Вакциналық ұлтшылдық

5019

Бақуатты мемлекеттер екпенің миллиардтаған дозасын алдын-ала иемденетін болса, әлемнің талай елінің коронавирусқа қарсы препараттарға қолы жетпей қалуы мүмкін.  

Вакциналық ұлтшылдық

Covid-19-ға қарсы вакцина жасау жұмыстары қазір әлемнің 30-дан астам елінде жүргізіліп жатыр. Олардың арасында ынтымақтастық қана емес, үлкен бәсеке де бар. Кейбір мемлекеттер қандайда бір эспериментальдық вакцинаның тиімділігін дәлелдесе, соны өзгелерден бұрын сатып алу үшін бірінші кезекке тұрып үлгерді және де олар жаңа препаратты басқалардан ертерек алу мақсатында зерттеулерге миллиардтаған доллар қаражат бөліп отыр.  Қоғам денсаулығын сақтау мамандарының пікірінше, мұндай "вакциналық национализм" коронавирустың жолын бөгеуге кедергі жасап, пандемияның ғұмырын одан әрі ұзартып жіберуі мүмкін. 

1. Вакциналық ұлтшылдыққа кімдер бой алдырды?

Коронавируспен күрес шараларын жетілдіруге бағытталған Warp Speed операциясы аясында АҚШ өз азаматтарын ең алдымен қорғауды бірінші орынға қойған вакцина жасаушы компанияларды қолдауға миллиардтаған доллар қаражат бөліп отыр. Және де Америка әкімшілігі тиімділігін дәлелдеп қалуы мүмкін  екпелердің жүздеген миллион дозасына алдын-ала тапсырыс беріп, оларды 2021 жылдың қаңтарынан бастап халыққа егуге әзірленіп жатыр.

"Біз вакциналық ұлтшылдықтың алдын-алуға тиіспіз. Дайын екпені стратегиялық және ғаламдық деңгейде ортақ пайдалану іс жүзінде әр елдің ұлттық мүддесіне сай келеді", – дейді Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус сейсенбі күні жасаған мәлімдемесінде.

2. АҚШ-тан басқа тағы қандай елдер?

Ұлыбритания бұл іске АҚШ-тан да бұрын кірісіп, GlaxoSmithKline Plc және Sanofi компанияларынан Covid-19-ға қарсы вакцинаның 60 млн данасын сатып алу туралы құжатқа қол қойды. Үндістанда кандидат-вакциналардың бірін жетілдіріп жатқан институт коронавирустан емдей алатын екпе пайда болса, ол ең алдымен ел ішіне тарауы керек деген позициясын ашық жариялап отыр. Жапония болса, Pfizer Inc. және BioNTech SE фирмаларымен вакцинаның 120 млн дозасын сатып алуға бұрын уағдаласқан. Ал, Германия, Франция, Италия, Нидерланды AstraZeneca компаниясымен 300 млн вакциналық дозаға тапсырыс беру туралы алдын-ала келісімшарт жасасты.  

3. Вакцинаны экспорттау неге қиын?

Қазір вакцинаға инвестиция салудан бұрын, сол екпенің қайда шығарылғаны әлдеқайда маңызды болып тұр. Кейбір фармацевтикалық компаниялар өздері орналасқан елдердің үкіметтерінің бақылауына түсіп, жаңа вакцинаны ең алдымен жергілікті халыққа жеткізу талабын орындауға мәжбүр болуы мүмкін. Ал, экспортқа рұқсат берілсе ғана жол ашылмақ. Айта кетсек, биыл  пандемияға байланысты әлемнің 90-нан астам елі мен территориясы сыртқа дәрі-дәрмек пен медициналық құрал-жабдық шығаруға шектеу қойып отыр.

4. Вакциналық ұлтшылдардан кімдердің ұстанымы өзгерек?

Ондай үш топ бар – Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, Эпидемияға дайындық инновациялары коалициясы (жаңа вакцинаны насихаттайтын ұйым) және вакцина жеткізуге мамандандырылған Gavi ғаламдық коммерциялық емес тобы. Бұл халықаралық мекемелер тиімді екпе шығарылса, оны әлемге әділ бөлуді көздейтін арнайы  бағдарлама жасақтады.  Ол  құжат Covid-19 Vaccines Global Access Facility (Covax) деп аталады. Жаңа бағдарламаға жүгінсек, табысы жоғары елдер 12 экспериментальдық вакцинаны жетілдіруге 18 млрд доллар инвестиция салып, тиімді екпе жасалса, оның күллі әлемге дер кезінде таратылуын қамтамасыз етуі керек.

Тағы бір айта кететін жайт – Қытай президенті Си Цзиньпин мәлімдегендей, оның елінде жасалған кез-келген тиімді вакцина қол жетімді болып, планетада "қоғам игілігіне" жарауы керек. 

5. Бұндай ұстанымның перспективасы қандай?

Әлемнің 70-тен астам елі Covax-ке қосылуға ынта білдіргенімен, олардың ешқайсы ресми түрде мұндай шешім қабылдаған жоқ. Жоспарға сәйкес, донор-елдер тамыздың соңына дейін мойындарына міндеттеме алып, жоғарыда аталған 18 млрд доллардың 15%-ын ортақ қазынаға салулары керек. АҚШ, Үндістан, Ресей бұл бағдарламаға қатысудан бас тартты.

Тағы бір проблема сол  – Қытайдың өзі жасаған кез-келген вакцинамен бөлісемін деген уәдесі сапа мәселесіне тірелмей ме? 2018 жылы бұл мемлекеттің вакцина жасаушылары өндірісте кемшіліктерге жол беріп, әлемдік беделіне нұқсан келтірген еді. Сол оқиғадан кейін Бейжің жаңа заң қабылдап, бұндай өндірушілерді орасан айыппұлмен жазалай бастады.

Вакциналық ұлтшылдық әлемге таңсық емес

Кейбір мамандардың пікірінше, "әр ұлт өзі үшін" деген өзімшілдік басқалардың вакцинаға қол жеткізу мүмкіндігін азайтып, бағаны өсіріп, кедей елдерді қиын жағдайға душар етуі мүмкін. Осындай ұстаным салдарынан 2009-2010 жылдардағы жағдай қайталанады деген қауіп бар. Сол кездегі пандемия барысында бай елдер H1N1 тұмауына қарсы вакцинаны түгел сатып алған еді және де вакцинаға қолы жетімді әрі сол үшін төлеуге дайын мемлекеттердің өзімшілдігі алдағы жылдары тіпті халықаралық қатынастарға да әсер етіп, вакциналар біреулер үшін саяси дауларда сөз өткізудің тетігіне айналып кетуі мүмкін. Бұған қоса, бірқатар бақылаушылардың ойынша, егер екпелердің алғашқы дозаларын бірінші бақуатты мемлекеттердің тұтас халықтарына таратпай, ең үлкен қауіпке тап болған топтарға – медицина қызметкерлеріне, қарттар үйлерінің персоналына, егде жастағы адамдарға үлестіретін болса, әлемдік пандемияны тезірек ауыздықтауға болады.

"Егер сіз, мәселен, АҚШ пен Еуропа одағының халықтарын тұтастай екі дозалық екпемен вакцинациялайтын болсаңыз, 1,7 млрд дозаны иемденесіз. Сонда өзгелерге ештеңе қалмайын деп тұр. Тіпті вакцина 30-40 елге жетті дегеннің өзінде, тағы 150-ден астам мемлекет екпесіз қалып, эпидемия әрі қарай өрши бермек", – дейді Gavi альянсының атқарушы директоры Сэт Беркли "Рейтер" агенттігіне берген сұхбатында.


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу