Матч қарсаңында алматылық клубтың бас бапкері Рафаэль Уразбахтин және команданың бірнеше ойыншысы брифинг өткізді, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бас бапкер күллі әлем көз тігетін кездесу алдында команданың дайындығы туралы сөз қозғады.
– Алғашқы ойында кішкене қобалжу сезілді. Бірақ, алда жігіттерде қатты уайым болады деп ойламаймын. Ажиотаж бен мұндай эмоцияларға үйреніп қалды. Қосымша қысым емес, қайта олар үшін мотивация болады, – деді ол.
Сонымен қатар, ол нақты бір тактикаға сүйенбейтінін, тек қорғанысқа "жатып" алмай, шабуылға да иек артатынын айтты.
– Мұндай қарсыластармен тек алға ұмтылып шабуылдай беру немесе тек қорғаныста "жатып" алу мүмкін емес екен. Тепе-теңдік керек. Оларда жеке шеберлігі мықты футболшылар көп. Кей ойыншылардың қимылын жауып, өзімізге артықшылық тудыратын сәттерді ойластыру қажет. Барлық матчта шабуыл мен қорғанысты қатар алуға тырысып келеміз, – деді бапкер.
Рафаэль Уразбахтин Чемпиондар Лигасының 15 дүркін чемпионының Қазақстанға келуін тарихи оқиғаға балап отыр.
– Қуаныштысы, матч Алматыда өтеді. Жанкүйерлер бұрын тек теледидар арқылы көрген әлемдік футбол жұлдыздарын көзбе-көз көре алады. Бұл ойынды біз үлкен үмітпен күтіп отырмыз. Сондықтан, лайықты өнер көрсетуге тиіспіз. Қазір қандай да бір нәтиже туралы айтқым келмейді, бірақ ең бастысы – сапалы ойын көрсету, – деп сөзін қорытындылады Уразбахтин.
Бұдан бұрын "Қайраттың" бас бапкері Анарбеков пен Заруцкийдің денсаулығы туралы айтқан еді.