"Ұлы дала зары". Ашаршылық туралы фильмнен блогерлер неге шошып жүр?

Қазақ қасіреті туралы фильм қарызға түсірілген. 

"Ұлы дала зары". Ашаршылық туралы фильмнен блогерлер неге шошып жүр?

Бірден айту керек, туынды 21 жастан асқандарға арналған. Расымен де қан өте көп. Тіпті, кейбір эпизодтар "Қазақ тарихында біз ұялатын ештеңе жоқ" деген ұраншыл афоризмді жоққа шығарады. Есесіне ұлт араздығын туындататын кадрлар атымен жоқ. Фильмнің продюсері Ернар Мәліков жобаға қаражат жинау кезінде көптеген кәсіпкердің осы мәселеден қорқып, демеушіліктен бас тартқанын айтады. Фильмге 5 жыл дайындалған ұжым  былтыр краудфандинг тәсілі арқылы елден ақша жинаған екен. Бір жылда 500 мың теңге түсіпті. Ақыры продюсер меншігіндегі мүлкінің біразын сатып, қарызға кірген. Ол да жетпес еді. Таныстары қолында барымен бөлісіп, бір студиясын тегін ұсынса, бірі ғылыми деректер бойынша қолдау көрсеткен. Материалдық қолдау көрсеткен адамдардың аты титрға еніпті. "Фильм өзін ақтай ма?" деп сұрадық. Демо-нұсқасы шыққан күні-ақ ақтаған" деп әзілдеді. Өзінің айтуынша, "Ұлт араздығын туындатсаңыз, сотталасыз" деп ескерткен "қамқоршылары" да бар екен. "Ашаршылық пен репрессия құрбандарынан басым ардақты емес шығар",– деп отыр. Бір ауылды тегеурінімен асыраған қыран бүркіт туралы аңызды бала күнінде Тарбағатайдың шалдарынан естіпті.

Фильм әлі толық өңделіп бітпеген. "Тағы 20 минуттық материалды өңдеп қосу керек" деп отыр. Қазіргі монтаждалған нұсқасының өзі "Алтын глобус" премиясының "Шет тілдегі үздік фильм" санатындағы лонг-листке еніпті. Оның сыртында Азия халықаралық кинофестиваліне қатысып жатыр. Сол фестивальдердің бірінде жүлде алып келмесе, біздегі зиялы қауымның, өнерді қолдаушы адамдардың назары ауатын түрі жоқ. "Димаш синдромы" киноға да тән болса керек. Әйтпесе, тарихшыларымыз да, әдебиетшілеріміз де, өзін ұлтшыл ретінде көрсетіп жүрген белсенділер де "Аштық туралы фильм неге түсірілмейді" деп қақсап жүргендеріне бірнеше жылдың жүзі болды ғой. Ал енді сондай фильм шыққанда, көбі үнсіз қалып отыр. Ернар Мәліков өзі араласатын бірнеше блогерге насихаттау үшін қолқа салып көрген екен. "Тым ащы екен" деп бастарын ала қашыпты.

Бұл мақаланы жазудағы мақсатымыз – фильмнің бүкіл сюжетін баяндап беру емес. Өйткені туындыны әрбір қазақ өзі көру керек деп есептейміз. Сондықтан көрермен ретінде өзімізді селт еткізген тұстарына ғана тоқталамыз.

Бірінші эпизод

Аштықтан зиратқа айналған ауыл. Бүркітші мен баласы түндігі түрусіз қалған үйлердің біріне кірсе, ит-құс жәукемдеп тастаған әйел мен ердің мүрдесі жатыр. Көлденең құрылған шымылдықтың артынан сұлба көрінеді. Сөйтсе, аштықтан есі ауған қыз әке-шешесінің сүйегін талғажау ете бастаған екен. Көзіне қан толған бейбақ бүркітшінің баласына атылады. Әкесі оны қағып тастап, екеуі сыртқа шығады.

- Әке, оның көзін көрдіңіз бе, көзін?! Ол... жеген екен... Әке, мен сіздерді ешқашан жемеймін!

- Ол аштықтың көзі, балам!

Осы сәттен бастап фильмнің ішіне еніп кеттім. Ашаршылық зұлматында тұтас ауылды асыраған бүркіт туралы аңыз бар еді ғой. "Ұлы дала зары" фильмінің негізгі сюжетіне сол аңыз арқау етіп алынған. Бірақ өмірдің аңыздағыдай әдемі болмайтыны шындық. Әлгі аңызды естіген сайын "Ондай "Робин Гудты"  қызылдар қайтып еркінсітіп қойды екен" деген күмәнді ой сап ете қалатын. Сценарий авторлары сол күдікке де жауап беріпті.

Бүркітші жаппай кәмпеске басталған кезде үйін тау арасына әкетіп, саяқ өмір сүреді. Аштық енді етек алған кез болса керек, талғажау іздеп босқан бейбақтар қаңғалақтап жүріп, бүркітшінің үйіне тап болса, құдай оңдағаны. Дастархандағы асын бөлісіп, аузына су тамызуға әйелі мен шиеттей үш баласы да әбден машықтанып алған. Сөйтіп жүргенде кісі өлтірді деген жаламен ауылдасы бүркітшіні қызылдарға ұстап береді.

2 эпизод

Бүркітші мен үлкен ұлы қызылдардың қамауында жатқанда, әйелі қалған екі бала аштан өлмесін деп етекке түседі. Жолда қызын қасқырға беріп, екінші ұлын аман алып құтылады. Әрине, ауылда бұларды ешкім дастархан жайып күтіп отырмаған еді. Күйеуін ұстатқан Мәден (Дулыға Ақмолда сомдаған) қасындағы шолақ белсендімен бірге қорғансыз әйелге күш көрсетпек болады.  Аштан бұратылып жатқан балаға тамақ ұсынып, соның ақысына шешесін төсекке сүйрейді. Аштықтан тілі күрмеле бастаған бала "Апа, нан" деп зар қақса да, ана арды таңдайды. Ашынған әйелдің қолындағы қанжардан жасқанып шолақ белсенділер жайына кетеді. Әйел арын сақтағанмен, баласының жанын сақтап қала алмайды бірақ.

3 эпизод

Аштан бұратылып, босып жүрген қалың қазақтың арасына Ресейден ауған орыстар келеді. Алдында ғана қызын қасқырға жем қылып, жүрегі қан жылап отырған бүркітшінің әйелі босқын орыстың жалаңбас қызына өз орамалын жабады. Ана мейірімі логикадан азат құбылыс болғаны ғой деген ой түйдік.

4 эпизод

Ұры сайдың қос қапталына бекінген қызылдар шекара аспақ болған үркінді жұртты зеңбіректің астына алады. Тірі ұсталғандардың көзінше қаныпезер офицер бүркітшіге таңдау жасатады. Соңына ерген елді аман алып өту үшін әке баласын оққа байламақ болады. Осы кезде ауылдастары бірінен кейін бірі баланың алдына тұрып, кеуделерін оққа тосады. Кеше ғана аштықтан есі ауып, бір-бірінің етін жеген талайсыз халық дұшпанның алдында намысын осылай сақтамақ болады.

Фильмде осындай тосын бұрылыстар көп. Ең бастысы, соны бәрі логикалық тізбекпен, пафос пен фальшсіз түсірілген. Балалардың рөлі барынша шынайы шыққан. Қорқуы да, жылауы да, бір сәттік қуануы да, бәрі-бәрі нанымды.

Фильм қарызға түсірілген екен дедік қой. Көрермен қауым, энтузиаст топтың жанкештілігімен шыққан фильмге сіз де қолдау көрсете аласыз. Ол үшін Cineux.kz сайтына тіркеліп, фильмді 700 теңгеге сатып көрсеңіз жетіп жатыр.

Есімжан Нақтыбайұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу