Ұлытау облысында тұңғыш рет 2007-2008 және 2009-2010 жылдары туған жастар мен жасөспірім қыздар арасында бокстан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Жарыс Жезқазған қаласындағы "ULYTAU" спорт сарайында өтті. Айтулы шара Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті мен Қазақстан бокс федерациясының қолдауымен және Ұлытау облысының дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Ұлытау Бокс Федерациясымен бірлесіп ұйымдастырылды.
Чемпионатта Астана, Алматы мен Шымкент қалаларынан және барлық облыстардан келген 300-ге жуық былғары қолғап шеберлері бақтарын сынады.
Айта кету керек, ұлт ұясы – Ұлытау облысының аға-жаттықтырушысы Айдар Сайдалин баптаған облыстық құрама командасы 2 алтын, 1 күміс жүлделерімен Қазақстан Республикасының жасөспірімдер командалары арасында жалпы есепте 2-орынға табан тіреді.
Атап өтсек, 54 келі салмақта Ғабитқызы Балым (Бапкері: Сайдалин Айдар) мен 57 келі салмақта Қыдырмолдаева Индира (Бапкері: Сайдалин Айдар) ел чемпионы атанса, 50 келі салмақта Құдайберген Нұрайым (Бапкері: Бекен Абылай) Қазақстан Республикасы чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Сонымен қатар, Кеңгір ауылының былғары қолғап шебері Құдайберген Нұрайым "Жеңіске деген жігерін көрсеткен боксшы" арнайы номинациясы бойынша марапатталды.