Ұлттық ұлан әскери қызметшілері XXV қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды

125

2026 жылғы 6-22 ақпан аралығында Италияда XXV Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. 

Ұлттық ұлан әскери қызметшілері XXV қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды Фото: ksltv.com

Бұл – Италия тарихындағы 4-ші Олимпиада. Алайда Милан қаласы қысқы Олимпиаданы алғаш рет қабылдайды. Ал Кортина-д’Ампеццо олимпиадалық тәжірибесі мол шаһар. Дәл осы жерде 1956 жылы VII қысқы Олимпиада ойындары өткен, деп жазады inbusiness.kz сайты.

2026 жылғы Олимпиадада Қазақстан ұлттық құрамасы сапында ҚР ІІМ Ұлттық ұланының қызмет пен кәсіби спортты қатар алып жүрген әскери қызметшілері де өнер көрсетеді.

Юлия Галышева: Тәжірибе мен олимпиадалық тарих

Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының аға нұсқаушысы, аға лейтенант Юлия Галышева – фристайл-могул бойынша Қазақстандағы ең танымал спортшылардың бірі.

2017 жылы ол Алматыда өткен қысқы Универсиадада жеңіске жетіп, Саппородағы қысқы Азия ойындарында алтын және күміс медаль иеленді. Сол жылдың желтоқсан айында Әлем кубогы кезеңдерінде табысты өнер көрсетіп, Қытайда алтын және күміс жүлдеге қол жеткізді.

Юлия Галышеваның мансабындағы маңызды белес – 2018 жылғы Пхенчханда өткен Қысқы Олимпиада. Ол кезде спортшы могул сайысында қола медаль жеңіп алып, фристайл тарихындағы Қазақстанның алғашқы олимпиадалық жүлдесін әкелді. Ал 2019 жылы Парк-Ситиде өткен әлем чемпионатында алтын медаль иеленіп, өзінің жоғары деңгейін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Абзал Әжғалиев – мұздағы жылдамдық пен тұрақтылық

Шорт-трек спортынан Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының аға нұсқаушысы, ефрейтор Абзал Әжғалиев ел намысын қорғайды.

2025 жылы ол 5000 метрлік ерлер арасындағы командалық эстафетада Азия ойындарының чемпионы атанып, аралас эстафетада күміс жүлде жеңіп алды.

Бұған дейін, 2022 жылы Монреаль мен Солт-Лейк-Ситиде өткен Әлем кубогы кезеңдерінде күміс медальдарға қол жеткізіп, халықаралық аренада тұрақты нәтижелер көрсетті.

Олимпиада құрамасындағы жас буын

Ұлттық ұлан сапында болашағынан зор жас спортшылар да бар. 5571 әскери бөлімінің қатардағы жауынгері Илья Мизерн – шаңғымен трамплиннен секіру спортынан Қазақстан тарихындағы алғашқы Қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының чемпионы.

Ол 2026 жылғы Олимпиадада ересектер арасындағы ұлттық құраманың негізгі мүшелерінің бірі ретінде өнер көрсетеді.

Сондай-ақ, трамплиннен секіру спортының тағы бір өкілі – Ұлттық ұланның спорт командасын даярлау орталығының аға маманы, дене шынықтыру және спорт жөніндегі аға нұсқаушы, қатардағы жауынгер Данил Васильев. Соңғы маусымдарда ол елдегі ең перспективалы спортшылардың бірі ретінде танылды.

2024-2025 жылдары Васильев FIS Кубогы кезеңінде жеңіске жеткен алғашқы қазақстандық атанып, жазғы Гран-при мен FIS Кубогы кезеңдерінің жүлдегері болды. Сонымен қатар, ол "Төрт трамплин" турнирінде табысты өнер көрсетіп, тұрақты нәтижелерінің арқасында Милан мен Кортина-д’Ампеццода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алды.

Айта кету керек, XXV қысқы Олимпиада ойындарына Ұлттық ұлан әскери қызметшілерінің қатысуы – әскери тәртіп, жоғары кәсіби дайындық пен спорттық шеберліктің үйлесім тапқанын көрсететін жарқын мысал. Бұл спортшылар халықаралық ареналарда Қазақстанның абыройын асқақтатып қана қоймай, жас ұрпаққа патриотизм мен табандылықтың үлгісін танытады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу