"Тозығы жеткен көліктерді бізге кіргізбей тұрған сол – утилизациялық жинақ"

6752

Қазақстанда утилизациялық жинақ төңірегіндегі пікірталастың жалғасып жатқанына бірнеше ай болды.  

"Тозығы жеткен көліктерді бізге кіргізбей тұрған сол – утилизациялық жинақ"

Қазір шешім қабылданды, мәселенің нүктесін мемлекет басшысы қойды. Үкіметтің кеңейтілген отырысында ол: "Утилизациялық алым бойынша барлық қаражат мемлекет пайдасына түседі деп шештік. Ендігі мәселе – мөлшерлеме деңгейін анықтау. Жұмыс тобы осы мәселені қызу талқылап жатыр. Бірден айтайын, утилизациялық алым қайта қаралады. Бірақ шектен шықпаған жөн. Автоөнеркәсіпті дамытуға жұмсалған ақшаны желге шашудың, ескі автокөліктерді сырттан әкеліп, қалдықтан нарық ашудың қажеті жоқ. Утилизациялық немесе тіркеу алымы түпкі мақсат емес. Бастысы – тұтынушылар үшін автокөліктер мен ауыл шаруашылығы техникасының қолжетімділігін қамтамасыз ету. Өндірушілер мен дистрибьютерлер тарапынан әрекет болады деп сенемін", – деді.

Үкімет міндетті төлемнің мөлшерін ақпан айының соңына дейін бекітілетінін айтқан. Дегенмен қазақстандықтардың арасында утилизациялық жинаққа қатысты алып қашпа әңгімелер әлі де тыйылар емес.

"Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС бас директоры Асемхан Дускужанов кей автомобиль иелерінің талабы орындалып, утилизациялық жинақты толық алып тастаса Қазақстанның автоөндірісі құрдымға кетеді деп есептейді. "Утилизациялық жинақ ең алдымен қорғаныш рөлін атқарады. Оның толық тоқтатылуы автомобиль құрастыру зауыттарының дамуын тежейді, тіпті, толық тоқтап қалуы да мүмкін", – деді А. Дускужанов.

Оның пікірінше, осы бағытқа жұмсалған инвестицияға ақталмай қалу қаупі төнгендіктен елдің абыройына да нұқсан келуі мүмкін.

Отандық автоөндірушілер ҚР Үкіметі жергілікті өндірісі бар кәсіпорындардың жұмысын тежейтін шешім қабылдамайды деп үсіттеніп отыр. Себебі бұл елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың жұмыспен қамтылуына тікелей әсер етеді.

"Ірі-ірі ұжымдардың жағдайы қалай болады? Бұл бірнеше жүздеген адам және олардың отбасыларының тағдыры ғой. Қазақстан Президенті утилизациялық жинақты алып тастаудың соңы неге әкеліп соғарын түсініп, шешім қабылдағанда абай болуға шақырғаны қуантады, – деді Дускужанов.

"Сонымен қатар утилизациялық жинақ бағасын тым көп түсіріп жіберсе де кері әсері болады. Жергілікті өнім көлемін арттыруға бағытталған зауыт салу да қиындай түседі", – деп ескертті Дускужанов.

"Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС бас директоры утилизациялық жинақтың енгізілуі инвесторлардың біздің нарыққа деген қызығушылығын арттырғанына тоқталды. "Осы қысқа уақыт аралығында жаңа зауыттар ашылды. Жылдар бойы көлік сатумен ғана айналысқан диллерлер ірі зауыт салып, өндірісті қолға аламыз деген ұсыныстармен шықты. Шетелдік серіктестер де жаңа модельдерді бірлесіп құрастыру туралы ұсыныстар айта бастады. Сондықтан утилизациялық жинақты енгізудің тиімді тұстары да көп", – деді Дускужанов.

Бұдан бөлек, "Daewoo Bus Kazakhstan" ЖШС бас директоры утилизациялық жинақ Қазақстан автопаркін сапасыз, ескі техникадан қорғап тұр. "Көбі техникалық регламентке сәйкес келмейтін, ескі көліктер қаптап кетсе қандай қауіп төнетінін дұрыс бағамдай бермейді. Тозығы жеткен көліктерді, сапасыз арнайы техниканы бізге кіргізбей тұрған сол – утилизациялық жинақ", – деді ол.

Қазақстан автобизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, қазір Қазақстандағы жалпы көліктердің 75%-ы жергілікті өнім. 2021 жылы жаңа көліктердің сатылымы 26%-ға өсіп, 117,59 мың данаға жетті. Оның үштен екісі отандық өнім.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу