Запорожье АЭС-не дронмен шабуыл жасалды. Ол жарылса не болады?

1465

МАГАТЭ аймаққа тағы бір алапат ядролық апат қаупі төніп тұрғанын ескертіп отыр. 

Запорожье АЭС-не дронмен шабуыл жасалды. Ол жарылса не болады? Фото: www.topnews.ru

Ресей Украинаның жексенбі күні Запорожье атом электр стансасына (ресейлік күштер бақылауындағы) үш рет соққы жасағанын айтып, Батыстан жауап беруін талап етті. Дегенмен Киев бұл шабуылдарға өзінің еш қатысы жоқ екенін мәлімдеп отыр. 

Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (МАГАТЭ) Еуропадағы ең ірі атомдық станция Запорожье АЭС-не жарылыс қаупі төніп тұрғанын бұрыннан ескертіп, осынау ауданда соғысты тоқтатуға шақырып келеді. 

Бұл АЭС әлемдегі ең ауыр ядролық апат - 1986 жылғы Чернобыль апаты болған жерден небәрі 500 шақырым жерде орналасқан.

Запорожье АЭС-де қандай ядролық материалдар бар, оған нендей қауіп төніп тұр және бұл нысан үшін Ресей мен Украина неге соғысып жатыр?

Бұл қандай аэс және оның қуаттылығы қанша?

Запорожье атом электр станциясында құрамында уран-235 бар және сумен салқындатылатын, сумен реттелетін, кеңестік дәуірде жобаланған VVER-1000 V-320 деген алты реактор бар. Олардың барлығы 1980 жылдары салынған, дегенмен алтыншы реактор 1990 жылдардың ортасында, яғни, Кеңес одағы құлағаннан кейін ғана іске қосылды.
Реакторлардың біреуінен басқасы қазір "суытылған режимде" тоқтап тұр. МАГАТЭ-нің бас директоры Рафаэль Гросси бұл станция төңірегінде соғыс жүргізу ядролық қауіпсіздікке "тұрақты қауіп төндіретінін" ескертіп отыр.

Сәуірдің 7-де не болды?

Ресейдің мемлекеттік ядролық корпорациясы "Росатом" жексенбі күні Украина Запорожье АЭС-не дрондармен үш рет шабуыл жасағанын, олардан алдымен асхана маңында үш адамның жарақаттанғанын, сосын жүк таситын орынға және №6 реактор үстіндегі күмбезге соққы берілгенін хабарлады.

МАГАТЭ сарапшылары, станцияға барып, бұл оқиғаны растаған.

"Ресей әскерлері жақындап келе жатқан ұшқышсыз ұшаққа шабуыл жасады. Содан кейін реактор ғимаратының жанында жарылыс болды", - дейді МАГАТЭ. 

"Команда әзірге ядролық қауіпсіздік немесе станцияның қауіпсіздігі үшін маңызды жүйелердің, құрылымдардың және құрамдас бөліктердің зақымдануын байқамағанымен, 6-шы блок күмбезінің төбесінде шамалы күйікке куә болды", - дейді МАГАТЭ.

Десек те, МАГАТЭ бұл шабуылдарға кімнің нақты кінәлі екенін тікелей айтпады.
Украина барлау қызметі болса, Киевтің станцияға жасалған қандайда бір соққыға өзінің қатысы жоқ екенін ескертіп, мұны ресейліктердің өздері жасады деген болжам айтып отыр.

Қандай қауіп бар?

Ресей армиясы бұл станцияны 2022 жылы наурыз айының басында бақылауға алды. Бүгінде алып нысанды арнайы ресейлік әскери бөлімшелер күзетеді және Ресейдің мемлекеттік ядролық компаниясы "Росатомның" бөлімшесі басқарады.
Запорожье АЭС-нің ядролық реакторларының қорғаныс конструкциялары шағын ұшақ апатының әсеріне төтеп беруге арналған темірбетоннан жасалып, болатпен қапталған. Сондықтан бұндай құрылымдарға болмашы шабуылдан қауіп шамалы.

Алайда, 1989 жылы АҚШ Энергетика министрлігі жүргізген зерттеуге жүгінсек, Запорожьеде қолданылған қорғаныс конструкциясы "әуе апатының алдында осалдау" және оның жұқарақ күмбезін соққан жойғыш ұшақ станцияның ішіне еніп кетуі мүмкін немесе бетон кесектері мен ұшақтың сынықтары да ішке кіруі ықтимал. 

Реакторлардағы ядролық отынды салқындату үшін аса маңызды сыртқы электр сымдары да нысанаға айналуы мүмкін. Айта кетсек, бұл желілер реакторларды салқындатып, ядролық материалдарды еріп кетуден қорғайды. 
Соғыс басталғаннан бері Запорожье АЭС-і сегіз рет барлық сыртқы электр қуатын жоғалтты. Соңғысы өткен жылдың желтоқсан айында болды. Сол кезде электр қуаты энергиясы үшін дизельдік генераторларға сүйенуге тура келді. Отынды салқындату үшін су да қажет.

Жеткілікті су немесе суды айдау үшін электр қуаты болмаса, отын еріп, оның цирконий қаптамасынан тараған сутегі жарылуы мүмкін. 

Пайдаланылған отын

Станцияда реакторлардан басқа, пайдаланылған құрғақ ядролық отын қоймалары бар. Сонымен қатар, әрбір реактор алаңында пайдаланылған отын бассейндері орналасқан.

Сол бассейндерге су беріліп отырмаса, олардың өз суы буланып, температура көтеріледі. Бұның нәтижесінде өрт шығып, бірқатар радиоактивтік изотоптар ауаға тарауы мүмкін. 
2011 жылы  осындай жағдай Жапониядағы Фукусима ядролық станциясында алапат жарылысқа себеп болды.

Ядролық отын ерігенде не болады?

Мұндай отынның еруі өртке немесе жарылысқа әкелуі мүмкін. Ал сол жарылыстан ауаға тараған радионуклидтер үлкен аумаққа жайылуы ықтимал.

Чернобыль апаты кезінде Йод-131, Цезий-134, Стронций-90 және Цезий-137 Украинаның солтүстігіне, Беларуське, Ресейге, Солтүстік және Орталық Еуропаға тарады.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметі бойынша, Беларусь, Ресей және Украинада 8,4 миллионға жуық адам радиацияға ұшыраған. 

Бірақ өртті сөндіру және тазалау жұмыстарына қатысқан 600 000 "ликвидатор" радиацияның жоғары дозасын қабылдады. Ал жүздеген мың адам қоныс аударды.

Чернобыль апатының денсаулыққа әсері кейіннен әлдеқайда ауыр болғаны туралы жаңа қосымша айғақтар бар.
Осы оқиғадан кейін Беларусь, Ресей және Украинада балалар арасында қалқанша без қатерлі ісігімен ауыру жиілеген.

Сонымен қатар ластанған аумақтардағы балалар арасында эндокриндік өзгерістер, анемия және респираторлық аурулар әлдеқайда жоғары болды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу