Утилизациялық алым ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін арттырады

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
13065

Үш жылда 22 мың ауыл шаруашылығы техникасы жаңарады. 

Утилизациялық алым ауыл шаруашылығы техникасының өндірісін арттырады

Еліміздегі ауыл шаруашылығы техникасының 80% әбден тозған. 41 494 комбайн мен 152 629 трактордың жүруінен тұруы көп. Ал 2 821 комбайн мен  19 841 трактор орнынан қозғалмақ түгілі от алмайды. Мәселе ауыл шаруашылығы техникасының паркі жаңартылғанда ғана шешіледі. Мақсатқа жету үшін ауыл шаруашылығы техникасына утилизациялық алым енгізу қажет.

Екі жыл бұрын осындай бастама көтерілді. Энерге­тика министрлігі Үкі­метке "Трак­торларға, астық және жем жинайтын комбайндарға ути­лизациялық алым енгізу керек" деген ұсы­ныспен шықты. Мамандар ел аумағында ауыл шаруашылығы техникасын ути­лизациялауға тапсыру ынталандырылмайтынын алға тартып, түйінді тарқаудың тиімді жолын көрсетті.

"Тракторлар мен комбайндарды утилизациялауға тапсырғандарға бюджеттен субсидия беру керек. Жаңа трактор немесе комбайн сатып алу үшін сертификат табыстау қажет. Утилизациялық алым ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерден алынып, халыққа беріледі. Бюджеттен қосымша қаражат талап етілмейді. Ал сертификат иелері жаңа трактор мен комбайнды техника өндірушілерден сатып алады. Осы шеңбер арқылы ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісіне серпін беріледі", – деп дәйектеді ұсынысын мемлекеттік орган.

Кейін мәселе "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасында талқыланды. Сарапшылар отандық ауыл шаруашылығы техникасына субсидия нормативін 25-тен 35%-ға ұлғайту, ескі техникасын өткізгендерге 1,5-3 млн теңгенің сертификатын беру бастамасын көтерді.

2019 жылы 23 желтоқсанда отандық және шетелдік ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге утилизациялық алым енгізілді. Бұған бағасы қымбат шетелдік техниканы сатып алып жүрген азаматтар қарсы болды.

Ал отандық өндірушілердің техникасын сатып алып жүрген шағын шаруашылықтар керісінше, утилизациялық алымды қолдады.

Өткен айда депутаттар наразылық танытқандардың пікірін вице-премьер Роман Склярға жеткізді. 

"Шаруалар мен дихандардың жаңа трактор немесе комбайн сатып алуға шамасы жетпейді. Сондықтан олар ескі техникамен амалдайды. Бұл мәселені утилизациялық алым арқылы қалай шешуге болатыны түсініксіз. Утилизациялық алым жаңа техниканың құнын 10-30% шарықтатып жібереді", – деді олар.

Бұған жауап берген вице-премьер ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерден алынатын утилизациялық алымнан бас тартуға негіз жоқ деп санайтынын айтты.

"Тракторлар мен комбайндардан алынатын утилизациялық алым ауыл шаруашылығы техникасы өндірісінің инвестициялық тартымдылығын арттырды. Қолдану мерзімі әлдеқашан өткен ескі тракторлар мен комбайндарды утилизацияға өткізген азаматтарға жаңа техника алу үшін құны 1,5 млн теңгені құрайтын сертификат табысталады. Бүгінгі таңда комбайн мен тракторды металл ретінде өткізетін адамдарға 300-500 мың теңге ғана беріледі. Утилизациялық шығынның орны тұтынушы есебінен қайта толады, ауыл шаруашылығы техникасы паркінің жаңарып, өндіріс қарқыны артады", – деп жауап берді Роман Скляр.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мемлекеттік реттеу жөніндегі директоры Қайрат Еламановтың пікірінше, утилизациялық алым ауыл шаруашылығы техникасының отандық өндірісін ынталандырады.

"Утилизациялық алым отандық, шетелдік техникаға қатар қолданылады. Бұл бастама ауыл шаруашылығы техникасын өндірушілерге өндіріс қарқынын арттыруға себеп болады. Қолданысқа утилизациялық алым енгізілмегенде ауыл шаруашылығы техникасының бөлшегін шет мемлекеттен жеткізу жалғаса беретін еді", – деді директор.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, утилизациялық алым жаңа өндіріс орындарының ашылуына ықпал етеді.

"Келесі жылдан бастап біртіндеп локализация бағдарламасын бастап, оны бірте-бірте 20%-дан 40%-ға жеткіземіз. Бұған қоса отандық өндірушілерге ауыл шаруашылығы өнімдері бойынша лизинг беріледі. Нәтижесінде алдағы 3 жылда 22 мың ауыл шаруашылығы техникасы жаңарады", – деді Бейбіт Атамқұлов.

Министр ауыл шаруашылығы техникасы нарығында бәсекелес компаниялар көп екенін тілге тиек етіп, 28 тамызда ауыл шаруашылығы техникасын өндіру бойынша Claas неміс компаниясымен өнеркәсіптік құрастыру туралы туралы келісімге қол қойылғанын айтты.

Оның сөзінше, Claas зауыты Солтүстік Қазақстан облысында орналасады. Мамандандырылған жабдықты орнату мен техникалық қызметкерлерді дайындауды қоса алғанда, бірінші кезеңде TUCANO комбайнының өндірісі жолға қойылады. Жоба Қазақстандағы Claas компаниясының ресми өкілі "СТ-Агромен" бірлесіп іске асырылады. Облыс экономикасына салынған инвестицияның көлемі шамамен 3,4 млрд теңгені құрайды. Шығынның барлығы Claas компаниясының меншікті қаражаты есебінен өтеледі. Бастапқыда 200-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Осы жерде өндірілген тракторлар мен комбайндар ауыл шаруашылығы техникасының паркіне келіп қосылады.

Абылай Бейбарыс


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу