Зейнеткердің монологы: Іші суық дегенді естіп бір қабат киім бердім

3777

"...Ал пісіріп апарған тамағымды, карантин екенін айтып, ішке кіргізбей қойды".

Зейнеткердің монологы: Іші суық дегенді естіп бір қабат киім бердім

Баласы қаңтарда наразылық шеруіне шыққандықтан қамауға алынған зейнеткер ана Сәния Клейменова – Семейдің тұрғыны. Ұлы Тимур Ержанұлын босатып алуды ойлайтын ол осы сәтте басынан өткеріп жатқан қиындықтарын inbusiness.kz тілшісіне баяндап берді.

"Митинг кезінде Семей әкімінің орынбасары Айдар Садырбаевпен менің балам сөйлескен. Ол кісі адвокатқа Тимур туралы "ешқандай жаман пікір айта алмаймын" депті. Осы секілді оның тәртіп бұзбағанын айтатын куәгер көп. Тағы бірі – Роллан Мәшпеев. Оның айтуынша, балам полиция қалқандарын жұлып алған адамдардан қалқанды сұрап, тәртіп сақшыларына қайтарып беріпті. Балам субординация дегенді біледі. Барлық жерде адамды тегімен атап, дәрежесін сыйлайды", – дейді.

Сәния Клейменованың әңгімесін қаз-қалпында ұсынамыз.

"Сақалды адамға куәлік етуді сұрайды"

Семейліктер 4 қаңтарда митингке шығуға жинала бастады. Балам да шығамын деп еді, оны полиция бірден ұстап алып кетті. Білесіз ғой, осындай кезде белсенділерді үйдің алдынан алып кетеді. Балам – қоғам белсендісі.

Дегенмен ол 5-і күні кешкі сағат бестен аса митингке шықты. Бұл кезде полиция болмады.

Сағат 22:00 кезінде "балам, қайтасың ба?" деп қоңырау шалдым. Неге десеңіз, ютубта неше түрлі видео көбейді. Сағат 11-ден кете үйге келді. Қаладан, [әкімдік орналасқан орталықтан] бір сағат жаяу жүріп келген екен. Біз екінші жағалауда тұрамыз.

Ол жол-жөнекей аудандық полиция бөлімдеріне соққан екен, "полиция жоқ", "қала бос" деп айтып келді.

Наразылыққа шыққандар сол күні әкімдік алдына жиналғаны белгілі. Алдарынан қала әкімі шыққан. Бірақ әкім диалогқа келудің орынына қазір сіздерді "атады", "ұрады" деп, жағдайды ушықтыра түскен. Ақыры халық ашуланған, әкім алаңнан кетіп қалған. Сөйтіп қаумалаған жұрт ғимаратқа кірген. Балам да бар. Сонда ол жалпы болып жатқан жағдайды мәжіліс депутаты Рау мырзаға хабарлап айтқан. Сосын үйге қайтқан. "Ішінде адамдар қалды. Бірақ енді онда жүре бергенде не істеймін, қайтып кеттім" деп келді.

Арада үш күн өткенде, 8 қаңтарда штаттық киімдегі үш жігіт көрші үйдің қоршауынан біздің аулаға секіріп кірді. Олар құжаттарын көрсетпестен тапаншасымен жасқап, киіндіруге де мұрша бермей алып кетті. Үш сағат тостым, өйткені күйеу балам "полиция үш сағат тергеп, қоя беруі керек" дегенді айтып еді. Осы уақыт өткен соң қоңыраулатып ем, алмады. Екінші ретінде телефонды сөндіріп тастапты. Болды, сонымен неше күн хабар жоқ. 102-ге соқсам, "бес минут тосыңыз", "бес минут тосыңыз" деп трубканы қасына қойып қояды, ақыры байланыс үзіледі. 14 қаңтарда ғана Семейде қай жерде қамауда жатқанын білдік. Ішке ештеңе бергізбей қойды.

Зат қабылдай бастады деген соң, 18-і барсам, менің алдымда ғана баламды облыс орталығы – Өскеменге алып кетіпті. Такси жалдап, артынан жеттім. Бірақ "кешіктіңіз, сағат 1 болды, біз 12-ге дейін ғана қабылдаймыз" деді. Сол күні Өскеменде қонып қалып, ертеңінде мекемеге тағы бардым. "Іші суық" дегенді естіп бір қабат киімін бердім. Ал пісіріп апарған тамағымды, 15 күн карантин екенін айтып, ішкі кіргізбей қойды. Бірақ карантин өтірік болып шықты. 22-сі күні баламды Семейге қайта жеткізген екен. Бұдан адвокат та, қадағалаушы прокурор да бейхабар болды.

Осында келгенде мені кездестірді. Сонда баламның айтқаны: "жамбас, аяқ, екі бүйірден екі күн ұрды". Іште әйел адамдарға да ойларына келгенін істеп жатыр екен, резеңке таяқпен зорламақ болған.

Білмеймін енді полицияда қандай адамдар істейді... (күрсінді – авт.). Оларға жетекшілік еткен адамды Семейде бәрі біледі, иығына кезекті бір жұлдыз таққысы келетін шығар...

Балам біреуді алаңға шығуға үндеген жоқ, тәртіп бұзбаған. Айыбы не десем, "оқиғаны телефонға жазғаны" дейді. Енді қазір кім телефонға түсірмейді? Екінің бірі көшеде телефонға түсіреді. Содан кейін баламнан әлдебір сақалды біреуге куәлік етуді сұраған. Солай психологиялық қысымға алып жатыр.

Шынын айтсам, балам маған бәрін түгел айтпайды. Аяйды...

"Тым болмаса, үйқамаққа ауыстырса"

Қазір балама психологиялық сараптама жасайды екен. Онымен Антикордың тергеушісі де жұмыс істеп жатыр. Мадина деген. Хабарлассам еш мәлімет бермейді.

Бақытжан Төреғожина сынды құқыққорғаушылар жүгіріп жұмыс істеп жатыр. Ерлан Қалиев деген заңгер кісі бар. Олар тым болмаса үйқамаққа ауыстырса деп тырысып жатыр.

Қалалық прокуратураға білгенімді, тағылған айыппен келіспейтінімді жазып, үш хат өткіздім. Олар хаттарымды облыстық прокуратураға бағыттапты. Әлі жауап алмадым.

Семейде ауыл-ауылдан сабылып келіп жүрген қаншама ата-ана бар. Олар анда-мұнда шапқылаумен жүр. Уақыт сырғып жатыр. Бір ай болады. Неге созып бара жатқанын білмейміз. Үстіден бір бұйрық күтіп отыр ма...

"Тінтушілер Сәрсенбаев, Нұрқаділов туралы кітапты алып кетті"

Үйімізді астаң-кестең қылып, тінтіп кетті. Моншаның пешіне дейін қопарды. Баламның блакнотын, менің екі флешкамды, баламның 2019 жылғы қылмыстық ісі жазылған дискілерін, үйдегі Сәрсенбаев, Нұрқаділовтер туралы кітапты алып кетті. Үйде Назарбаев туралы шағын кітап жатушы еді, оны ҰҚК-ның қызметкері Қарамурзин деген адам қолымен бұрап біраз тұрды да, лақтыра салды. Олар үйде екі сағат жүріп, кетті әйтеуір.

Жоғарыда балам қоғам белсендісі дедім ғой, ол 2019 жылы "Нұр Отанда" "Президентов нужно вовремя менять так, как и памперсы" деген белгілі [атын ұмыттым] саясаткердің сөзін айтқаны үшін сотталған болатын. Жоғарыда айтқан қылмыстық істің дискілері дегенім сол еді.

"Былықтарыңа араласпаймын деп жұмыстан шықты"

"Балам жаңа жылдың алдында жол құрылысымен айналысатын "Семей сапа" деген компанияда істеп жүрген. Бастықтарға Саржал деген ауыл маңында "қарашада қар үстінде жол салдыңдар" деп қарсы сөйлеп, жұмыстан шығып кеткен. Ол компанияның зертханасында маман болатын. "Барлық қағазға менің қолым қойылады, сондықтан былықтарыңа араласпаймын" деп кетіп қалған. Жаңа жылдан кейін Ақтоғайға жұмысқа барамын деп отырған. Менің асыраушым... Бейбіт шеруге барып келгені үшін айыпты қылып отыр.

Бізде, Семейде жұмыс тапшы. Полиция, әскери қызметші, мұғалім, одан кейін әйелдерге арналған "сетевой маркетингпен" айналыспаса, жан жаққа шығып жұмыс іздейді.

Халықтан, прессадан, көзі ашық азаматтардан, биліктен көмек сұраймын. Мыңдаған бала жазықсыз қамалғаны рас. Бәрі де жап-жас. Олардың психикасы не болады?

Бұрын саясатта нем бар, тып-тыныш отбасымды сақтап отырсам жетеді деуші едім. Қорқа, қорқа болдық. Ел естісін деп айтып отырмын. Үндемей отыруға болмайды. Жалғыз мен емес, мыңдаған адамның басында қиындық болып отыр.

Жазып алған – Тасқын Болатұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу