"Яндекске" қатысты ереуілдер алда жалғаса ма?

2538

Таксишілер де, курьерлер де мәселелері толымды шешілмегеніне назар аудартады. 

"Яндекске" қатысты ереуілдер алда жалғаса ма? Фото: AKKet

Өткен жексенбіде, 9 шілденің кешінде Яндекс курьерлерінің "Әділдік маршы" бір бұрқ етіп, басталмай жатып басылды. Ресейлік ақпарат құралдарына дейін "Бунт курьеров Яндекса в Астане" деп жарыса жазды.

Қазақстандық ақпарат құралдары қос тарапқа сөз берді, қарсы уәждерін тыңдады. Осымен қоғам іс біттіге санағандай.

Шынында сарапшылар қордаланған түйткілдердің түйіні тарқамағанын қаперге салады.

Бұл оқиғадан зардап шеккен бір жақ қана бардай: олар әрине, ресейлік агрегаторға жұмыс істейтіндер. Біріншіден, полиция жолда заңсыз ереуіл жасағаны, өзге көліктерге кедергі келтіргені үшін деген сылтаумен ереуілшілердің біразына айыппұл салды. Полиция дерегінше, олар Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің "Жаяу жүргiншiлердiң және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларын бұзуы" аталатын 615-бабымен жазаланды. Бұл бап 2 АЕК (6 900 теңге) айыппұлды қарастырады.

Екіншіден, еңбеккерлердің құқығын қорғап, әділдікті талап етіп, ақырып теңдік сұрауға тиіс Тамара Дүйсенованың командасы бас бұғып қалды, былқ етпеді, түсініктеме таратпады. Ресейлік компанияға қатысты тексеріс жүргізбек түгіл, ереуілшілерді шағымдарын тыңдауға шақырмады. 

"Яндекс" курьері, елордалық Нұрасыл журналистердің компания өкілдерінің сойылын соғып, барлық проблеманы бонустарға тірей салғанына ренжулі.

"Әрине, бонус та маңызды. Онсыз табысымыздың шамамен жартысынан қағыламыз. Бірақ мәселе жалғыз сонда ғана емес қой. Мысалы, Яндекс өз түсініктемесінде тым жоғары комиссиясын азайтатыны туралы бір сөз айтпады. Біз компания жасаған еңбек шарттарына да наразымыз. Оған күндіз-түні, құлша жұмыс істеп жүріп, жарақат алған, сөйтіп жұмысқа жарамсыз болып қалған жігіттер жетерлік. Компания оларға Ресейдегі сияқты көмек берсін, өтемақы жасасын. Өйткені мемлекет қолдамайды, әлдебір қорға (Еңбек министрлігінің Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына) жарна төлемегенсің деп бас тартады екен. Мопедтермен, скутерлермен, мотокөліктермен жүретін курьерлерге автобустарға бөлінген Bus Lane-мен қозғалуға рұқсат етуді де сұрап келеміз, билік естігісі келмейді", – дейді Нұрасыл.

Бұған дейін Inbusiness.kz жазғандай, "Яндекс" компаниясының баспасөз қызметі бар айыпты "серіктестердің мотивациялық бағдарламасына жүргізілген техникалық жаңартуға", яғни әлдебір техникалық ақауға жаба салды. Бонустар алдағы бірнеше күнде қосымша есептелетінін, сомасы курьерлер қосымшасында көрсетілетінін мәлімдеді.

Дегенмен, компания "серіктес" атайтын курьерлердің айтуынша, олардың табысын тоқыратып тұрған басты жүктеме – Яндекс комиссиясының алапат комиссиясы саналады. Салдарынан, олардың тапқан табысының үштен бір бөлігіне дейін ресейлік компанияның қалтасына құйылады екен.

Олардың мәліметінше, әрбір тапсырыстан (заказ) Яндекстің алатын комиссиясының көлемі жеткізуге арналған фирмалық боксты сатып не жалға алғандар үшін 16%-ды құрайды. Ал сары боксы жоқтардан 29% комиссия алып қойылады. Курьерлер компаниядан комиссиясын ең құрыса 10%-ға дейін төмендетуін сұрайды.

"Яндекс бізді әбден мазақ етіп бітті. Журналистерге кеше: "серіктестеріміз кез келген мәселесімен шұғыл түрде қолдау қызметіне хабарлассын" депті. Билік те соған сілтейді. Бірақ шынында бұл әжуа сияқты. Себебі, Яндекстің қолдау қызметінде бот жауап береді. Жедел шешуді қажет ететін қаншама шұғыл мәселелер туындап жатады. Соның бәрін дереу шешу үшін қолдау қызметінде тірі мамандар отыруға тиіс. Мысалы, тапсырыс берген тауарды жеткіземіз, бірақ оны қабылдап алуға ешкім шықпай қояды. Қолдау қызметіне жағдайды айтып жазамыз, одан жауап бір сағаттан соң келуі мүмкін. Кейде осы уақытта клиенттің өзі хабарласып, тапсырысын алып жатады. Немесе, бот тапсырыс жеткізілмеді деп жаза салады. Сөйтіп, бонустарды есептемейді", – деді атын атамаған ереуілшілердің бірі.

Сондықтан олар ресейлік компанияның Қазақстандағы қолдау қызметінде жергілікті қызметкерлер отырып, телефонмен мәселені жедел реттегенін қалайды.

Серіктестер Яндекстің жүйесі кейде қасақана аяқтан шалатынына шағымданады. Мысалы, курьер өз шаруаларымен желіден ресми шығып кетеді. Бірақ жүйе оның атына тапсырыстарды жолдай береді. Егер барлық жеке істерін былай ысырып тастап, оларды орындамаса, онда оның мысалдап әзер жинаған рейтингі құлдырайды екен. Соның кесірінен Яндекс курьерлері не өз отбасысының шаруаларына қараса алмайды, не тіпті емханаға бара алмайды. Денсаулығы сыр берсе де, шыдап бағуға тырысады.

Шыдамның да шегі бар, содан әбден қажыған, зәрезап болған курьерлер өткен демалыста, таңнан бастап WhatsApp топтары арқылы наразылық акцияға шығуға үндеу тастап, соған келісе бастапты. Кейбірі қарсылығы ретінде желіден шықпаған, тапсырыс қабылдаған, алайда оны орындамаған. Біразы сол күні желіге де тіркелмей қойған.

Былайғы жұртшылық байқамағанымен, шынында бұл ереуіл астаналық шағын және орта бизнеске соққы болды: дәмханаларды айтпағанның өзінде, ірі мейрамханалардың желілерінде жұмыс дағдарған, клиенттердің тапсырыстары уақытылы жеткізілмей қалған.

Өз кезегінде Яндекс бұл ереуіл сервистің жұмысына еш ықпал етпегеніне, барлығы қалыпша жұмыс істеп тұрғанына сендіріп бақты.

Заңгер Аслан Төребаев Яндекске қатысты проблемалар толыққанды шешілмесе, ереуіл қайталануы мүмкін екенін айтады.

"Барлығы заң аясында шешімін тапқаны жөн. Бірақ бұл тұрғыда ұлттық заңнама жетілдірілмеген. Мысалы, ұлттық заңнамамызда гиг-қызметкерлер цифрлық платформалардың толыққанды жалдамалы жұмыскерлері деп танылуға тиіс. Бұл ретте біз Ұлыбританияның тәжірибесіне жүгіне аламыз: оларда 2021 жылғы ақпаннан бері патшалықтың Жоғарғы соты Uber жүргізушілерін оның штаттық қызметкерлері деп таныды. Осының арқасында Убер жүргізушілері ең төменгі жалақы, жыл сайынғы демалыс ала алады. Сырқаттанғанда жарамсыздық парағы төленеді. Осыдан кейін британдық өзге ұқсас компаниялар да бизнес моделдерін қайта қарап, осындай міндеттеме қабылдады", – деді заң маманы.

Ал Қазақстанда ресейлік алпауыт агрегаторға Еңбек министрлігінің тісі батпағанға, оған міндеттеме жүктеуге, қазақстандық еңбеккерлерді қоғауға жүрегі дауаламағанға ұқсайды.  

Оның орнына Еңбекмині Яндексті өзінің серіктесі етіп алды: онымен бірге былтыр онлайн платформалар операторларын салықтық агент ретінде бекіту жобасын қолға алды. Бұл жоба биылғы 2023 жылғы 1 шілдеден бастап, Әлеуметтік кодекс аясында бүкіл республика көлемінде күшіне еніп, міндетті заң талабына айналды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың түсіндіруінше, оған сәйкес, енді Яндекс, ИнДрайвер, Wolt, Glovo және басқа да онлайн платформалардың курьерлері мен жүргізушілер үшін мемлекетке оператор салық төлейтін болады. Осы мақсатта Әлеуметтік кодекс аясында арнайы салық режимі енгізілді.

Дегенмен, заңгердің түсіндіруінше, негізінен ресейлік және шетелдік болып келетін осы платформалар өз курьерлері мен таксистері үшін салық төлемейді. Олар тек оны солардың табысынан ұстап қалады. Яғни, онлайн платформалар тек мемлекет пен жұмысшы арасындағы делдал рөлін атқарады, алым жинаушы ғана болады.

Бұл жаңалық жаңа ғана өмірге жолдама алды. Осы айдың соңында алғаш рет мемлекет Яндекс және басқасында тіркелген курьерлер мен таксишілерден салық ұстай бастайды. Сонда бұл жайт олардың тағы наразылығын туғызбасына кепіл жоқ. Себебі, Еңбекминінің бұл заңнамалық өзгерістерін Парламентте талқылауға олар қатыстырылған жоқ.

Айтпақшы, Яндекс Ресейде өз курьерлері мен жүргізушілерінің денсаулығын сақтандыру бағдарламасын іске қосқан. Бұл жарамсыздық парағының (больничный) баламасы болып табылады. Осының арқасында ресейлік курьерлер мен такси жүргізушілері сырқаттанып қалса, дәрігерге қаралуға уақыт бөлуден қорықпайды. Үйлерінде жайлана жатып, емделеді. Оның сақтандыруын сервистің өзі төлейді және медициналық шығыстарды өтейді.

Яндекстің ресейлік серіктестері тапсырысты орындай алмаса, рейтингін нашарлатып аламын деп алаңдамайды. Тіпті табысы да жүріп жатады: курьерлер мен жүргізушілер науқастанса, күніне 800 рубль төленеді. Айына 24 мың рубль (120 мың теңге) ала алады. Бұдан бөлек, жазатайым жағдайға тап болса, 2 миллион рублге (10 миллион теңгеге) дейін төлем де қарастырылған.

Осының бәрі Ресейдің Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігінің еңбеккерлер құқығын тегеурінді қорғай алуының және осы жолда Кремлмен байланысы бар алпауыттармен айқасудан да сескенбегенінің нәтижесі.

Ал таяуда Президент жарлығымен мәртебесі Үкіметтің орынбасары лауазымына дейін өсірілген Еңбек министрі қарапайым жұмысшыларды қорғауда қауқар таныта алмаса, елді одан әрі ереуілдер жайлауы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу