YouTube-тің бұғатталуы Ресей экономикасына тәулігіне 11 млрд теңге шығын әкелуде

10561

Ресейде бұдан ең көп зардап шегетін салалар аталды.

YouTube-тің бұғатталуы Ресей экономикасына тәулігіне 11 млрд теңге шығын әкелуде Фото: Hideki Yoshihara/Global Look Press

Солтүстік көршінің көптеген өңірінің және Қырымның тұрғындары YouTube видеохостингіне қолжетімділіктен айрылғандарына шағымдануда. РФ-та кең ауқымды ақау 1 тамызда басталған еді.

"YouTube Ресейде ашылуын тоқтатты. Портал жұмысындағы проблемалар туралы РФ-тің көптеген өңірлерінің тұрғындары 8 тамызда хабарлады. Бұл ретте ол компьютерлерде де, мобильді құрылғылар арқылы да ашылмайды", – деп мәлім етті Deutsche Welle.

YouTube жұмысының бұзылғанын алғаш болып, "Сбой.рф" сияқты ресейлік мониторинг сервистері жариялады. Оның дерегінше, ең көп шағым Мәскеу (21%), Санкт-Петербург (8%) сияқты басты мегаполистерінен түскен. Бейнехостингте отыратындар да солар болса керек. Ұялы байланыс операторлары мен интернет провайдерлерге бастапқы шағымдар кеше, таңғы 8-де түсе бастаған, ізінше арыздар легі күрт артты. Көршіде өзге сайттар әзірге еркін ашылып тұр. Аққұла YouTube "құлады".

Егер 1 тамыздағы ақау кезінде ресейліктер порталдағы видеороликтердің жүктелмейтініне шағымданса, бұл жолы порталдың өзі мүлдем ашылмайтын болған. Ресейде YouTube-ке қолжетімділіктің шектелгенін Downdetector деректері де куәландырады.

Биылғы шілденің ортасында "Ростелеком" ресейлік пайдаланушыларды Ютуб жұмысында ақаулар пайда болуы мүмкіндігі туралы ескерткен болатын. Мұны ұйым "оператордың желілік инфрақұрылымында пайдаланылатын Google компаниясының жабдықтарындағы техникалық проблемалармен" түсіндірді. "Ростелеком" ауызға алған Google Global Cache жүйесі ауыр деректерді жүктеуді жеделдетуге мүмкіндік береді.

"Google-дің Ресейден кеткеніне екі жылдан асты. Америкалық компания мәскеулік кеңсесінің банкроттық рәсімін өткізді. Содан кейін біздің байланыс желілеріндегі төл кэштеуші серверлерінің инфрақұрылымын қолдауын доғарды", – делінген "Ростелекомның" мәлімдемесінде.  

Алайда 2 тамызда Google Ресейдегі YouTube сервисінің жұмысындағы штаттан тыс проблемаларға өздерінің еш қатысы жоқтығын хабарлады.

"Ресейде адамдардың YouTube-ке қол жеткізе алмай жатқаны туралы хабарлар бізге жетті. Бұл біздің тарапымыздан жасалған қандай да бір іс-қимылдардың немесе кез келген техникалық проблемалардың салдары емес!", – деп нақты айтты америкалық компанияның өкілдері.

ComNews Research маманданған басылымының бағалауынша, 2022 жылы соғыс басталғанға дейін РФ-та болған осындай 700 серверден 2023 жылдың соңында небары 450-і қалған екен. Нарық қатысушылары – байланыс операторлары да бұл жабдықтардың тоза бастағанын ескертті. Бірақ бұл проблемалар Ютубтың бір күнде бүкіл Ресейде істемей қалуына соқтырмауға тиіс болатын.

Сондықтан сарапшылар Мәскеудің Батыстың басты бейнехостингіне бейресми түрде тыйым салғаны туралы айта бастады. Оның үстіне 25 шілдеде Мемдума депутаты Александр Хинштейн инсайд ақпаратты жария етіп қойып, таяу күндері РФ билігі халық қарамауы үшін YouTube жұмысын баяулатуға кірісетінін мәлімдеп жіберді. Депутаттың айтуынша, жұмысы жасанды түрде шабан етілетін батыстық видеохостингтің стационарлық компьютерлерде жүктелу жылдамдығы тамыз айының басында 70 пайызға дейін жетеді.

Хинштейн сервистің мобильді нұсқасы әзірге баяулатылмайтынына сендірген. Парламентші мұны "РФ билігінің мәжбүрлі шарасы" деп атады. Өйткені Мәскеу YouTube-ты ресейлік заңнаманы елемей отыр деп айыптап, оның өкілдерінен видеохостинг саясатын өзгертуді талап етті.

Бұған қоса, биылғы шілденің басында YouTube халықаралық құқық нормаларын бұзғаны, жалған ақпарат пен пропаганда таратқаны үшін әншілер Ярослав Дроновтың (лақап аты Shaman) және Полина Гагаринаның ресми каналдарын бұғаттады. Олар Еуроодақтың санкцияларының 14-ші пакетіне ілікті. Бұдан бұрын сервис ұқсас қылмыстары үшін әншілер Олег Газмановтың, Юлия Чичеринаның, Григорий Лепстің, актер Вячеслав Манучаровтың каналдарын мәжбүрлі түрде жауып тастады. Соңғысы өзінің "Эмпатия Манучи" шоуында Украинаға әскери шапқыншылықты, қантөгісті дәріптеп, жұртшылыққа кең насихаттаумен айналысатын түрлі қонақтарға мінбер ұсынады.   

"Хабр" порталы Youtube.com домені Ресейде қолжетімсіз екенін нықтады. Байланыс операторларына халықтан бір күнде кем дегенде 14 мың шағым түскен. Хабр және басқа да порталдар ресейліктерге "Windows, macOS, смарт-теледидарда, смартфондар мен роутерлерде YouTube жұмысын жақсартудың тәсілдерін" көрсетуге тырысуда.

"Настоящее Время" дерегінше, YouTube-ты бұғаттау Ресей экономикасына тәулігіне 23 миллион доллардай шығын әкеледі. Осы сервистің арқасында көршіде миллиондаған блогер, кәсіпкер табыс тауып отыр. Мемлекеттік ақпараттық жүйелер де соны пайдаланады, халық арасында таратылатын түрлі түсініктеме роликтері, әлеуметтік роликтер және басқасы да Ютуб арқылы көрсетіледі.  

"Кремль Ресейде тыйым салынған орыстілді оппозициялық, тәуелсіз ақпарат құралдарының, сарапшылардың және журналистердің арналарын бұғаттамағаны, сондай-ақ Украинадағы соғысты жариялауда Кремльдің саясатын сақтамағаны үшін бұл сервисті тамыз айынан бастап бұғаттауға уәде берген. Енді сол уәдесін орындауға кіріскенге ұқсайды. Бұғалған сайттар жөнінен Ресей Қытайды қуып жетіп қалды. YouTube-тың бұғатталғанына қатысты шағымдар өте көп. YouTube – Ресейде топ-тобымен бұғатталып жатқан мыңдаған интернет сайттардан ерекшеленбейді. YouTube-ты бұғаттау үшін техникалық жаңа жабдықты ойлап табудың қажеті жоқ, барлығы бар", – деді Интернетті қорғау қоғамының басшысы Михаил Климарев .

Алайда ол Ресейде тұратын адамдарды дүрбелеңге түспеуге шақырды: видеосервиске сол бұрынғыдай VPN арқылы қол жеткізуге болады екен. Бұл мүмкіндіктің қаншаға жалғасатыны беймәлім.

Климаревтің айтуынша, Украинаға басып кіргенге дейін Ресейде VPN-ді пайдалана білетіндердің үлесі шамамен 7–8% ғана болыпты. Соғыс басталғаннан кейін Ресейде алғашқы болып, Instagram-ға тыйым салынғанда, ресейліктердің бұл үлесі 25%-ға дейін күрт өсті. Содан бері бірте-бірте көбейіп, 35%-ға дейін көтерілген. Бүгінде YouTube бұғатталғаннан кейін VPN сервистерін қолданушылардың үлесі РФ халқының тең жартысына (50%) жеткен. Бұл – нақты сан емес, сарапшылардың бағалауы.

РФ Интернетті қорғау қоғамының басшысы Мәскеу осы арқылы өзіне-өзі ор қазып отыр деп санайды. Өйткені Ютубты пайдаланатын ресейліктердің басым көпшілігі қуғын-сүргіндегі блогерлерді, саясаткерлерді қарамайды, федералдық заңмен тыйым салынған контентті іздемейді. Көбіне күлкілі, көңіл көтеру сипатындағы бейнероликтерді тамашалап, ән-күй тыңдап, уақытын өткізеді.

"Енді ресейліктердің үлкен бір бөлігі сол ермегін еркін жалғастыру үшін VPN орнатқысы келеді, соны қалай жасауға болатын түсіну үшін түрлі гайдтарды оқиды. Соның барысында мемлекеттің өз құқығын шектеп отырғанын, ақпарат алуды шектеу демократияға жат екенін ұғынады. Осыдан қоғамның сана-сезімінде өзгеріс болып, олар жүйенің басқа да цензураларын бұзуға бой ұрады. Ендеше бұл маңызды тарихи оқиғаның бастауы болуы мүмкін. Әлем тарихында мұндай оқиға бұрын-соңды болмаған, сондықтан арты не болатынын бағудамыз", – деді Климарев.

Сарапшы Ресейде жалғыз YouTube қана емес, Google-дің өзге де сервистері бұғаттала бастағанына назар аудартты. РФ-та қазіргі кезде Google іздеу жүйесінің, Gmail поштасының, Google Docs сервисінің жұмысы нашарлаған. Көршіде Android операциялық жүйесіне қатысты ақаулар белең алды: әсіресе, оңтүстік өңірлерінде, Қырымда қосымшалардың жаңартылуы доғарылған.

NetBlocks сервисінің бағалауынша, YouTube-ті бұғаттау Ресей экономикасына орасан нұқсан келтіреді. Біріншіден, байланыс операторлары үлкен шығын шегеді, олар өз қызметтерін гигабайттап сатады, соның ішінде негізгі үлес – 25-тен 40%-ға дейінгі ресейлік трафик жалғыз YouTube-тің үлесінде. Тиісінше, ұялы операторлардың табысы 30%-ға дейін құлдырауы мүмкін.

Ресейде видеохостинг арқылы табыс табатын, донат, ақша жинайтын қаптаған тұрғынды, кәсіпкерлерді айтпағанда, YouTube-тің экономикаға басқа да мультипликативтік әсері мол. Білім беру контенті, жарнама нарығы, бұқаралық ақпарат құралдары, онлайн кинотеатрлар, ойын-сауық индустриясының көптеген саласы сонымен байланысты. Сервис жаппай бұғатталса, оның бәрі де тоқырайды. Сарапшылар Ютубты жабу РФ экономикасына тәулігіне кем дегенде 23 миллион доллар (шамамен 11 млрд теңге) шығын әкеледі дегенде осындай залалды есепке алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу