Ұлыбритания Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржыға көз алартып отыр

4847

Біздің билік шетелге заңсыз шығарылған қаражатты елге қайтарғысы келеді.

Ұлыбритания Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржыға көз алартып отыр

Бұл іске Ұлыбритания да атсалыспақшы. Алайда ағылшындардың өз есебі, өз мүддесі бар, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Мәжілістің пленарлық отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жекелеген қаржы-өнеркәсіптік топтардың шетелге капитал шығару қаупі күшейгенін мәлімдеді.

"Ұлттық банкке Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, барлық транзакция мен елден негізсіз қаражат шығаратын тұлғаларды нақты бақылауды және тексеруді қамтамасыз етуді тапсырамын!", – деді Мемлекет басшысы.

Қаржы мониторингі агенттігі тапсырманы орындауға бірден кірісті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында агенттік төрағасы Жанат Элиманов алғашқы нәтижелер туралы есеп берді. Ол Мемлекет басшысына күдікті операциялардың жүзеге асырылуына қойылған тосқауыл елдің 150 млрд теңгесін сақтап қалғанын баяндады. Бұған қоса 2,8 трлн теңге көлемінде жалған шот-фактура жазып берумен айналысқан 87 қылмыстық топтың жолы кесілгенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев агенттік төрағасына заңсыз жолмен алынған, соның ішінде шетелде алынған активтерді іздеуге, сондай-ақ оларды Қазақстанға қайтару жұмысын жандандыруға ерекше назар аударуды тапсырды.

"Бұл жұмыс адамдарға және олардың лауазымына қарамай жүргізілуге тиіс", – деді Президент.

Қазақстан басшысының тапсырмасына аяқ астынан британдық депутат Маргарет Ходж үн қатты. Ол қазақстандық олигархтардың активтерін сыбайлас жемқорлықпен және заңсыз әрекетпен алынған "Лас ақша" деп атап, оны бұғаттауды ұсынды.

"Әрекетсіз отырудың құны жоғары болады. Лондон мен біздің қаржылық қызмет көрсету секторының беделіне нұқсан келді. Ұлыбритания "Лас ақшаны" заңдастырып отырған елдің кейпіне енді", – деді Маргарет Ходж.

Британдық бұғаттау технологиясы

Ерекше дамыған. Мұнда өзге елдің қаржысын "қатырып" тастаудың тәсілі өте көп. 2018 жылы ағылшындар "Шығу тегі белгісіз байлық ордері" деген құжат қабылдады. Ол соттың санкциясымен еуропалық емес саяси тұлғаларға және кез-келген адамға, оның ішінде ауыр қылмыс жасады деген күдік бойынша ұсталған еуропалықтарға қарсы қолданылады.

Бұл құжаттың ерекшелігі шығу тегі белгісіз байлыққа қатысты негіздемені сот емес, актив иесі әзірлеуге тиіс. Егер ол кірістің заңдылығын дәлелдей алмаса, сот процесінің келесі кезеңінде бар байлығынан айырылады. Оның активі Британия бюджетінің бүйірін толтырады.

Атап көрсетерлігі, сот актив иелеріне ешқандай шағым жасамайды. Өйткені олардың кінәлі немесе кінәсіз екені даудың негізі болып саналмайды.

Сот қылмыстық емес, азаматтық істі қараған болады. Қарсы тараптың ақшасы мен мүлкі тартып алынады. Яғни ағылшын соты ұрланғанды ұрлайды.

Ұлыбританияның тарихында осындай оқиғалар болған. Әзірбайжан банкирі Джахангир Гаджиевтің әйелі Замира Гаджиеваның мүлкі жоғарыдағыдай тәсілмен тәркіленген.

Джахангир Гаджиев тұтқындалып, банк қаражатын жымқырғаны үшін 15 жылға сотталды. Осы кезде британдықтар өз аумағында Джахангир Гаджиевтің заңсыз капиталы бар екенін әшкереледі. Замира Гаджиева күйеуінің байлығын сақтап қалуға тырысты. Бірақ британдық заңгерлер бой бермей, Джахангир Гаджиевтің ақшасын алып тынды.

Молдованың бұрынғы Премьер-Министрі Владимир Филаттың ісі осыған ұқсас сценариймен өтті. Оның банк шоттарындағы 600 мың доллардан астам ақшасы бұғатталды. Сот актив иесінен көрсетілген қаражатты қылмыстық емес, адал жолмен тапқанын дәлелдеуді талап етті.

"Қазына қаржысына қол салды" деген айып тағылған Молдованың бұрынғы үкімет басшысы ұрланған ақшасынан осылай айырылды.

Маргареттің мәлімдемесі

Елді елең еткізді. Жоғарыда жазғанымыздай, британдық депутат Маргарет Ходж өз елінің заң шығарушы органында "Қазақстан: сыбайлас жемқорлыққа қарсы санкция" деген тақырыпта баяндама жасады. Онда ол Қазақстанды сыбайлас жемқорлық, Ұлыбританияны Қазақстанмен ынтымақтастық үшін айыптады.

"Қазақстанды халықтан ұрланған ақша есебінен байып отырған клептократиялық элита басқарады. Біз Британияда осыған көз жұмысп, сыбайлас жемқорлықты елемей, қазақстандық режимге "Лас ақшаны" жылыстатуға және жұмсауға көмектестік", – деді Маргарет Ходж.

Оның дерегінше, 2008-2015 жылдар аралығында қазақстандық клептократтарға Ұлыбританияда "Лас ақшамен" есеп айырысу үшін 205 алтын виза берілген.

"Ұлыбританияда қазақстандық элитаның құны жарты млрд фунт стерлингтен асатын жылжымайтын мүлкі бар. Біз шекарамызды, жылжымайтын мүлік нарығын және қаржы құрылымдарын қазақстандық билеуші тап үшін ашып, оларға заңсыз байлығын жұмсауға мүмкіндік бердік", – деді Маргарет Ходж.

Британдық депутаттың бастамасынан және айтқан сөздерінен түсінгеніміз, жоғарыда аталған элита Ұлыбританияда ақша айналдырған кезде барлығы жақсы болды. Ешкім, ешқандай клептократияны байқамады. Бұрынғыдай ақша ағыны болмайтыны нақтылана бастаған кезде, Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржыны бұғаттау және Британияның меншігіне тартып алу өзекті бола қалды.

Британдық саясаткер қазақстандық клептократтарға ымырасыз күрес жариялаған болып, олардың ақшасын бізге қайтартпай, Лондонда алып қалуды көздеп отыр. Оның Қазақстаннан заңсыз шығарылған қаржыға көз алартуының басты себебі осы.

Британдықтар ұрланған ақшаны ұрлауды біледі. Олардың бұл істі жүзеге қалай асыратыны жоғарыда жазылды. Бұдан шығатын қорытынды Маргарет Ходж әділет үшін емес, қазақстандық клептократтардың ақшасын алып қалу үшін күресіп жатыр.

Айбын Асқарұлы 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу