Зерттеу: қазақстандық балалар ойнауды қойып барады

8868

Орталық Азияның өзге елдерінде балалар бала қалпын сақтауда. 

Зерттеу: қазақстандық балалар ойнауды қойып барады

Қазақтың баласы ежелден барлық дерлік уақытын далада өткізетін. Қиялға қанат қақтырып, көк шыбықты ат қып мініп шапқылайтын. Дәл бір Алпамыстың Байшұбарындай, Қобыландының Тайбурылындай, Ер Тарғынның Тарланындай тұлпарды "тізгіндеп", ойнақтайтын. Үлкендер айтқан ертегі-жырлардағы батырдай қастарға қарсы қылыш сілтеп, әлдебір жаумен жаға жартысып жатушы еді. Одан қалды ақ тақырда асық атып, доп қуалап, майрақ-жайрақ болатын. Тәпішкені шешіп тастап, өкшесі тілінгенше, табанға тікен кіргенше жалаң аяқ жарысатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) зерттеуі көрсеткендей, Орталық Азия елдерінің балалары осы қалыбынан танбапты. Тек Қазақстанның балалары ғана далада ойнауды қойып барады.  

Жаһандық ұйым еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығымен бірлесіп, қазақстандық жас балалардың дене қимылында қаншалықты белсенді екенін зерттеді. Айта кету керек, сонымен бір мезгілде Орталық Азия мен Еуропада, барлығы 25 елде бастауыш сынып оқушыларына қатысты ұқсас зерттеулер жүргізілді. Нәтижесі аса қызықты.

Айта кету керек, артық салмағы бар жас ұрпақ өкілдерінің үлесі артып бара жатқанына алаңдаушылық білдірген ДДСҰ "балалардың семіздігін қадағалау бастамасын" (COSI) қолға алды. Зерттеу қорытындысында "Физикалық белсенділік, экран алдында өткізген уақыт және ұйқы" деп аталатын есеп және ғылыми мақала жарияланды.

Онда ДДСҰ 6-9 жас аралығындағы балаларға күн сайын  орташа есеппен 60 минут бойы белсенді немесе жоғары қарқынды дене шынықтырумен айналысуға кеңес береді. Алайда бұл ереже бүгінде Қазақстанда сақталмайды: 9 жастағы балалардың 70,6%-ының күн сайын белсенді ойындармен ойнау уақыты 1 сағатқа да жетпейді екен. Олар негізінен, көп уақытын экран алдында өткізеді: не смартфонға шұқшияды, не компьютерлік ойындармен уақыт "өлтіреді".

Жаһандық ұйымның байламынша, бұл теріс көрсеткіш жөнінен өкінішке қарай, Қазақстан Испания, Түркия, Дания секілді дамыған немесе технологиялық озық дамушы елдер қатарына қосылған.

Ал 15 елде (олардың көбі посткеңестік кеңістік не бұрынғы "социалистік лагерь" елдері), атап айтқанда Ресей, Түрікменстан, Қырғызстан, Латвия, Грузия, Чехия және басқасында жас балалардың 82-98%-ы күніне 1 және одан көп сағат бойы белсенді түрде ойнайды. Барлық ел арасында ең жоғарғы белсенділік Орталық Азия елдеріне тиесілі.  

Қазақстанда әзірге мектепке дейін және одан үйіне қарай жаяу не велосипедпен келетін оқушылар үлесі жоғары болып қалуда: 70,9%. Дегенмен, жеке көлігі бар отбасылардың көбеюі, мектеп автобустарының сатып алынуы нәтижесінде бұл көрсеткіш те төмендеу үстінде.

Салыстыру үшін айтсақ, мысалы, рейтингте бірінші орынға шыққан Тәжікстанда балалардың 94%-ы мектепке және одан кері қарай жаяу жүреді. Еуропада – Португалия, Мальта және Ирландияда шәкірттердің небары 20%-ы ғана қозғалыстың белсенді тәсілдерін пайдаланады.

Қазақстанда жас балалардың ауқымды бөлігі – 56%-ы ешқандай спорт түрімен шұғылданбайды, би секцияларына бармайды. Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Түркия көрсеткіші бізден нашар – 80%. Ал Батыста – Данияда, Латвияда, Италияда және Сан-Маринода бастауыш сынып оқушыларының кем дегенде 80%-ы спорт немесе би клубтарының мүшесі болып табылады.

Медицина мамандары 1-ден 9 жасқа дейінгі балақайларға электронды құрылғылардың, девайстардың, теледидардың экранына 2 сағаттан көп қарамауға кеңес береді. Одан асса, денсаулыққа кері ықпал етеді. Көз нұры құриды.

Балалардың физикалық және психикалық денсаулығын жақсы деңгейде сақтау үшін олар 9-11 сағаттан ұйықтауға тиіс. Қазақстанда балалардың 76,1%-ы осы режимді сақтайтын көрінеді. Ең төменгі көрсеткіш Ирландияда тіркелді: онда жас балалардың жартысы ғана осы рекомендацияны ұстанады. Ең жақсы көрсеткіш Португалия мен Испанияда: балалардың 95%-ы 9–11 сағат ұйықтайды.

COSI жобасының Қазақстандағы жетекші зерттеушісі, Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының ғылым мен кәсіби даму бөлімінің бас маманы Шынар Әбдірахманованың айтуынша, балалық шақтағы жоғарғы физикалық белсенділік – баланың өсуіне үлкен пайдасын тигізеді, оның басты ақыл-ойлық, қозғалыстық және әлеуметтік дағды-машықтарының дамуына ықпал етеді.

"Сонымен қатар белсенді ойын мен спорт – буындар мен сүйектерді, жүрек пен қан тамырларын нығайтады. Зат алмасуы жақсы жүреді. Физикалық белсенділік балаларымыздың күнделікті әдетіне айналуға тиіс. Бұл үшін дене шынықтыру, спорт пен демалыс орындарын балаларға қолжетімді ету керек. Жас ұрпақ өкілдерінің денесін шынықтырып, шымыр етуін ынталандыру қажет. Мектептерде дене шынықтыру пәнінің сапасын арттырған жөн. Ата-аналар оқушы баласын мектепке жаяу жіберу үшін мемлекет жолдағы қауіпсіздікті арттырып, білім ордасына қарай жүргіншілер жолын, велосипед бағдарларын жасақтауға тиіс. Ата-аналар мен балаларды қозғалыстың аздығы неге соқтыратыны туралы құлағдар ету маңызды", – деді Ш.Әбдірахманова.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу