Вице-министр мектептер дәстүрлі оқу форматына қалай көшетінін түсіндірді

3399

Бастауыш сыныптарға мектеп формасын кию міндетті емес.  

Вице-министр мектептер дәстүрлі оқу форматына қалай көшетінін түсіндірді

1 наурыздан бастап 1-5 сыныптардың дәстүрлі оқу форматына көшетіні туралы ақпарат ата-аналардың басын қатырып жатыр. Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында аталмыш талаптың кімдерге қатысты екенін және қалай қадағаланатынын түсіндірген пост жариялады.

"2021 жылғы 1 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2021 жылғы 27 ақпандағы № 9 қаулысына сәйкес, сондай-ақ санитариялық-эпидемиологиялық жағдайдың жақсаруы мен тұрақтануына байланысты, жалпы білім беретін мектептердің 1-5 сынып және халықаралық мектептердің 1-7 сынып білім алушыларын аралас форматта оқытуға рұқсат етілді", – деп жазады БҒМ өкілі.

Яғни, аталмыш сыныптар түгелдей дәстүрлі форматқа ауысады деу әлі ерте. Министрлік қай пән онлайн фоматта, қай пән дәстүрлі форматта оқытылатынын мектептердің өзі шешеді деп отыр. Дегенмен, салаға жауапты құзырлы орган ретінде "көркем еңбек" және "музыка" пәнінен басқап сабақтың бәрін дәстүрлі қалыпқа көшіруге кеңес береді.

"Өңірлердегі санитариялық-эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, қай оқу пәндерінің штаттық немесе қашықтан оқыту форматтарында жүргізілуін және оқу сағаттарының санын анықтауды мектептер дербес шешеді. Бұл ретте мектептер осы оқу жылында қолданыстағы жұмыс оқу жоспарларын басшылыққа алады. Сонымен қатар, Білім және ғылым министрлігі "Көркем еңбек" және "Музыка"  пәндерін  1-5 сыныптарда қашықтан асинхронды форматта қалдыруды, қалған пәндерді штаттық форматқа көшіруді ұсынады", –  деп жазылған вице-министрдің постында.

Министрлік бастауыш сынып оқушыларының білім алу процесінде ортамен байланыстың ерекше екенін ескергендіктен де осындай шешім қабылдаса керек. Бұл жерде әр баланың жағдайын жеке қарап, қажет болған жағдайда тұтас сыныпты емес, жекелеген оқушыларды онлайн форматта қалдыруға мүмкіндік беріліп отыр. Нақтырақ айтсақ, ауырған немесе науқастармен қарым-қатынаста болған, ата-аналардың өтініші негізінде онлайн форматты таңдаған оқушылар қашықтан оқуға құқылы.

Вице-министр дәстүрлі форматқа көшу санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды ешбір бәсеңдетпейтінін ескертеді. Керісінше, мектеп ұжымы мен ата-аналардың жауапкершілігі бұрынғыдан күшеймек.

"Білім беру процесінің барлық қатысушылары санитариялық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауы тиіс. Мектеп басшылары балалардың қауіпсіздігін және денсаулығын сақтау үшін барлық жағдайларды қамтамасыз етеді. Білім алушылар мен педагогтер жеке гигиена ережелерін және санитариялық қауіпсіздік шараларын сақтайды. Ата-аналар тарапынан балалардың жеке гигиенаны сақтауы және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттігін түсіндіру өте маңызды", – деп жазады Шолпан Қанинова.

Оқу жылының тура ортасында жаңа форма сатып алу қазақстандықтардың қалтасына артық салмақ болатынын ескерген министрлік ата-аналарға форма сатып алу міндет емес екенін қайта-қайта ескертіп жатыр.

"Оқушыларға мектепке міндетті мектеп формасында емес, еркін, ұқыпты және жинақы киімде болуға рұқсат етіледі. Ата-аналарға мектеп формасын сатып алудың қажеті жоқ", – дейді министрдің орынбасары.

Тағы бір өзгеріс,  1 наурыздан бастап 6-8, 10 сыныптарға сабақтан тыс үйірмелер мен қосымша сабақтарды 15 адамнан аспайтын топтарда өткізу мүмкіндігі берілмек.

"Бұл міндетті емес, мұғалімдердің шешімі мен оқушылардың ата-аналарының келісімі бойынша іске асырылады", – деп жазылған постта.

Вице-министр өз постында мектептен барып оқитын оқушыларды тамақтандыру, тасымалдау жұмыстары жергілікті санитариялық дәрігердің келісімі бойынша ғана ұйымдастырылу керектігі ескерткен.

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу