8 ақпандағы жағдай бойынша Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына жинақтарының бір бөлігін алу үшін 90 689 салымшыдан өтініш түскен. Олардың 50 350-і мақұлданып, салымшылардың шоттарына шамамен 276 млрд теңге аударылған. Ал төлемдердің орташа сомасы 5,5 млн теңгені құрады, деп хабарлайды inbusiness.kz тілшісі қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
"73,7 млрд теңгеге жуық ақшаға қатысты 14 мыңнан астам өтініш әлі қаралып жатыр. Заңнама талаптарына сәйкес келмеуіне байланысты 26,3 мыңға жуық өтінім қабылданбады", – деп жазылған хабарламада.
Елімізде салымдарын алуға асыққандардың көбі Алматыда тұрады. Аталған шаһар тұрғындарынан 19 209 өтініш (жалпы өтініш бергендердің 21,18%-ы) келіп түскен. Әлбетте, барлығының қалауы бірден жүзеге аспағаны анық. Бірі шоттарын дұрыс көрсетпесе, бірі алатын сомасынан жаңылған, тіпті құжаттарды толық жинамағандар да болды. Салдарынан 19 мыңнан астам адамның 11,3 мыңға жуығының құжаттары мақұлданып, арнайы шоттарына шамамен 69,6 млрд теңге аударылды. Алматыдағы төлемдердің орташа сомасы 6,18 млн теңгені құрады. Бұдан бөлек мегаполис тұрғындарының 2500-ден аса өтініші өңделуде.
Зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалануға асыққан өңірлер қатарында Нұр-Сұлтан (15 371 өтініш) мен Маңғыстау облысы (12 757 өтініш) бар.
Бірақ тәжірибе көрсеткендей өтініш беру мен оның мақұлдануы мәселенің басы ғана. Ең қиыны – қаншама жылдар бойы тірнектеп жүріп жинаған қаржыңа сай келетін баспана табу. Себебі жыл басынан бері тұрғын үй бағасы қымбаттап кеткен.
Krisha.kz сайты ұсынған деректерге сүйенсек, биылғы жылдың қаңтар айының ортасында еліміз бойынша пәтерлердің бағасы орта есеппен 2,3 %-ға өскен. Жақында Ұлттық статистика бюросы 2021 жылдың қаңтар айының қорытындысын жариялады. Көрсеткіштер бойынша қайталама нарықтағы тұрғын үйлердің бағасы – 5%, жаңа тұрғын үйлердің бағасы – 3%-ға өскен. Қазақстан риэлторлары біріккен қауымдастығының президенті Лариса Степаненко мұны зейнетақы жинағын мерзімінен бұрын пайдалану бағдарламасымен байланыстырады.
"Зейнетақы жинағына үй алуды мақсат еткен адамдардың баспана іздей бастауы пәтер құнының өсуіне ықпал етті. Алайда қазіргі кезде нарықта сұранысқа қарағанда ұсыныс көп. Бірақ сатушылар нарықтағы өзгерістерге сай бағаны қымбаттата береді. Мәселен, доллар бағасы өзгерсе, олар айлап өтпей тұрған пәтерлерінің бағасын қымбаттатады. Бұл жолы да нарықта жаңа бағдарлама пайда болып еді, баға өзгеріп шыға келді. Меніңше, бұл уақытша үдеріс. Себебі алда жаз айлары бар. Ал бұл кезеңде нарықта сұраныс төмендейтінін жақсы білеміз. Сондықтан тұрғын үй бағасы шамамен 3 айдан соң тұрақталады деп есептеймін", – деді сарапшы.
Сондықтан ол сатып алушыларға асықпауға кеңес берді. Себебі зейнетақы жинағын нысаналы пайдалану мерзіміне шектеу қойылмаған.
"Егер сатушылар үйін саудалағысы келсе, бағаны төмендетуге мәжбүр болады. Қайталама нарықта баға жасанды түрде көтерілген", – дейді маман.
Сонымен қатар ол елімізде эконом санатты үйлерге сұраныс жоғары екенін айтады. Одан кейінгі орында комфорт санатты. Ал бизнес санатты немесе элит санатты және шаршы метрі үлкен пәтерлерге сұраныс төмен. Бұл үдеріске құрылыс компаниялары да бейімделе бастаған көрінеді.
"Нарықта эконом санатты жаңа үйлер жетіспеушілігі бар. Ал осының әсерінен қайталама нарықта сұраныс артып отыр. Сондықтан құрылыс компаниялары нысандарының жоспарларын қайта қарап, ипотекалық бағдарламалар талаптарына сай үйлер салуда. Өйткені мемлекеттік жобаларда бөлінетін қаржы көлеміне байланысты шектеулер, арнайы талаптар бар", – дейді Лариса Степаненко.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !