Қазақстандағы әуе қатынасына қауіп төніп тұр. Басты себеп - Ресейден авиакеросин тасымалдаудың доғарылуы және Шымкент мұнай өңдеу зауытының уақытша жұмысын тоқтатуы.
Ел президентінің тапсырмасымен 2009 жылдың 15 мамырында мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы әзірленген болатын. 2010-2016 жылдарға арналған бағдарламаның басым бағыттарының бірі – мұнай өңдеу саласын дамыту. Түпкі мақсат - 2016 жылы ішкі нарықты отандық авациялық керосинмен, бензинмен және дизель отынымен қамтамасыз ету. Алайда бұл мүмкін болмай тұр.
"Биыл авиаотын мәселесі бой берер емес. Қазақстанға авиациялық керосин экспорттайтын ірі компаниялар – "Газпромнефть" ААҚ, "Роснефть ҰК" ААҚ, "Лукойл" ААҚ және "Татнефть" ААҚ. Аталған компаниялардың орташа айлық көлемінің жиынтығы өткен жылғы 44 мың тоннамен салыстырғанда биыл 15 мың тоннаға дейін қысқарған. Оның үстіне ресейлік нарықтан түскен сұраныстың көптігіне байланысты компаниялар қазан айында Қазақстанға экспорттайтын өнім көлемін әлі бекіткен де жоқ. Тек "Газпромнефть" ААҚ ғана 2018 жылдың мамыр айына дейін отын экспорттауды қолға алмайтындығын хабарлады", - деп мәлімдеді "Air Astana" акционерлік қоғамындағылар.
2017 жылы азаматтық авиациядағы отынның қажеттілігі 800 мың тоннаны құрады. Оның тек 241 мың тоннасы ғана Шымкент мұнай өңдеу зауытында өндіріледі. Шымқаладағы кәсіпорын – тұрақты түрде авиаотын өндіретін еліміздегі жалғыз зауыт. Алайда ол күзде мерзімді жөндеу жұмыстарына жабылады. Бұл орын алған жағдайды одан әрі ушықтыра түспек.
Еліміздің азаматтық авиациясы ұзақ жылдар бойы Ресейге жалтақтап келеді. Себебі азаматтық авиация субъектілерінің 70%-ы солтүстіктегі көршімізге тәуелді. Оның өзі циклді емес әрі кепілдендірілмеген. Сондай-ақ ресейлік ресурс иелерінің саясаты қалдық авиаотынды жүзеге асыруға бағытталған.
Авиацилық отынды экспорттайтын Түркіменстан, Әзербайжан және Беларусь секілді өзге де елдер дәл осындай қиындықпен бетпе-бет келіп отыр. Аталған елдердің ішкі нарығы да авиациялық отынға жарымай отыр. Бұл ретте өнімді экспорттауға болатын әлеуетті өңірдің бірі – Ауғаныстан. Тағы бір ірі экспорттаушы – Қытай халық республикасы. Алайда аспанасты елі авиациялық керосиннің басқа түрін (Джет А-1) шығарады. Джет А-1 отынын пайдалану үшін еліміздің әуежайлары қолданыстағы қазіргі инфрақұрылымын жаңғыртып, қайта жабдықтауы тиіс. Сондықтан қысқа мерзім ішінде авиаотынның баламалы түрін жеткізу мүмкін емес.
Ресей Федерациясынан отын тасымалының доғарылуы отандық нарықты күйретіп, еліміздегі әуе қатынасы көліктерінің жұмысына айтарлықтай қауіп төндіруі ықтимал.
2017 жылдың тамыз айынан бері ҚР энергетика министрлігі тығырықтан шығу үшін мүмкін деген шаралардың бәрін қолға алды. Бұл ретте Ресей Федерациясының энергетика министрлігімен де келіссөз жүргізді. Алайда қабылданған шаралардың бәрі уақытша ғана. Сондықтан отынмен қамту мәселесі азаматтық авиация үшін әлі күнге дейін өзекті болып тұр.
Қабылданған халықаралық стандарттарға сәйкес, авиаотынға деген тапшылық орын алған жағдайда ұлттық тасымалдаушылар үшін стратегиялық қор құрылуы тиіс. Алайда қазіргі жағдайда "Air Astana" үшін ел әуежайларының қоймаларында отынды тек он күн ғана сақтауға мүмкіндік бар. Сондықтан жеткілікті түрде стратегиялық қор құру маңызды. Бұл ең алдымен жолаушылар мен ұзақмерзімді бағдарламаларды орындау үшін қажет.
Еркебұлан Қыздарбек, Жанболат Мамышев