Вейпқұмарлар қапас "торға" қамалады

2252

Цой Қазақстанды "100% түтінсіз аумаққа" айналдыруға дайын. 

Вейпқұмарлар қапас "торға" қамалады

Елімізде шылымқорлар саны азайып келеді. Денсаулық сақтау министрлігі 2017 жылы ерлердің 46%, әйелдердің 5%-ы тұрақты түрде темекі өнімдерін тұтынатынын мәлімдеген. Қазіргі кезде ерлердің тек 28,5% және әйелдердің 8,5% көк түтінді құшырлана сорып жүр. Шылымға қалалықтарға (17,6%) қарағанда ауылдықтар (19,1%) көбірек құмар. Алайда қалалықтар арасында вейп секілді электронды сигареталар, айкостар кеңірек таралуда. Енді оларға қарсы үлкен қыспақ басталды.

Вице-министр болып тұрған тұста Алексей Цой Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанды "жүз пайыз түтінсіз аумаққа" айналдыруға бет алатынын мәлімдеген-тін. Кейін бұл бағытта көптеген шектеу енгізіле бастады. Бүгінде сауда орындарына жеке куәлігін көрсетпеген адамға жасына қарамастан, сигарет сатуына тыйым салынды. Касса маңында төбеден төніп тұратын темекі сөрелері шымылдырықтың артына жасырылады. Қоғамдық орындарда ғана емес, барлық ғимаратта, тіпті автобус аялдамаларында шылым шегуге рұқсат етілмейді. Бұл өнімнің акциз салығы күрт өсірілді. Қоғамдық нысандарда, ауруханаларда, жұмыс орындарында, мектепте, дүкендерде, қоғамдық көлікте темекі жарнамасына тыйым енгізілді. Осылайша, елде темекі түтінінен 100% азат аумақтар ауқымы артуда. 

Вейпер – шылымқордың серігі

Ведомство бұл бағытта жаңа қадам жасап отыр: электронды сигареттерді, сондай-ақ IQOS, "парилка" аталатын қыздырылатын темекісі бар бұйымдарды, темекі қыздыруға арналған жүйелерді, тұтынудың электрондық жүйелерін және оларға арналған сұйықтықтарды ғимарат ішінде қолдануға тыйым салынады. Оларды тұтынушылар үшін "арнайы бөлінген орындар", яғни бокстар жабдықталуға тиіс.

Министр Алексей Цойдың жаңа бұйрығы жобасына сәйкес, бұл бокстардың есігі болады. Бұл ретте оның ішіндегі түтінмен ластанған ауаның ғимарат ішіне, жапсарлас үй-жайларға енуіне жол берілмеуі керек. Қазірдің өзінде Нұр-Сұлтан қаласында "Бейбітшілік және келісім сарайы", "Тәуелсіздік сарайы" және басқа да бұқаралық орындарда шылымқорларға осындай арнайы бокстар қойылған. Енді сол тор ішінде вейпқұмарлар да темекіқұмарлармен бірге тұратын болады.

Ал басқа ғимараттарда, мемлекеттік органдарда мұндай кабиналар қарастырылмаған: темекі тартқысы келгендер далаға қуылады.

"Темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орындар кабиналар түрінде орналастырылуы мүмкін. Оның сыртқы жағында "Темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орын" деген жазба не белгі орналастырылады. Бұл орындарда сусын және тамақ ішуге жол берілмейді", – делінген құжатта.  

Кабинада күлсалғыштар немесе урналар қойылуы қажет. Тұқылдар мен сіріңкелерді сөндіруді қамтамасыз етуі үшін урна құммен не басқа жанбайтын сіңіргіш материалмен толтырылуы керек.

Әрине, мұндай бокстар коронавирус тарату ошақтарына айналуы ғажап емес. Сондықтан еден жуушыларға және санитарларға салмақ түспек.

"Темекі бұйымдарын тұтынуға арналған орындарда жуу және дезинфекциялау құралдарын қолдана отырып, күнделікті ылғалды тазалау жүргізіледі. Урналар мен күлсалғыштар күн сайын және толуына қарай тұқылдардан және қоқыстан босатылады, күнделікті жуылады", – делінген бұйрық жобасында.

Темекімен терезеге жақындама

Темекіге қарсы күрес жүргізіп жүрген қоғам белсендісі Наталья Соломатина мемлекет оларды "қудалауда" қатал болуы керек дейді.

"Шылым шекпейтін азаматтар мен балалардың денсаулығын қорғау мақсатында жақсы заң қабылданды. Шаралары да тамаша. Бірақ жеткіліксіз. Шылымқорлар біз сияқты көп қабатты үйлерде тұрады. Тұрғын үйлерде оларға бөлінген орындар жоқ. Содан олар темекі тартуға балконға шығады немесе түтінін ашық терезеден сыртқа үрлейді. Салдарынан улы түтін көрші үйлерге тарайды, өзгенің денсаулығына нұқсан келтіреді. Шылымқорлар тұратын көпқабатты үйлерде темекінің күлімсі иісін барлық пәтерлерден сезуге болады, амалсыздан ересектер де, балалар да сонымен тыныстауға мәжбүр. Ал пассивті шылым шегудің де аса қауіпті екені дәлелденген", – дейді ол.

Сонда не істеу керек?

"Тек тұрғын үй ішінде және кіреберісте темекі тартуға тыйым салумен шектелуге болмайды. Бұған қоса подъезд жанында, терезелер түбінде, сондай-ақ баспананың балконы мен терезесінен шылым шегуге де тыйым салу керек. Бұдан бөлек, әрбір аулада балалар алаңынан және пәтерлерден аулақта темекі тартуға арналған кабина жабдықталуын міндеттеу қажет. Бүгінде көппәтерлі үйлерде әртүрлі салондар, мейрамхана-дәмхана, сауда орындары орналасқан. Оның қызметкерлері мен клиенттері шылым шегуге далаға шығады. Бұл да пәтер иелері терезесінің түбі саналады. Осы сорақы тірлікті де тоқтатқан дұрыс", – дейді Наталья Соломатина.   

Ол "қолданыстағы заңнаманы кіреберіс-подъездердің және тұрғын үйлер терезесінің жанында, сонымен қатар балконнан және ашық терезеден темекі тартуға толық тыйым салатын нормамен толықтыру" туралы ұсынысын ДСМ басшысы А.Цойға жолдады.   

Ал жеке нотариус Жұлдыз Молдиярова бір ғимаратта орын тепкен көрші ұйымның темекіқұмар қызметкері өзін қажытқанын айтады.

"9 қабатты үйдің бірінші қабатын бірнеше ұйым жалдаймыз. Ғимараттың сыртқы есігінің алдына күлсалғыш-урна қойылған, көршілес компания қызметкері сол жерде үнемі будақтатып тұрады, ол түтін адамдармен бірге ішке енеді. Бұрын ол әйел дәлізде шегетін, себебі жазда "дала ыстық", ал күз бен қыста "сигаретім дымқылданып қалады" дейтін. Бірнеше рет полиция шақырғаннан кейін, сыртқа шығатын болды. Әдейі істей ме, кейде шылымын сөндірмей тастай салады, одан өзге қоқыс тұтанып, бықсып жанады, дәліз түтінге толады. Ұялтып та, адамгершілікке шақырып та көрдік. Сөз өтпейді. Кейде ол есіктің дәл алдында кезек күткен клиенттермен қосылып темекі тартады. Үш жылдан бері осылай пассивті "темекі тартып" келеміз", – дейді Ж.Молдиярова.

Жанат Ардақ


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу