Зейнетақы жинағын алу тұрғын үй бағасына әсер ете ме?

13578

Қазір тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне "7-20-25" және "Баспана Хит" бағдарламалары ықпал етіп отыр.

Зейнетақы жинағын алу тұрғын үй бағасына әсер ете ме?

Елімізде зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын алуға рұқсат берілді. Мемлекет басшысы тиісті заңға қол қойып, "Отбасы банк" арнайы шот ашуға лицензия алды. Кімнің қанша ақша алатыны мен қаржының жеткілікті шегі белгіленді.

Енді халықтың көкейінде санаулы сауал қалды. Олар бағдарламаның басталатын күні мен баспана бағасына қатысты. Ал мамандар аталған бастама тұрғын үй бағасының қымбаттауына әсер ететінін айтады. Алайда AERC консалтингтік қызмет департаментінің жетекшісі Әсем Құсайынованың сөзінше бұл үдеріс  ұзаққа созылмайды. 

"Соңғы мәлімет бойынша 761 мың азамат зейнетақы қорындағы жинақтарының бір бөлігін мақсатты түрде пайдалана алады. Олардың кейбірі баспанамен қамтылған адамдар. Ал тағы бірінде алуға болатын сома 1-2 млн теңгеден аспайды. Бұл қаржы, әрине, үй сатып алуға жетпейді. Тек ипотеканың бастапқы жарнасы ретінде пайдалануға жарайды. Қалғандары қаржыны басқа мақсатқа жұмсаса, тағы бірі жинақтарын мерзімінен бұрын алудан бас тартуы мүмкін. Сондықтан эконом санатындағы тұрғын үй бағасы аз ғана уақытқа қымбаттап, қайта түседі. Себебі сатушылар жағдайды пайдаланып, табыс тауып қалуды көздейді", – деді сарапшы. 

Сарапшының пікірінше тұрғын үй бағасының қымбаттауы ипотека рәсімдеу кезінде алғашқы жарна мөлшерінің өсуіне алып келеді. Салдарынан жинақтан алынған қаражат несие рәсімдеуге жеткіліксіз болады. Сондықтан баға біраз уақыттан кейін қайта түседі. 

Бұл ретте Әсем Құсайынова тұрғын үй нарығындағы бағаның өсуіне "7-20-25" және "Баспана Хит" бағдарламалары ықпал етіп отырғанын жеткізді. Маман дәл осы жеңілдетілген жобалар сұраныстың артуына септігін тигізіп отырғанын айтады.

Мәселен, былтыр елімізде пандемияға қарамастан тұрғын үй қымбаттаған.  ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросының мәліметтеріне сүйенсек, 2020 жылы жаңа үйдің бағасы 5%, қайталама нарықтағы баға 13,2%-ға өскен. 

"Ұлттық банк дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қараша айында ипотекалық қарыздар мөлшері 27,8%-ға  артқан. Бір жылда несиелер саласында ипотеканың үлесі 2,3 трлн теңгені құрады. Бұған мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы бар", – дейді сарапшы. 

Консалтингтік қызмет департаментінің жетекшісі ипотекалық портфельде де үлкен өзгерістер бола қоймайтынын болжап отыр. Оның басты себебі қарыздардың басым бөлігі жеңілдетілген бағдарламалар бойынша рәсімделген. Сондықтан көпшілік тиімді пайызбен рәсімделген қарызын уақытынан бұрын жабуға асықпайды. 

Бұған дейін "Отбасы Банк" басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова қазақсандықтардың ипотекалық портфелі 2 айда 500 млрд теңгеге қысқаруы мүмкін деген болжамымен бөліскен.

"Менің болжамым бойынша 2 айдың ішінде кемінде 500 млрд теңге сомасында ипотекалық несие өтеледі. Барлығы қазақстандықтардың артылған соманы туысқандарына беру мүмкіндігін пайдалануына байланысты. Еске сала кетсек, ереже бойынша жинағыңыздың бір бөлігін жағындарыңызға бере аласыз. Егер бұл мүмкіндікті көпшілік пайдаланса, төленетін ипотекалық қарыздар мөлшері анағұрлым артады. Мәселен, шотынан 300-400 мың теңге артылатындар қаржыны туыстарына ипотекаларын жабу үшін бере алады", – деген еді "Отбасы банк" басшысы. 

Еске сала кетсек, Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылдың 2 қаңтарында қазақстандықтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін мерзімінен бұрын пайдалануға мүмкіндік беретін заңға қол қойды. 
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу