Ұшақ неге Беларуське бағытталды?

3079

Осы оқиға үшін Еуропа одағы Минскке санкция жариялап, әлемнің ірі авиакомпаниялары бұл мемлекеттің үстінен ұшпауға шешім қабылдап, Лукашенко үкіметін табыстан қағып отыр. 

Ұшақ неге Беларуське бағытталды?

Ryanair авиакомпаниясының Литваға аттанып, бағытын мәжбүрлі түрде Беларуське бұрған ұшағының бортындағы оппозициялық журналист тұтқындалды. Бұл инцидент халықаралық наразылық тудырып, бұрынғы кеңестік елге қатаң санкция жариялау мәселесін тағы да күн тәртібіне шығарып отыр.

Беларусь аспанында не болды және оның салдары қандай? Іnbusiness.kz енді осы сауалдарға нақтырақ жауап іздеп көрді.

Рейсте не болды?

Ryanair әуе компаниясының FR4978-рейсі жексенбіде Афинадан Литва астанасы Вильнюске аттанды. Ол Минскке бағытын өзгерткен сәтте Литва шекарасынан 10 шақырым ұзап, Беларусь әуе кеңістігіне бойлай енген еді.

Ryanair өкілдерінінің мәлімдеуінше,  Беларусьтің авиадиспетчерлері ұшқыштарға бомбадан қауіп төніп тұрғанын айтып, авиалайнердің Минскке қонуына бұйрық берген. Беларусь әскерилері экипажды ұшу диспетчерлерінің бұйрығына көндіру мақсатында МиГ-29 жойғыш ұшағын көкке көтерген.

Ұшақ қонғаннан кейін, Беларусь қауіпсіздік агенттері авторитарлық президент Александр Лукашенкоға қарсы жаппай демонстрациялар ұйымдастыруға көмектескен танымал хабарлама қосымшасының басшысы Роман Протасевичті тұтқындады. Қауіпсіздік күштері Протасевичтің Вильнюс университетінде оқитын орыс қызы София Сапеганы да ұстап, ұшақтан түсіріп алды.

Иттері бар агенттер ұшақты және жолаушылар жүгін тексеріп, бірнеше сағаттан кейін рейсті Вильнюске жіберді.

Ryanair компаниясының бас директоры Майкл О'Лири бұл әрекетті "мемлекеттік ұрлап әкету ... мемлекет қаржыландырған қарақшылық іс" деп сипаттады.

Беларусь неліктен мұндай әрекетке барды?

Бұл операциясының мақсаты – 2019 жылы Беларусь Республикасынан кетіп, содан кейін елді тәртіпсіздіктерге үгіттеді деп айыпталған 26 жастағы белсенді және журналист Протасевичті ұстау. Ол блогер әрі Telegram хабарлама алмасу қосымшасындағы танымал канал - Nexta-ның негізін қалаушылардың бірі және редакторы болды.  Айта кетсек, бұл әлеуметтік арна 2020 жылдың тамызында өткен президенттік сайлаудан кейін, Беларусьте наразылық акцияларын ұйымдастыру жолында негізгі факторға айналды.

Ширек ғасырдан астам уақыт бойы 9,3 млн халықты темірдей жұдырықпен басқарған Лукашенко сол сайлау соңында жеңімпаз деп жарияланды. Бірақ оппозиция мен кейбір сайлау қызметкерлері дауыстар бұрмаланды деп санайды. Ал, сайлаудан кейін басталған наразылық шерулері Лукашенконың 1994 жылдан бергі билігі үшін ең күшті сынақ болып, айлар бойы қайта-қайта өтті.

Беларусь билігі демонстрацияларға қатыгездікпен қысым көрсетті. Тамыздан бастап оппозиция белсенділерін қосқанда 34 мыңнан астам адам қамауға алынып, полиция наразылықты тоқтату үшін мыңдаған адамды ұрып-соққан.

Протасевичке сырттай жаппай тәртіпсіздікті қоздырды деген айып тағылды. Кінәсі дәлелденсе, ол 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бірақ Кеңес Одағы кезіндегі "КГБ" деген атып сақтап қалған Беларусь Мемлекеттік қауіпсіздік агенттігі бұл азаматты терроризмге қатысты күдікке ілінгендердің тізіміне қосты. Демек, диссидент-журналистке аса ауыр айып тағылуы мүмкін. Терроризм үшін Беларусьте тіпті өлім жазасы беріледі (Беларусь – Еуропада осынау ең ауыр жазаны қолданатын жалғыз ғана мемлекет).

Дүйсенбіге қараған түні Беларусь мемлекеттік телеарнасында Протасевичтің қамаудағы қысқаша бейнеклипі көрсетілді. Сол кадрлерде оппозиционер-тілші денсаулығының қанағаттанарлық жағдайда екенін және "заң бойынша өте дұрыс" емделіп жатқанын, сонымен қатар, тергеушілерге жаппай тәртіпсіздіктер туралы дәлелдер беріп отырғанын айтып берді.

Халықаралық реакция қандай?

Еуропалық одақ ерекше жылдам әрекет етіп, Беларуське қарсы санкциялар жариялауға келісіп,  бұл мемлекеттің әуе компанияларына 27-елдік одақтың әуе кеңістігі мен әуежайларын пайдалануға тыйым салды.

ЕО басшылары, сонымен бірге, одақтағы барлық тасымалдаушыларды Беларусьтің үстінен ұшудан аулақ болуға шақырып, жексенбі күнгі рейстің бағытын өзгертуге қатысқан лауазымды адамдарды санкцияға алуға шешім қабылдап, Халықаралық азаматтық авиация ұйымын осынау атышулы істі тергеуге үндеді.

Олар Беларусь үкіметін Протасевичпен бірге ұшақтан шығарылған орыс қызы София Сапеганы да босатуға шақырды.

Еурокомиссия төрайымыУрсула фон дер Ляйен ұшақ бағытының өзгертілуін "ұрлап әкетуге" теңесе, Литва президенті Гитанас Науссе оны "мемлекет қаржыландырған террорлық акт" деп атады.

Сонымен қатар, ЕО "Беларусь билігінің жол беруге болмайтын қадамын айыптау үшін" Минск елшісін шақырып алып, оған журналисті тұтқындау тағы да "елдегі барлық оппозициялық дауыстарды өшірудің кезекті ашық әрекеті" екенін жеткізді.

"АҚШ-тың Ұлттық қауіпсіздік кеңесшісі Джейк Салливан Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысымен сөйлескенде осы мәселені көтерді", – деп мәлімдеді Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псаки. Ол АҚШ-тың осы проблема бойынша келесі қадамдарды талқылау үшін НАТО-мен, ЕО-мен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымымен байланыста болғанын атап өтті.

Британия болса, Беларусьтің  ұлттық әуе компаниясы Belavia-ға Ұлыбританияда жұмыс істеуге тыйым салып, британ тасымалдаушыларына Беларусьтің әуе кеңістігіне кірмеуге нұсқау берді. Латвияның airBaltic авиакомпаниясы да Беларусь аспанын айналып өтетінін айтты және де Литва үкіметі барлық рейстерге сейсенбіден бастап ЕО шешімін күтпестен Беларусь аумағын айналып өтуге нұсқау берді.

Украина президенті Владимир Зеленский де шенеуніктерге Беларусьпен әуе қатынастарын үзуге және көрші ел арқылы украиналық ұшақтардың ұшуына тыйым салуды бұйырды.

Айта кетсек, Беларусь аспаны - Еуропа мен Азияны байланыстыратын дәліз. Одан авиалайнерлерді өткізгені үшін Минск валютамен табыс көрді. Соңғы мәліметке қарағанда, Lufthansa, KLM, SAS, Air France, LOT және Singapore Airlines Беларусьтің үстінен ұшпау туралы шешім қабылдаған компаниялар қатарына енген.

"БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутерриш Протасевичті босатуға шақырады және осы алаңдатарлық оқиғаға қатысты толық, ашық және тәуелсіз тергеу жүргізуді" қолдайды", - дейді БҰҰ-ның баспасөз хатшысы Стефан Дюжаррик.

Беларусь өзінің басты демеушісі және одақтасы - наразылық жағдайында Лукашенко үкіметіне саяси қолдау мен қаржылық көмек көрсеткен Ресейге ғана сүйене алады. Батыс елдерінің ойынша, ұшақты Минскке бұру операциясына Кремль жәрдемдесті. Алайда Мәскеу мұны мойындамай отыр.

Арыс Әділбекұлы


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу