Оның сөзінше, Америкадағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын сараптама қорытындысы келген және В сынамасы расталған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Бірер күн бұрын Р.Ерденбеков әлеуметтік желідегі парақшасында бокстан әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының ісі қаралып жатқанын хабарласа да, нақты ақпарат бермеген болатын.
20 қаңтарда Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті алғаш рет кәсіпқой боксшының допинг-сынамасының қорытындысын жариялады.
– Жақында Америкадағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын сараптама қорытындысы келіп, В сынамасы расталды. Қазіргі уақытта Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз қолына алды. Өйткені, ол – федерациямыздың лицензияланған боксшысы. Сонымен қатар, оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада, біздің санкциямызбен ұйымдастырылды. Қазір басты мәселе: ол бұл затты әдейі қабылдады ма, жоқ па? Оның ағзасына қалай түсті? Әзірге осы сұрақ ашық күйінде тұр, – деді Рахымжан Ерденбеков.
Негізінен Жәнібек Әлімханұлына қатысты әртүрлі алып-қашпа әңгімеге 19 қаңтарда нүкте қойылуы керек еді.
"Қазақ стилінің" ісін тәуелсіз сарапшылар да, ҚР Туризм және спорт министрлігінің өкілдері де қарап жатқан көрінеді.
– Жәнібекке көптеген сұрақ қойылды. Сәуір айынан бері біз оның осы заттар анықталғанға дейінгі бүкіл өмір жолын тыңдадық. Кеше мен қазір жариялай алмайтын жаңа деректер белгілі болды. 23 қаңтарда тыңдауды жалғастырамыз, – деді Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті.
Яғни, Жәнібек Әлімханұлының допинг ісі 23 қаңтарда қайта қаралмақ.
Ол істі қарау қорытындысы бойынша барлық материал тиісті ұйымдарға, соның арасында WBO, IBF және басқа да ұйымға жолданады. Титулдарынан айыру немесе айырмау жөніндегі шешімді солар қабылдайды. Тыңдаулар уақытында Жәнібек Әлімханұлы жекпе-жектерден шеттетіліп отыр.