Биылғы "Оскарға" Қазақстан атынан "Ұлы дала зары" фильмі баратын болған. Ашаршылық зұлматы туралы тарихымызды әлемге кино тілінде жеткізудің бірден-бір мүмкіндігі еді бұл. Мемлекеттен көк тиын да алмай, халық пен демеушілердің көмегімен қарызға түсірілген фильмнің "Оскардағы" жарнамасы қалай жүріп жатқанын білу үшін продюсері Ернар Мәліковке хабарласқанбыз. Тағы да әлеуметтік желі арқылы халықтан ақша жинап жатыр екен. Сәуір айында "Оскар" қазылығында отырған кино корифейлері өз шешімдерін айтады. Уақыттың тым аз қалғанын білсе де, Мәдениет министрлігі үнсіз отырған көрінеді.
Артылған ақшаны неге аяйды?
Бұл жерде мемлекет қолдамай отыр деп жалпыламай, Мәдениет министрлігі деп бөле жарып айтуымыздың себебі бар. "Ұлы дала зары" экранға алғаш жол тартқанда мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев фильмді арнайы астанаға алдырып тамашалаған екен. Продюсер сол кеште хатшымен бірге Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың да болғанын айтады.
"Фильм біткенде Қырымбек Елеуұлы қолымды қысып, құшақтады. "Ернар, азаматтық позицияңа рақмет. Бір азамат түсіре алмап еді бұл тақырыпты. Кезінде ата-әжелерімізден естіп, кітаптан оқыған едік. Соның бәрін екі-ақ сағаттық фильмге сыйғызыпсыңдар" деп алғыс айтты. Менің көзімше министр Ақтоты Райымқұловаға фильмді халықаралық конкурстарда ілгерілету мәселесін екі аптаның ішінде шешу туралы нақты тапсырма берген болатын. Министр де қаржы табатынын, көмектесетінін айтқан. Көп өтпей, біздің туынды "Оскардың" Қазақстандағы комитетінің шешімімен "Шет тілдегі үздік фильм" номинациясы бойынша үміткерлер тізіміне кірді. Бірақ бұл жаңалыққа Мәдениет министрі аса қуана қоймаған сияқты. Оның себебін өзі ғана біледі. Ұлттық киноны қолдау орталығында былтыр игерілмей қалған 400 млн теңге бар. Содан бізге ақша бөлінуі үшін министрдің бұйрығы керек. Сол бұйрықты күте-күте күдер үзе бастадық", – дейді продюсер.
Уәдемен өткен уақыт
Расымен де, "Оскарға" жолдама жеңіп алумен жұмыс бітпейді. Әлемнің түкпір-түкпірінен іріктелген аузы дуалы мамандардың назарына ілігіп, мыңдаған туындының ішінен ерекшеленіп тұруы үшін енді сауатты жарнамасын жасау қажет. Ал оған мыңдаған доллар керек көрінеді.
"Қазір start-time.kz-те 250 мың теңгедей ақша жиналды. Жеке таныстарымнан да алып жатырмын. Әзірге 500 мың теңгедей жиналды. Одан кейін біздің Америка елшілігіндегі жігіттер Қазақстанға қоңырау шалып, бұл жақтағылар 3000 доллардай ақша жинап берді. Бізге оның өзі де көмек. Бірақ енді "Оскарға" ілгерілету деген біршама қаржыны қажет етеді. Америкада ешкім ақысыз ештеңе істеп бермейді. Hollywood Reporter, LA Times сияқты беделді басылымдарға аты мәшһүр публицистер мақала жазуы үшін 10 мыңнан 30 мың долларға дейін сұрайды. Қазір мен оларға бар жағдайды жасырмай айтып отырмын. "Менде мемлекеттік қолдау жоқ. Үйімді кепілге қойып, несие алғанмын. Егер Үкімет жақтан қолдау боп жатса, сіздерді ренжітпеймін" деп айттым. Алайда америкалықтар көзің мен сөзіңнің әдемі болғаны үшін қызмет көрсетпейді. Ал фильмнің деңгейін бағалап отыр. Бірлесіп продюсерлік еткісі келетіндер бар. Бірақ біз фильмге о баста халықтық туынды деген статус беріп тастағанбыз. Яғни, Ернар Мәліковтің де, басқаның да фильмі емес бұл. Өйткені халықтың қолдауымен іске асқан жоба ғой. Кино түсіретін болдық дегенде 500 мың теңге жинап берген жұрттың көңілі бар ғой. Алматы облысына қарасты Ақсу ауданындағы Суықсай, Баласаз, Қапал, №11 ауылда түсірген кезде халық жатар орын мен ат-көлігін тегін ұсынып жатты. Соған қарамастан, шамамызша тиын-тебенін төледік. Есесіне елдің қолдауы ұжымды қанаттандырып тастады. Ең басты көмек сол болған шығар. Министрліктен Ұлттық киноны қолдау орталығына "көмек көрсету керек" деген хат келсе болды. Өткенде министрмен жарты сағаттан екі рет сөйлестім. "Неге атымызды атап, сынап жүрсіз. Көмектесеміз дедік қой" деген әңгімеден аспады. Уәдесін күтіп жүргенде "Оскар" да өтіп кететін түрі бар. Менің ойымша, министрлікке қазір тек уақыт ұттыру керек боп тұрған сияқты. Әйтпесе уәдесін орындайтын еді ғой", – деп кейиді ол.
Қанға сіңген қорқыныш
"Ұлы дала зары" туралы осымен екінші рет жазып отырмыз. Алдыңғы мақалада танымал блогерлер фильмнің айтар ойы тым ащы екен деп, жарнамалаудан бастарын ала қашқанын жазған болатынбыз. Бәлкім Мәдениет министрлігі де осы позицияны ұстанып отырған шығар. Сонда, қазақтың санын қисапсыз кемітіп кеткен зұлмат туралы фильмнің идеясы ащы болмай тұщы болуы керек пе деген сұрақ туындайды. Шындықтың дәмі қандай болатынын ұмыта бастасақ керек, соған қарағанда. Бізді қойып, Ресейдің өзі бұл жолы "Оскарға" антисоветтік фильм ұсынып жатыр екен. Андрей Кончаловскийдің туындысын қолдайтын бизнесмен де табыла кеткен.
"Ресей атынан биыл "Дорогие товарищи" деген нағыз антисоветтік фильм "Оскарға" түсіп жатыр. Оның бас продюсері – әйгілі миллиардер Әлішер Усманов. Фильмге жұмсалған 151 млн рубль ақталмай қалса да, өкінбейтінін айтып жүр. Сонда біз неден қорқып отырмыз, түсініксіз", – дейді Ернар Мәліков.
Ал біздің еуропадағы өртенген шіркеуге де ақша бөлгіш "меценаттар" ашаршылық туралы фильмді қолдаудан шет қалып отыр. Әйтпесе Ернар Мәліковтің қарапайым халықтан екінші мәрте жылу жинап несі бар?!
"Мен кәсіпкерлерге де ренжімеймін. Бұл жобаны қолдасақ, Ресейдің қара тізіміне ілінеміз деп қорқады. Әркімге жан бағу керек. Соған қарағанда ашаршылықтың психологиялық зардабы қанымызға сіңіп, сүйегімізге кіріп кеткен сияқты ғой", – дейді.
Шын сөз. Ашаршылық құрбандарын жылдың 364 күнінде ауызға алмай, бір күнде ғана аза тұтатынымыз содан болса керек. Шынтуайтында қызыл террордың қуғын-сүргін құрбандары бүгінгі біздерміз-ау осы. Ал сол кезде жанын бергендер біздің қасымызда қаһарман деген атқа лайық. Биыл ашаршылықтың алғашқы толқыны басталғанына 100 жыл толады. Осынау тарихи датаны "Оскар" төрінде жар салу мүмкіндігі қолдан сусып бара жатқаны өкінішті бәрінен де. "Мемлекетке қол созбай-ақ қойыңдар. Мен-ақ қолдайын" дейтін кәсіпкер табыла кетсе қанеки...
Әңгіменің соңында Ернар Мәліков бізге өтініш айтты. "Көп түкірсе, көл болады" деген сөзді ескеріп, мына сілтемелерді ұсынып отырмыз. Бұл сілтемелерге кіру арқылы, ашаршылық тақырыбына бейжай қарамайтын кез келген азамат "Ұлы дала зары" фильмінің "Оскар-2021" жүлдесінде ілгерілету үшін тиын-тебендеп болса да қаржылай үлес қоса алады. Сондай-ақ, Cineux.kz сайты арқылы фильмді 700 теңге төлеп көруге болады. Қазақстан атынан "Оскар" жүлдесіне таласып жатқан фильм қазылардың назарынан тыс қалмасын десеңіз, үшінші сілтемеге өтіп, фильмнің рейтингісін көтеруге атсалысыңыз.
https://start-time.kz/project/details/1458/description,
Kaspi Gold 87018880882, www.mgproplus.com
www.cinexus.kz
https://m.imdb.com/title/tt11434772/?ref_=nv_sr_srsg_0
Есімжан Нақтыбайұлы
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!