Былтыр елімізде 3 146 кәсіпорын банкротқа ұшырады

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2884

Олардың тып-типыл болуына негізінен кәсіпкерлердің өз арасындағы дау-дамай себепші.

Былтыр елімізде 3 146 кәсіпорын банкротқа ұшырады

Кәсіпкерлердің қызмет бабында серіктестермен, мердігерлермен, клиенттермен келісімшартқа отыратынын жақсы білеміз. Бірақ бұл салада да, яғни келісімшарттық қатынастар саласында да олардың құқығы жиі бұзылады.

"Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің төрағасы Қайырбек Сүлейменовтің айтуынша, бүгінде өндірістік келісімдердің барлық түрі бойынша заң бұзушылықтар саны артқан. Даулардың басым бөлігі тасымалдау саласында орын алыпты. Нақтырақ айтсақ, бұл саладағы заң бұзушылықтар саны 6,1 есе өскен.

"Соңғы уақытта өз серіктестеріне қатысты шағым түсіретін кәсіпкерлер саны артты. Бұл ретте, міндеттерді дұрыс орындамауға қатысты заң бұзушылықтардың негізгі бөлігі тауарды жеткізу бағытында орын алып отыр. Дәлірек айтсақ, заң бұзушылықтар саны 3,3 есе артқан. Серіктестер арасындағы міндеттің орындалмауы кәсіпкерлерге ғана емес, мемлекетке де зиянын тигізеді. Өйткені, міндеттің орындалмауы салдарынан салық пен басқа да міндетті төлемдер бюджетке дұрыс түспейді", – дейді Қайырбек Сүлейменов.

Деректерге сүйенсек, "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасы құрылған сәттен бастап ұйымға бизнесті қорғау бағытында 22 431 өтініш келіп түскен. Олардың бестен бірі кәсіпкерлер арасындағы өзара дауларға байланысты. Тарқатып айтсақ, кәсіпкерлер арасындағы даудың 12 пайызы жер қатынастарына қатысты. Салық салу мен әкімшілік кедергілердің үлесі әрқайсысы 9 пайызға тең. Ал өтініштердің 8 пайызы мемлекеттік сатып алулар саласымен байланысты.

Кәсіпкерлердің құқығын қорғау және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл кеңесінің хатшысы Батыржан Әшитовтың сөзінше, 2017 жылы Қазақстанда 3 146 кәсіпорын банкротқа ұшыраған. Олардың көп бөлігін Астана және Алматы қалаларының кәсіпорындары құрап отыр. Бұл ретте, 2016 жылмен салыстырғанда былтыр кәсіпорындардың банкротқа ұшырауы 50 пайызға артқан.

"Кәсіпкерлер арасындағы даулар келісімшарттардың тұрақсыздығын көрсетіп отыр. Бұл кейбір саладағы нормативтік құқықтық актілердің жеткіліксіздігімен байланысты. Сонымен қатар, қолданыстағы кейбір нормалар нақты іс жүзінде пайдаланылмайды. Бұдан бөлек кәсіпкерлер өзара қарым-қатынас барысында тәуекелдері басқарудың корпоративтік стандартарын енгізбейді. Міне, осының бәрі кәсіпкерлер арасындағы дау-дамайға алып келеді", – дейді Батыржан Әшитов.

Хатшының сөзінше, "Атамекен" ұлттық палатасына кәсіпорындардан банкроттыққа қатысты жолданатын өтініштер саны мемлекеттік органдарға келіп түсетін өтініштерден екі есе көп. Осы орайда, 2017 жылы ұлттық палатаға 983 өтініш келіп түскен. Олардың дені Астана мен Алматы қалаларына, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысына тиесілі.

Батыржан Әшитовтің айтуынша, мұндай мәселе квазимемлекеттік сектордағы кәсіпорындардың қызметінде де байқалып отыр. Яғни, келісімшарттық қатынастарда тәуекелдерді басқару жүйесі дұрыс реттелмеген. Мәселен, былтыр соттар квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты 2 мың азаматтық істі қараған. Бұл көрсеткіш бойынша Қызылорда және Павлодар облыстары "көш" бастап тұр. Екі облыстағы квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қатысты азаматтық істердің үлесі заңды тұлғалар мен кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтар арасындағы сотқа жеткен барлық даудың 89 және 75 пайызын құрап отыр.

"Жалпы, қаржылық проблемалар мемлекеттік реттеудің әлсіреуі, яғни бақылау-реттеу функцияларының, инфляцияның, заңнаманың өзгеруі салдарынан пайда болады. Жалға алушылық, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, сондай-ақ банк қызметі салаларында заңнамалық реттеудің жеткіліксіздігі байқалып отыр. Мұның бәрі шарттық міндеттемелердің орындалмауына әкеп соқтырады", – дейді Батыржан Әшитов.

Қайырбек Сүлейменов кәсіпкерлер арасындағы даулардың таралу себептеріне терең талдау жүргізу қажет деп есептейді. Сондай-ақ ол бұл мәселені ел үкіметіне жеткізу керек дейді.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу