Утиль алым кесірінен Қазақстанда жол апаттары күрт өсті

5234

Елдегі автокөлік паркі үрейлі қарқынмен көнеріп барады.   

Утиль алым кесірінен Қазақстанда жол апаттары күрт өсті Фото: Depositphotos

Қазақстанда 2016 жылдан бері енгізілген міндетті утилизациялық алым көлік құралдарының барлық дерлік түрлеріне соққы берді.

Бір ғана мысал: Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, республикада "тілсіз жаумен" күресу үшін орман шаруашылықтарының балансында 275 өрт сөндіру автокөлігі бар, бұл қолданыстағы тиісті норманың шамамен 111%-ын құрайды.

Егер техникамен артығымен қамтылған болса, онда неге қазақстандық орманшылар және өртпен күресушілер жалынның тілін уақытында ауыздықтай алмай келеді. Құпиясы – қарапайым. Орман шаруашылықтарының балансында тұрған 275 өрт сөндіру автокөлігінің 198-і немесе 72%-ы көнерген және есептен шығарылған!

Тексеру қорытындысында, олардың 158 бірлігі жүрмейтін техника екені әшкереленді. Орманшылар мен ормандарды жалға алушылар өз бетінше 121 бірлік техниканы жөндеп, құрап-сұрап, қатарға қосты.

Сарапшылардың айтуынша, олардың бәрін жаңартуға біріншіден, саланы бюджет тарапынан жете қаржыландырмау, екіншіден, көліктің құнына барабар ақша сұрайтын утильалым айыпты.

Бұл тұрғыда экология министрі жаһандық алпауыттардың салмақты санкцияларының астында өмір сүріп жатқан Беларуське қызыға, қызғана қарайды. Өйткені біріншіден, бұл одақтастағы орманшылар да, орман пайдаланушылар да, экологтер де барлық қажетті отандық және шетелдік техникамен жете қамтылған. Екіншіден, орман өрттерін жедел анықтау үшін жаңа технологияларды қолданады.

"Мысалы Беларусь Республикасында ормандардың аумағы ерте анықтау жүйесімен толық қамтылған, соның арқасында 2020 жылғы орын алған орман өрттерінің орташа көлемі 10 гектардан 2023 жылы жылы 0,4 гектарға дейін күрт, еселеп азайтылды", – деп күрсінеді министр Ерлан Нысанбаев.

Айта кету керек, утилизациялық алым Беларусьте де бар, бірақ ол дәл Қазақстандағыдай тонаушы сипатта емес. БР кеден қызметінің дерегінше, машинаны сырттан әкелгенде, қозғалтқышының көлеміне қарамастан, кәдеге жарату алымы 2024 жылғы 31 наурыздан бастап, 3 жылға дейінгі жаңа көлік құралы үшін – 544,50 рубль, 3 жылдан асса, 816,70 рубльді құрайды.

Қазақстанда қанды қаңтардан кейін, 2022 жылғы 14 мамырдан бастап, "Жасыл Даму" АҚ кәдеге жарату алымының жаңа ставкаларын жариялады. Бұл алымның ең жоғарғы межесі 7 155 000 теңгеге дейін барады. Бұл – 1 миллион 400 мың рубльге тең. Яғни, Беларусьтегіден 2 571 есе (!) жоғары.

Бұл ретте қазақстандықтар беларусьтерден 2,5 мың есе бай емес.

Ұлттық статистика бюросы да дабыл қағуда. Оның бүгін жариялаған есебінде Қазақстанда автопарктің көнеруі қандай алапат деңгейге жеткені көрініс тапқан.

Бірінші кезекте, елде жыл сайын тіркеуге қойылатын жаңа көліктер саны ғаламат қарқынмен азаюда. 2024 жылғы сәуірде есепке 157,9 мың автокөлік қойылды, бұл көрсеткіш өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9% кеміді. Соның ішінде жеңіл автомобильдер саны 8,6%-ға, жүк автомобильдері 2,9%-ға азайды.

"2024 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда тіркелген автокөлік саны 5 млн 442,9 мың бірлікті құрады, оның ішінде 88%-ын – жеңіл автомобильдер, 9,9%-ын – жүк автомобильдері және 2,1%-ын – автобустар құрайды", – деп хабарлады ҰСБ мамандары.

Бюроның келесі статистикасы жан түршіктіреді:

  • 2024 жыл басындағы жағдай бойынша Қазақстанда автозауыттан шыққанына 20 жылдан асқан ескі-құсқы көліктердің жалпы саны – 2 миллионға 459 мың автомобильге немесе 46,16%-ға жетті.
  • 10-нан 20 жылға дейінгі көнерген көліктің үлесі – 1 миллион 265,6 мың автомобиль немесе 23,7%-дан асты.
  • 7-дан 10 жылға дейінгі ескісі – 680,7 мың немесе 12,8%.
  • 3-тен 7 жылға дейінгі салыстырмалы түрде жаңасы – 590,8 мың немесе небары 11,09%.
  • 3 жылға дейінгі жаңасы – бар-жоғы 319,7 мың автомобиль немесе 6%.

Биыл да кілең жаңасы тіркеліп жатқаны шамалы, басым көпшілігі – қолданыста болған "б/у" автомобильдер. Бұл тұрғыда утильалым өзіне жүктелген басты міндетті орындамады – шетелден көнерген көліктердің келуіне тосқауыл қоймады.

2024 жылғы сәуірде тіркелген жеңіл автомобильдердің жалпы санында шығарылған жылы 20 жылдан асып кеткен көне көліктердің үлесі – 44,8%. 10 жылдан 20 жыл аралығындағысы – 23,6%, 7–10 жыл аралығындағысы – 12,7%, 3 жылдан 7 жылға дейінгісі небары – 12,7% және 3 жылға дейінгі жаңа автокөліктер тек 6,2%.

Конвейерден түскеніне 20 жылдан асып кеткен жаман-жәутік жеңіл автомобильдердің ең көп саны Алматы облысында – 325,7 мың бірлік. Одан кейін Алматы қаласында – 189,7 мың, Жамбыл облысында – 167,8 мың, Қарағанды облысында – 162,8 мың және Шығыс Қазақстан облысында – 154,4 мың.

Көшелері және жолдары әбден тозығы жеткен автомобильдерге лық толған Қазақстанда жыл сайын жол апаттарының саны алапат қарқынмен көбейіп барады.

Ұлттық статбюроның мәліметінше, 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында республикада 6 079 жол-көлік оқиғасы (ЖКО) тіркеліп, оларда 8104 адам зардап шеккен. Өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда ЖКО саны бірден 81,3%-ға өсті. Зардап шеккен адамдар саны да 69,4%-ға ұлғайды.

Назар аударатын жайт, ЖКО-лардың басым көпшілігі автомобильдердің кесірінен болады. Жаяу жүргіншілердің кінәсінен тек 194 жол апаты болған.

Бұдан бөлек, биылғы 4 айда мопед жүргізушілерінің кінәсінен – 111, автобус жүргізушілерінің кінәсінен – 70, жүк көлігі жүргізушілерінің кінәсінен – 56, велосипедистердің кінәсінен – 5, электросамокаттар жүргізушілердің айыбынан 4 жол-көлік оқиғасы тіркелді.

Көбінесе – 2,6 мыңдай ЖКО-да машиналар соқтығысқан. 2,4 мың жол апатында жүргіншілерді басып кеткен.

Көліктердің аударылып қалуының 325, көлік ішіндегі жолаушының сыртқа құлауының 181, машинаның кедергіге соғылуының 179, тұрақтап тұрған өзге көлікке соғылуының 79, велосипедшіні қағуының 45, малдарды қағудың 40 оқиғасы тіркелді.

Салдарынан, биылғы қаңтар-сәуірде жол апаттарында 8,1 мың адам зардап шекті. Бұл бір жыл бұрынғыдан бірден 69,4% көп.

Соның ішінде 7,6 мың адам жараланды, мертікті, мүгедек болып қалды, олардың саны 2023 жылғыдан 77,4%-ға өсті.

542 адам қаза тапты. Жолдағы өлім-жітім биыл 3,8% артты.

Қазақстандықтарға көң-қоқыр жағдайға жеткен машиналардан тезірек арылып, қауіпсіздігі жоғары жаңа көліктерге көшуін ынталандыру орнына билік бұрынғы әніне басты: жылдың екінші жартысынан бастап, айыппұлды арттырып жатыр.

Парламент депутаттары қабылдаған "Жол жүрісі туралы" заңына жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" негізгі заң жобасына және "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне жекелеген көлік құралдары түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" ілеспе заң жобасына сәйкес, айыппұл артпақ.

"Өкінішке қарай, қабылдап жатқан барлық шараларға қарамастан, бізде былтыр жолдағы апаттылық өсті. Биыл да елеулі артты. Ендеше біздің қабылдап жатқан шараларымыз әзірге ахуалды тұрақтандыруға мүмкіндік бермеді. Бұл заңда айыппұлдар нақтылы арттырылып отыр: тек жол қозғалысы ережелерін дөрекі, айқын, ашық түрде бұзғандар үшін айыппұлдар өсіріледі. Жылдамдықты айталық, сағатына 10 шақырымға арттырған азаматтарға біз тиіспейміз: айыппұлын өсірмейміз. Жылдамдықты қасақана және біршама көп арттырғандар үшін айыппұлдар ұлғайтылды", – деді Ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу