамекен" 500 мәселе көтеріп, олар бойынша ұсынымдар жіберген болатын. Қазіргі кезде олардың барлығы дерлік өз шешімін тапты деуге болады. Нәтижесінде, 506 шешім қабылданды. Кейбір түйткілдер өзектілігін жойып та үлгерді. Бұдан бөлек, биыл соларға қосымша 157 мәселе келіп түсті. Яғни, проблемалық мәселелер қатары өткен жылғыдан күрт азайды. Олар бойынша да біз қазір үлкен жұмыс жүргізудеміз. Біздің бірлескен ісіміз жақсы нәтижелер беруде. Соның арқасында биыл Қазақстан тұңғыш рет "Doing business" рейтингінде 28-ші тұғырға көтеріліп, "отыздыққа" енді", – деп түйді Бақытжан Сағынтаев.

"Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы Тимур Құлыбаев ұлттық палата жұмыс жасаған бес жыл ішінде саладағы көптеген мәселелер ретке келіп, жолға қойылғанын айтты. Билік бизнестің мүдделеріне ықыласпен қарайды, айтқанына құлақ асады. Жанайқайы болса, кереңдік танытпайды.

"Қазір "Атамекеннің" де, үкіметтің де күн тәртібі өзара үйлесімге келді, біз ортақ, бірдей күн тәртібіне иеміз. Біздің тарапымыздан көтерілген мәселелерге үкімет толық қолдау көрсетіп келеді. "Атамекен" басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов апта сайын үкімет отырысына қатысып отырады. Вице-премьер Ерболат Досаев кәсіпкерлердің өзекті мәселелерін табу және жедел әрі жүйелі түрде шешу үшін әр тоқсан сайын жауапты министрліктер мен ведомстволардың, әкімдіктердің есебін тыңдайды", – деді Тимур Құлыбаев.

Оның айтуынша, қазір тек өңірлердегі жер қатынастары, сәулет секілді бірқатар салалардағы бизнеске қатысты қызметтерді цифрландыру проблемасы әлі де толық шешілген жоқ. Бірақ ол бойынша да үкімет басшысы барлық әкімдіктерге тиісті тапсырмалар беріп қойыпты. Енді тек орындалуын күту қалады.  

"Сондай-ақ мемлекеттік сатып алулар бағытында біраз мәселелер бар. Үкіметтің тиісті тапсырмасы берілген. Демек, бизнес осы істің өз жүйесін табуына жұмылып, арнайы экономикалық аймақтардың, индустриялық аймақтардың қуаттылықтарын қажетке жарату жайын пысықтауы қажет. Өйткені олардың инфрақұрылымын құруға біраз қаражат жұмсалған, бұған қоса, экономиканы әртараптандыруға әртүрлі арналардан мол қаржылық ресурстар бөлінуде. Ендеше олар тиімді жұмсалып, драйверге айналуға тиіс. Мемлекеттік сатып алулар, ұзақ мерзімді контрактілер, квазимемлекеттік сектор келісімшарттары лайықты пайдаланылса, отандық бизнеске серпін береді", – деді "Атамекен" КҰП төралқасының төрағасы.

Ол еуразиялық одақ бойынша одақтастарымыз, соның ішінде Ресей мен Беларусь өздерінің ішкі инвестицияларын өрістетуге, осы мақсатта төл бизнесін қолдауға мықтап ден қойғанын тілге тиек етті. 

Жиында КҰП V съезінде бекітілген 10 стратегиялық бағыт бойынша ұлттық палата басқармасының есебі тыңдалды, сонымен қатар Қазақстандағы кәсіпкерлікті дамытудың өзекті мәселелері белгіленді.

"Атамекен" кәсіпкерлердің ұлттық палатасының басқарма төрағасының орынбасары Рустам Жүрсіновтің айтуынша, КҰП ілгерілеткен мәселелер арқасында кәсіпкерлердің қыруар қаражаты үнемделіпті.

"Соңғы жылдары бизнесті қайта реттеу бойынша тарихта теңдесі жоқ шаралар қабылданды. Рұқсат берулер саны азайтылды, талаптар төмендетілді, мемлекеттік бақылау жүйесі оңтайландырылды. Нәтижесінде, бизнестің бір жолғы шығыны 600 миллиард теңгеге азайтылды. Бұдан бөлек, бизнес енді жыл сайын шамамен 5 миллиард теңге үнемдеп отырады", – деді ол.

"Атамекенге" кәсіпкерлерден қорғау туралы 25 мыңнан астам өтініш келіп түсіпті. Оның 43 пайыздайы оң шешімін тапқан. Бұлар бойынша 130 миллион теңге көлемінде негізсіз салынған айыппұлдар жойылып, қосылған үстемеақы алынып тасталған.

Қазақстанда кәсіпкерлер өзара "репрессиялық тетік" атайтын "жалған кәсіпкерлік" деген қылмыстық бап жойылды.

"Соңғы 3 жылда елімізде экономика саласындағы қылмыстық істер 5 есеге азайған. Яғни, 20 мыңнан астам бизнесмен темір тордың ар жағына тоғытылмай, экономикалық айналымда қалды, өз кәсіпорындарын және жұмыс орындарын сақтады", – деді Рустам Жүрсінов.

Дегенмен, әкімшілік жазаға тартылатын кәсіпкерлер саны күрт өскен көрінеді. Мысалы, 2016 жылы олардың саны 320 мың болса, 2017 жылы бұл көрсеткіш 396 мыңға жеткен, ал биылғы жылдың жартыжылдығында ғана әкімшілік жазаланған бизнесмендер саны 200 мыңға жуықтап қалыпты. Бұл түйткілдің түйінін де бизнес қауымдастық билікпен тең отырып тарқататын болады. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу