Ветеринар АШМ-ның өтірігін әшкереледі

20187

Құлағынан сырғасы түсіп қалған сиыр – жаңа сиырға айналады. 

Ветеринар АШМ-ның өтірігін әшкереледі Фото: sputniknews.kz

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметіне жүгінсек, бүгінде Қазақстанда 7 миллион 436 мың 407 ірі қара мал бар. 2019 жылы Зеңгі бабаның 7 миллион 150 мың 920 түлегі болған екен. Осылайша, сиыр мен бұқаның басы 104 пайызға өсіпті. Қарапайым тілмен айтқанда бір жыл ішінде ірі қара мал саны 285 мың 487-ге көбейді.

Дегенмен, мамандар сөзіне сенсек, бұл көзбояушылық көрінеді.

Ветеринар мен педагог проблемасы бір

"Шығыс Қазақстан облысының ветеринарлық дәрігерлері" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Есенгелді Бәкімбаев Қазақстанда ветеринария саласында сын көтермес жағдай қалыптасқанын білдірді. Біріншіден, министрлік жете пысықталмаған базаны барлық облысқа таңуда.

"Малдарды тіркеу саласы қарама-қайшылықтарға толы. Малдарды есепке алып, ортақ деректер қорына кіргізу, әрине, қажетті шара. Алайда ол жеткілікті дайындықсыз қолға алынды. Елордада жазылған ережелердің ауыл-аймақ мүмкіндіктерге сай келмеуі жергілікті ветеринария мамандарына көптеген қиындық туғызуда. Мысалы, көп жерде интернет жоқ, болғанның өзінде жылдамдығы төмен. Салдарынан "Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру" (ИСЖ) базасы өте нашар істейді. Оның бағдарламасындағы ақаулар жұмысқа айтарлықтай кедергі. Көптеген ақпарат базаға кіргізген соң ізінше жоғалып кетеді. Бір деректі табу үшін бірнеше сағат уақыт шығындауға тура келеді. Бір сөзбен айтқанда, ИСЖ базасы да, оның бағдарламасы да дұрыс істемейді. Бұл бағдарлама жан-жақты пысықтап, қайта құруды талап етеді", – деді ол.

Екіншіден, өңірлерде мал дәрігерлері де педагогтердің кебін құшқан.

"Соңғы кезде қойылып жүрген "ветеринарлық іс-шаралар базаға істелген күні кіргізілсін" деген талап мүлдем ақылға қонбайды. Таң азаннан қас қарайғанша ауылдарды, фермерлік-жеке шаруашылықтарды аралап, еңбектен қолы босамайтын мал маманы атқарған барлық шаруасын дәл сол күні министрлік базасына енгізуге міндетті. Бұл тіпті физикалық тұрғыдан мүмкін емес шаруа. Нұр-Сұлтандағы шенеуніктерге керек деректерді ай соңына дейін, не келесі айда енгізсе, одан келіп-кетер зиян болмас", – дейді Е.Бәкімбаев.

Үшіншіден әрі ең сорақысы, малдарды есепке алу бәрібір атүсті, формальді түрде жүргізілетін болып шықты.

"Малдардың құлағына тағылатын сырғалар соның ішінде, әсіресе, ірі қара малдарға арналғандары өте кеш келеді. Биыл мысалы, әлі келген жоқ! Салдарынан жаңа туылған төлдер жылда 7–8 айлық болғанға дейін есепке алынбайды, алынған кезде тайынша-тана жасына жетіп қалса да, 3 айлық бұзау болып тіркеледі. Оның қандай маңызы бар? Жастан жаңылысу сарып-бруцеллез ауруына тексеруге қан алу кезінде қиындықтар туындатады. Өйткені сарыпқа талданатын қан мал 12 айдан асқан кезде алынуға тиіс, ал құжат бойынша осы меже жеткенде, төлдер 1,5 жасқа келіп қояды", – деді сарапшы.

Сырға сапасы сын көтермейді

Ветеринарлық дәрігерлер ұйымының басшысы мал құлағына бекітілетін сырғалардың сапасы нашар екеніне назар аудартты.

"Малдардың, соның ішінде ірі қара малдардың сырғалары өте сапасыз. Сәл бірдеңе тиіп кетсе түсіп қалады, сондай-ақ суыққа төзбей, морт сынады. Осылайша, жыл бойы мал сырғаларының 25–30%-ы жоғалады. Малдардан қан алынып, егу жұмыстары жүргізілгенде сырғасы жоқ малдарға онысы қайта салынады: сырғаның нөмірінсіз зертхана қан қабылдамайды. Бірақ жаңа сырғаға сәйкес ол малдар "жаңа ірі қара мал" болып есепке қойылады. Нәтижесінде, ИСЖ базасындағы малдың саны нақты, яғни өмірде бар санынан еселеп артып кетті. Себебі, мал иелері сырғаның жоғалғанын айтып, оның дубликатын сұрап арызданбайды. Мұның оларға еш қажеті жоқ. Оның үстіне билік үшін жоспарлы сырғаны дайындап жеткізу проблема болып жатқанда, дубликатқа кім бас қатырады", – деді мал дәрігері.

Ол "ИСЖ ережелерін шаруашылықта жұмыс істемеген, өндірісті білмейтін адамдар дайындағаны көрініп тұр" деген байлам жасады.

Ветеринар-маман Анна Леонович шенеуніктердің осы саланы жүйелі түрде күйретіп жатқанына қамығады.

"2019 жылдың қарашасында Қазақстанда "Ветеринария туралы" заңға өзгерістер күшіне енді. 2020 жылдың наурызынан бастап аудандық деңгейлердегі барлық ветеринария бөлімдері жойылды. Алайда бірдейлендіру-идентификация, ветеринарлық-санитарлық ережелер, аса қауіпті аурулар кезінде өтемақы жасау ережелері және басқасына қатысты заңнамалық актілер, АШМ қаулылары күні бүгінге дейін өзгертілмеген. Әсіресе, ауылдарда көп мәселе қордалануда. Ветеринарлар аудандардың ветеринарлық саламаттылығына қай шенеунік жауап беретінін білмейді. Өйткені аудан әкімдіктері үшін енді ветеринарлық мәселе деген жоқ!" – дейді А.Леонович.

Мал сырғасының бағасы – миллиард теңге

Мамандардың шағымына АШМ жауап берді.

"Біріншіден, интернет болмауына байланысты базаның жұмыс істемейтініне не оған деректі енгізудің қиындығына келсек, интернет желісін жүргізу ақпараттандыру саласындағы мүдделі меморганның – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыретіне кіреді. Біздің министрлік бұл процесті тездетуге ықпал ете алмайды. Ал ИСЖ ақпараттық жүйесінің жұмысын жетілдіру бойынша ұсыныстар қабылдауға дайынбыз", – деді АШМ-ның Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті төрағасының орынбасары Салтанат Абылқасымова.

Оның мәліметінше, 2020 жылы "Республикалық эпизоотияға қарсы отряд" республикалық мемлекеттік мекемесі ірі қара мал мен түйеге тағу үшін 291,5 миллион теңге сомаға – 3 млн 437 мың 34 дана, сонымен қатар қой-ешкі және шошқаның құлағына ен салу үшін 660,6 миллион теңгеге – 11 млн 383 мың 875 дана сырға сатып алуды жоспарлапты. Жалпы сомасы миллиард теңгеге жуықтайды.

"Әйткенмен, Қаржы министрлігінің Нұр-Сұлтан бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің 2020 жылғы 19 мамырдағы хабарламалары негізінде ауыл шаруашылығы жануарларының аспалы құлақ сырғаларын сатып алудың конкурстық рәсімдері тоқтатылды. Жуырда, 11 маусымда қайтадан тендер жарияланды. Нәтижесінде, мал сырғаларын сатып алу кешікті", – дейді комитет төрағасының орынбасары.

Ауыл шаруашылығы министрлігін Асылжан Мамытбеков басқарып тұрған тұста, 2012 жылы 1 миллионнан астам сиырдың жетіспейтіні, яғни өтірік қосып жазылғандығы анықталғаны бар. Бұл сол кезде ірі қара малға ен салу, идентификациялау кезінде әшкереленген. Соның кесірінен 60 мың тонна ет экспорттау бойынша міндет уақытында орындалмай қалды.

Енді сырғасы жоғалған малдарға жаңа сырға тағылуы нәтижесінде сала көрсеткіштерінің жасанды түрде көркейтіліп жатқаны рас болып шықса, бұл тіпті бүкіл Қазақстанның ЖІӨ-сін қайта есептеуді қажет етуі мүмкін. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу