Қазақстан ұлттық құрамасында дебют жасаған "Қайраттың" түлегі сәт санап қымбаттап барады, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Ел футболының үміті, болашағы делінетін Дастан Сәтпаевтың нарықтық құны айтарлықтай өскен. 17 жастағы вундеркинд бұл жетістікке оңай жетпеді.
Жасыратыны жоқ, Сәтпаев ересектер арасындағы ойынға тез бейімделді, сәтті ойындарын жалғастырып та жатыр. Қазақстан ұлттық құрамасының ең жас ойыншысы бір жыл көлемінде атақты "Челси" клубының футболшысы атанады. Қазіргі күні кез келген қазақстандық футболсүйер қауым оның лондондық командаға аман-есен, жарақатсыз барғанын тағатсыздана күтіп жүр.
Д.Сәтпаев 19 ойында 9 рет мергендігімен танылып, 4 нәтижелі пас берді. Оның үшеуі ұлттық құраманың сапында болды. Осылайша, талантты әрі талапты футболшының нарықтық құны 1,3 миллион еуроға өсіп, қазіргі уақытта 1,8 миллион еуроға жетіп отыр. Бұл арқылы ол елдегі ең қымбат төртінші ойыншының бірі атанды. Бақтиер Зайнутдинов (3,3 млн еуро) көш басында келеді. Екінші орынға Нұралы Әліп (3 млн еуро) жайғасқан. Үздік үштікті Максим Самородов (2,5 млн еуро) түйіндеп тұр.
Бұған дейін Дастан Сәтпаев Қазақстан ұлттық құрамасының рекордын жаңартқан еді.