Заң бұзған шенеуніктердің басқа жұмысқа ауыса қоюының сыры ашылды

1712

2023 жылғы күзде, еліміздің жаңа тарихында тұңғыш рет аудан әкімдерінің сайлауы өтеді деп күтілуде. 

 Заң бұзған шенеуніктердің басқа жұмысқа ауыса қоюының сыры ашылды Фото: yandex.kz

Ел басшылығы Қ.Тоқаевтың осы бастамасына қанша жерден маңыз беріп, насихаттағанымен, ресми тіркелген партиялардың тарапынан бұл науқанға қызу дайындық байқалмайды.

Даярлық жұмыстары әдеттегідей, ел Президенті сайлау өтетін нақты күнді жариялаған соң бастау алуы мүмкін. Оның үстіне билік әсіре сақтық танытып, барлық әкімдерді жаппай сайлауға батпады. Биылғы сайлау пилоттық, яғни сынақ режимінде өткізіледі және бірнеше ауданның әкімі ғана сайланады.

Әйтсе де, жаңа сайлауға Орталық сайлау комиссиясы мен Мемлекеттік қызмет істері агенттігі дайындығын бастап кетті.

Фото: turkystan.kz

Қазақстанда төменгі деңгейдегі әкімдерді халықтың тікелей сайлауы Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі жолдауына сәйкес енгізілген болатын. Бұған дейін, ескі Қазақстанда ауыл, кент әкімдерін бірнеше кандидат арасынан мәслихат депутаттары таңдап алатын. 

2021 жылғы 24 мамырда "Сайлау туралы" конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа конституциялық заңға және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне сайлау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңға қол қойылды.

Сайлау заңнамасына сәйкес республикада сайлау іс басындағы әкімнің өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 40 күн бұрын тағайындалады. Ал өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда – 1 ай ішінде тағайындалады.

Содан 2021 жылғы 25 шілдеде алғаш рет бүкіл Қазақстан бойынша бірден 730 ауыл әкімі жалпыға бірдей және тікелей сайлау құқығы негізінде сайланды. Осынша ауылбасы орынтағына 2 582 кандидат таласты.

Бұған қоса, сол жылы өкілеттік мерзімі аяқталған, мәслихаттар сайлаған бұрынғы әкімдердің орнына тікелей халықтық сайлау да ұйымдастырды.

Осылайша, 2021 жылы жалпы алғанда, ауылдықтар тікелей сайлауда 864 әкімін сайлап алды. Оның ішінде 134 әкім 498 кандидаттың ішінен 2021 жылдың тамыз-желтоқсан айларындағы науқан барысында билік тізгініне қол жеткізді.

Фото: yandex.kz

Ауылдағы дода келесі жылы да жалғасты. 2022 жылы тағы 516 аудандық маңызы бар қала, ауылдық округ, кент пен ауылда әкімдер сайлауы өткізілді. Онда 1 985 кандидат бағы мен бабын сынады. Яғни, қызығушылық зор болды деп айту қиын, бір орынға небары 3 кандидаттан келді.

Нәтижесінде осы екі жылда 1 380 ауылдық әкімді ғана ауыл жұртшылығы іріктеп алған.

Салыстырсақ, тұтастай алғанда, Қазақстанда барлығы 2 346 ауылдық деңгейдегі әкім бар.

Ендеше Қазақстанда шағын қала, ауыл және кенттердің бәрін бірдей халықтың мандат берген өкілі басқарып отырған жоқ. 

Соған қарамастан, қанды қаңтар оқиғаларының сабақтарына арналған 2022 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан халқына жолдауында Мемлекет басшысы келесі қадамын жариялады. Оған сәйкес, аудан әкімдері де сайланатын болады.

Әрине, сарапшылар мен қоғам өкілдері батылырақ болып, облыс пен мегаполис әкімдерін, сондай-ақ судьяларды да халықтың тікелей сайлауына мүмкіндік беруді ұсынды. Бірақ билік бұқараға мұндай биік сенім білдіруге бармады.

2022 жылғы 5 қарашада "ҚР кейбір конституциялық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" конституциялық заңына және "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы жолдауын іске асыру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңына қол қойылды.

Ол бойынша енді Қазақстанда әкім сайлаудағы ең биік асу – аудандық деңгей болмақ.

Аудан әкімдерінің сайлауы 2023 жылдан бастап – пилоттық режимде, тек 2025 жылдан бастап – барлық жерде, бүкіл өңірде өткізіле бастайды.

Осы орайда ел басшылығы аудан басшылары сайланатынын былтырдан бері үнемі айтып жүргенімен атқарушы және заң шығарушы биліктің оған дайындыққа мән бермей келгені әшкере болды.

Мысалы, "Мемлекеттік қызмет туралы" заңда "сайланатын мемлекеттік қызметшілер" деген ұғымның жоқтығы анықталды.

Сондықтан Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің түсіндіруінше, ұлттық заңнамаға ол ұғымды жедел енгізіп, сайланатын шенеуніктердің құқықтық мәртебесін және мемлекеттік қызмет өткеру рәсімдерін регламенттеу талап етіліп отыр.

Себебі, бүгінде ауыл әкімдері – әкімшілік, аудан әкімдері – саяси мемлекеттік лауазым иелеріне жатады.

Ведомствоның байламынша, тікелей халық сайлаған әкімдерге қатысты әкімшілік және саяси мемлекеттік қызметті өткеру тәртібі "олардың дербестік деңгейін төмендетеді және белгілі бір дәрежеде сайланатын әкімдердің іс-қимылын шектейді".

Осыған байланысты агенттік "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік қызмет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жаңа заң жобасымен Мәжіліске келетін болады.

Фото: liter.kz

Бұл құжат мемлекеттік қызметшілердің жаңа, жекелеген санатын – "сайланатын мемлекеттік қызметшілерді" заң жүзінде енгізбек. Сонымен қатар осы жаңа санаттағы сайланатын шенеуніктердің мәртебесі бекітіледі. Олардың мемқызметке кіруінің, өткеруінің және тоқтатуының жекелеген рәсімдері заңнамада реттеледі.

Аудан әкімдерін сайлауға дайындық барысында Мемқызмет агенттігі шенеуніктер кең қолданып келген, бұрынғы биліктен мұраға қалған кесірлі тәжірибені анықтады. Әңгіме заң бұзған шенділердің демалыс алу немесе еңбекке жарамсыздық парағын рәсімдеу арқылы не дереу басқа жұмысқа ауыса қоюы туралы болып отыр.

Өйткені қолданыстағы заңнамада бұрынғы лауазымында жасалған, мемлекеттік қызмет абыройын төгетін теріс қылықтары үшін мемлекеттік қызметшілерді жаңа қызметінде тәртіптік жазаға тарту қарастырылмаған.

Яғни, әлденені бүлдірген шенеунік қызметінен кетсе, осының өзі оның жазаланғанын білдіреді деп есептелді. Алайда ол шенеунік биліктен аласталмайды, керісінше басқа майшелпек орын табады, жоғарылап кетуі мүмкін. Ал бұл тіпті де жаза емес екені даусыз. Яғни, осы схема шенділерге жауапкершіліктен құтылып кетуге жол ашады.

"Мемлекеттік қызмет туралы заң мемқызметшілерді бұрынғы лауазымында жасаған және мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін жауапқа тартуға мүмкіндік бермейді. Өйткені заң бойынша мемлекеттік қызметшінің мәртебесі оның нақты мемлекеттік лауазымға тағайындалған немесе сайланған сәтінен басталады да, оның сол мемлекеттік қызметті тоқтатқан кезінде тәмамдалады. Яғни, егер мемлекеттік қызметке кір келтірген адам басқа мемлекеттік лауазымға, соның ішінде әкімшілік лауазымнан саяси лауазымға ауысса, осының өзі мемлекеттік қызметі тоқтатылған болып есептеледі. Тиісінше, ол жаңа лауазымында алдыңғы құқықтық қатынастар бойынша тәртіптік жауаптылыққа тартыла алмайды. Соның кесірінен мемлекеттік қызметшілер мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтары үшін жауаптылықтан босатылады. Бұл сыбайлас жемқорлықты тудырады, биліктің беделіне қауіп төндіреді", – деп түсініктеме берді Мемқызмет агенттігі.

Мысалы, мемлекеттік қызметші атағына өшірілмес дақ түсірген бір министрлік комитетінің бұрынғы төрағасын тәртіптік жауапкершілікке тарту мәселесі қаралыпты. Бірақ ол басқа қызметке ауысып кеткендіктен, жазалау мүмкін болмапты.

Осыған байланысты агенттік жаңа заң жобасында бұл олқылықты түзетуге ниетті. Мемлекеттік қызметшілерді басқа мемлекеттік лауазымдарға, соның ішінде жоғары деңгейдегі лауазымдарға қайта тағайындалған жағдайларда да бұрынғы жасалған теріс қылықтары үшін тәртіптік жауаптылыққа тарту мүмкіндігі бекітілмек. Шендінің айыбы соңынан қалмай, еріп жүрмек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу