Вакцинация бизнесінен сауда орталықтары қалай пайда табуда?

3177

Кейбір кәсіпкер әкімдіктердің өздерін кемсіткеніне ренжулі. 

Вакцинация бизнесінен сауда орталықтары қалай пайда табуда?

Швейцарияның Credit Suisse инвестбанкінің сараптамалық есебіне жүгінсек, 2021 жылы антиковидтік вакциналардың әлемдік нарығы 40–80 млрд долларға дейін жетпек. Сома арасындағы ғаламат айырмашылық коронавирусқа қарсы вакциналардың көбісінің әзірге тіркелмеуіне байланысты. Яғни, ДДСҰ неғұрлым көп вакцинаны бекітсе, нарықта бәсекелестік соғұрлым артады. Тиісінше, баға арзандап, мемлекеттердің вакцинаға шығындары азаймақ, деп жазады Inbusiness.kz.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министр Марат Шоранов биылғы қаңтар айының соңында 10 млн қазақстандықты вакцинациялау үшін 50 млрд теңге бөлінгенін хабарлады. Бұл ақшаның үлкен бөлігі "Спутник V" вакцинасын сатып алуға Ресейге кетеді.

Бірақ сарапшылар да, журналистер де бұл қаражаттың жетеріне сенбейді. Оның үстіне ДСМ осы соманы үнемі өсіріп келеді. Бастапқыда 15 млрд теңге қажет болатынын айтқан, кейін оны 17 миллиардқа дейін көтерді. Мәселен, журналист, шолушы Михаил Козачков қарапайым есеп нәтижесінде Қазақстанның вакцинациялауға 50 емес, 130 млрд теңге жұмсайтынын анықтапты.

"Іс жүзінде Қазақстан ресейлік "Спутниктің" екі дозасын 26 доллардан сатып алуға ғана келісе алыпты. Ендеше 10 млн адамға 50 млрд жетпейді. Отандық вакциналарды жасау және басқа шығындарын қосқанда, 50 млрд орнына 120–130 миллиардтай кетуі мүмкін", – деп болжады.

Айтпақшы, таяуда қоғам белсенділері мен журналистер Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойға "қазақстандықтарды вакцинациялау жалпы алғанда, қаншаға түсетінін" нақты айтуды сұрап, хат жолдады. Әзірге ДСМ жауап қатқан жоқ.

Бұл "майшелпектен" Қазақ ұлттық аграрлық университеті үлес алып қалуға тырысып көрмек. Университет Огайо штатының университетімен бірлесіп, егілмей-ақ денеге енгізілетін суббірлікті вакцина әзірлеп жатыр.

Әрине, вакцина өндіріп, тасудан аулақ өзге бизнесмендерге әлгі миллиардтар тимейді. Дегенмен, осы науқанды пайдаға жаратып қалуға болады екен. Мысалы, ірі сауда ойын-сауық орталықтары өзінде вакцинациялау пунктерін ашуды әлеуетті сатып алушыларды көбірек тарту тетігі ретінде қолдануда.

Тұтынушыларды тартудан басқа қандай пайда бар? Ондай пунктер жұмыс істейтін объектілерге демалыс күндері де, сондай-ақ мерекелерде де еш шектеусіз жұмыс істеуге рұқсат етіледі. 

Әйткенмен, бұл салада бәсеке жоғары. Кемсітушілік те байқалады. Нұр-Сұлтанның ескі орталығында, Иманов-Уәлиханов көшелерінің түйіскен тұсында, тоғыз жолдың торабындағы "алтын шаршыда" орналасқан "Алма-Ата" іскерлік үйі осы игілікке қол жеткізуге талаптанып көріпті. Билік илікпеген. Кәсіпкер тіпті ол үшін тегін алаң, орын бөлуге әзір.

"Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында халықты жаппай вакцинациялау науқаны өріс алуда. Осы орайда бірқатар сауда орталықтары мен базарларда егілу пункттері ашылды. Бұл ретте вакцинациялау бекеттерін ашу бойынша барлық бизнесменге түсінікті, нақты әрі жария критерийлер жоқ. Билік оны қай орында ашу керектігін қалай анықтауда? Мысалы, осының алдында "Алма-Ата" сауда үйі Нұр-Сұлтан қаласының Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хатпен жүгінді. Сондай-ақ, астаналық денсаулық басқармасынан да, "Qazproperty" басқарушы және сервистік компаниялар қауымдастығынан да осы істе жәрдемдесуді сұрадық", – дейді "Алма-Ата" сауда үйі" ЖШС директоры Әділбек Асайынов.

Таяуда денсаулық басқармасы бұл сауда үйінде егілу пунктін ашудан бас тартылатыны туралы жауап жолдады. Қалалық шенеуніктер бұл шешімін қалай негіздейді? Олардың байламынша, аталған ауданда вакцинация №8 емханада жүргізілуде. Сондықтан әкімдік емхананың жанынан тағы бір пункт ашуды орынсыз санайды.

"Осы себеппен бұлай бас тартуы негізсіз! Сондай да себеп болады ма екен. Қаланың әрбір ауданында бірнеше емхана, жеке клиникалар бар. Егер осы себеп бас тартуға негіз болса, вакцинациялау орындары бірде бір сауда орталығында ашылмауға тиіс еді. Мысалы, "Mega Silk Way" сауда ойын-сауық орталығында ашуға рұқсат етті. Ал оның айналасы емханалардың, ауруханалардың және басқа да медициналық мекемелердің тұтас кешендеріне толы. Жолдан өтсең болды, тиіп тұр", – деп ашынады кәсіпкер.

Ұқсас қиындыққа тек елорда емес, өзге қалалардағы орталықтар да жолыққан. Жалпы, әкімдер бетін қайтарып отырған сауда орындарының қожайындарының қапаланатын жөні бар. Олардың айтуынша, карантиндік шектеулер сауда үйлері мен орталықтарының жұмыс кестесіне кері әсер етуде. Сауна, бассейн, спорт залдары, мейрамханалар мен дәмханалар және басқа да бизнес нысандары Ashyq жобасына қосылып, клиент қабылдауда. Ал ауданы 2 мың шаршы метрден асатын ірі сауда орталықтары әрлі-берлі кіріп шығып жататын мыңдаған адамның әрқайсысының дерегін осы қосымшаға жүктеп, тексеріп тұра алмайды. Олай жасаса, әуежайдағыдан сорақы кезек пен дау-жанжалдар туар еді.

Бұл шектеулер ірі сауда алаңдарындағы арендаторларға кері әсер етуде. Олар толыққанды жұмыс кестесіне көше алмаған сауда үйлері мен орталықтарынан кетіп, келісімдерін жаппай бұза бастаған. Алайда ашылған алып СОО-лардан орын таба алмаған бірқатар ұсақ бизнесмен төл бизнесін жабуға мәжбүр. Сондықтан олар өздері орналасқан сауда үйі мен орталығының әкімшілігінен егу пунктін ашуды қиыла сұрайды. Әкімдіктер болса, оған рұқсат етпейді. Оны ашу үшін қандай талап-критерийлер орындалуы керектігін де түсіндірмейді.

Бұл салада басқа да проблема жетерлік. Мысалы, кейбір СОО-лардағы егу пунктінде жұмыс істеп жатқан дәрігерлерге айлық төленбеген.

"Мен медициналық университеттің резидентімін. Бізді сауда ойын-сауық орталығындағы медициналық пунктте халықты жаппай вакцинациялау жүргізуге шақырды. Міне, екі айдан бері тегін жұмыс істеп жатырмыз. Ал о баста ай сайын 200 мың теңгеден төленеді деген. Демалыс және мереке күндердегі жұмыс үшін екі еселенген ақы төленетіні айтылды. Соған сеніп, тәулігіне 12 сағаттан жұмыс істедік. Демалыс, мереке күндері де еңбек еттік", – дейді Балжан Ы.

Тек жақында ғана бұл медқызметкерлермен келісім бекітіліпті. Оның өзінде "ақ халаттылар", дұрысы ковид-костюмдегі мамандар әкімдіктің алдында жиналып, наразылық білдірген соң ғана іс ілгерілеген. Алайда ол келісімнің шарттары екпе салушы мамандардың көңілін қалдырды: онда 150 мың теңгеден төленетіні, бірақ одан салықтар шегерілетіні көрсетіліпті. Бұған қоса, демалыс пен мейрам күндері істеген қосымша сағаттар үшін жеке еңбекақы берілмейтіні әшкереленген. Билік бұлай алдауын тоқтатпаса, уәдесін орындамаса, вакцинациялаушы медқызметкерлер СОО-лардағы егу пунктеріне кете бастауға ниетті.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу