Жандос Өтеғұлов Nazarbayev University-дегі жаратылыстану, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектебінің профессоры, материалдар мен лазерлік технологияларды зерттеу зертханасының директоры, физика факультетінің негізін қалаушылардың бірі. АҚШ-та, дәлірек айтсақ Айдаха ұлттық зертханасында, ұлттық стандарттар және технологиялар институтында, Небраска-Линкольн, Цинциннати және Оклахома университеттерінде зерттеу жұмыстарымен айналысқан. Білікті ғалыммен отандық ғылым туралы әңгімелескен едік.
– Жандос Нұрпейісұлы, ел Президенті ғылым саласына ерекше көңіл бөліп отыр. Соның бір дәлелі – Ғылым және жоғары білім министрлігінің құрылуы. Сондай-ақ Президенттің Ұлттық ғылым академиясына мемлекеттік мәртебе берді. Мемлекет басшысы Жаңа Қазақстанды құруға ғалымдар да белсене атсалысып, маңызды әрі тарихи сәтте зор жауапкершілік танытарына сенім білдіріп отыр. Сіздің ойыңызша Жаңа Қазақстан жағдайында отандық ғылым қандай бағытты ұстануы керек?
– Қазақстанда ғылымды дамытудың басымдықтарын айқындау үшін ең алдымен, бізде және шетелде қазіргі күні экономика мен қоғамда қандай өткір проблемалар барын анықтау қажет. Ол үшін әрбір 5 жыл сайын қолданбалы және іргелі ғылымдардағы ғалымдар шешуі тиіс міндеттерді айқындау мақсатында барлық сала бойынша форсайттық SWOT-талдамалық зерттеулер жүргізу керек. Мұндай талдаумен жергілікті және шетелдік ғалымдардың басын біріктіріп отырған белгілі бір орталық айналысқаны дұрыс. Аталған ғалым-аналитиктер ғылым мен жаңа технологиялардағы ұлттық және әлемдік трендтерді де қадағалайтын болады.
Төртінші өнеркәсіптік революцияны өткеріп жатқан әлемде физикалық, цифрлық, биомедициналық, әлеуметтік ғылымдар мен технологиялардың түйіскен жерінде әрекет ететін пәнаралық бағытқа ойысу үрдісі байқалып отыр. Болашақта ең маңызды ғылыми жаңалықтар да осы бағыттардың бірігуінен пайда болады деп ойлаймын. Мәселен, біздің алдымызда судың жетіспеушілігі, соның ішінде таза ауыз су, дем алатын ауаның ластануы, елдің оңтүстігінде электр энергиясының жетіспеушілігі, ұлттық қауіпсіздік сияқты күрделі мәселелер тұр. Өзекті әлеуметтік проблемалардың қатарында ажырасу мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің көптігі де бар. Біз бұл мәселелерге аса мән бермей келдік. Енді олай істеуге болмайды. Экономика мен қоғамдағы мәселелерді шешуге әртүрлі саладағы ғалымдардың күш-жігерін бағыттау қажет.
– Сонда Қазақстан үшін ғылыми тұрғыдан дамудың қандай жолы тиімді?
– Мемлекет қаржылық тұрғыдан бірқатар дүниеге назар аударуы керек. Біріншіден, елімізде белгілі бір деңгейде "өсу нүктесі" бола алатын Nazarbayev University-іне ұқсас тағы екі зерттеу университетін құру керек. Ол үшін қазірдің өзінде аталған университеттер үшін "Болашақ" бағдарламасы арқылы болашақ профессор-зерттеушілерді даярлаудың стратегиялық бағдарламасын әзірлеу маңызды. Бұл оқу бағдарламасы ұзақ мерзімді болуы керек және кем дегенде 12 жылдық дайындыққа арналуы шарт: 4 жыл бакалавриат +2 жыл магистратура +4 жыл докторантура + кем дегенде 2 жыл постдокторантура.
Екіншіден, Scopus және Web of Science базаларындағы жетекші журналдардағы жарияланымдар арқылы белсенді ғылыми қызмет нәтижелерін көрсететін еліміздің профессор-оқытушылар құрамын, зерттеушілері мен студенттерін материалдық тұрғыдан ынталандыру керек.
Үшіншіден, пәндік олимпиадаларда ғана емес, сонымен қатар ұлттық және халықаралық ғылыми-инженерлік және жобалық конкурстарда жүлделі орындарға ие болған жоғары сынып оқушыларын материалдық тұрғыдан ынталандыру қажет. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, балалардың осындай байқауларға ерте жастан қатысуы олардың ғылыми мәдениеті мен ғылыми креативтілігін қалыптастырады.
Төртіншіден, елде қосылған құны жоғары өнімдер шығаратын әрі ғылымды қажетсінетін өндірістер құруға ықпал ету маңызды. Олар жоғары білікті ғылыми-инженерлік кадрларды даярлауға жол ашады. Мәселен, Қазақстанда коммерциялық АЭС құру елде ядролық технологиялар мен материалтану саласындағы ғылыми мектептердің дамуына мүмкіндік береді. Мұнай сервистік, геологиялық барлау және тау-кен компаниялары үшін лазерлік-оптикалық аспаптар шығаратын өндірістерді құру мұнай мен пайдалы қазбаларды алу коэффициентін арттыруға бағытталған жаңа лазерлік-оптикалық технологиялар құруға бастайды. Қатерлі ісік диагнозына арналған жаңа оптикалық құрылғылар еліміздің денсаулық сақтау деңгейін жаңа белеске көтереді. Фотоника саласында ғылымды қажет ететін осындай өндірістерді құруға, мысалы, микро немесе нано-электрониканы дамытуға аса бір қомақты қаржылық инвестиция қажет емес.
Қазіргі геосаяси жағдайға байланысты кейбір беларусьтық, ресейлік және украиналық жоғары технологиялық компаниялар Қазақстанда өз өндірістерін ашу мүмкіндігін қарастырары анық. Бұл біздің елде ғылымды қажетсінетін индустрияны одан да тез қалыптастыруға және біліктілігі жоғары мамандарды даярлауға ықпал етпек.
– Елдегі ғылыми моделдің тиімділігін қалай өлшеуге болады? Жалпы бұл мүмкін бе?
– Қазіргі уақытта ғалымның жетістігі көбінесе оның халықаралық рецензияланған журналдардағы жарияланымдарының саны мен сапасына байланысты. Ғалымның еңбектері жыл сайын жақсы журналдарда жарияланса және басқа ғалымдар оның жұмысына жиі сілтеме жасаса, оның ғылыми ортадағы мәртебесі соғұрлым жоғары болады. Ғылыми еңбектің сапасы мен өнімділігін өлшеу үшін әлемнің көптеген ғылыми орталықтары мен университеттері ғалымдардың еңбегін бағалаудың сандық көрсеткіштерін, мысалы, Хирш индексін пайдаланады. 95 пайыздық жағдайда аталған ғылыми метрикалық тәсіл шындықты көрсетеді. Өкінішке қарай, өзара келісіп, рейтингтегі орнын жасанды түрде көтеруге ұмтылатын ғалымсымақтар да жоқ емес.
Тәжірибелік-конструкторлық әзірлемелермен жұмыс істейтін ғалымдардың еңбегін бағалаудың міндетті критерийі – жариялаған ғылыми жұмыстардың негізінде жасалған өнертабыстарға халықаралық патент алу. Егер дамыған технологияны сатуға, технологиялық стартап-компанияларды құруға және сатудың белгілі бір пайызына қол жеткізуге лицензиялық келісімдері болса, өнертапқыш ғалымның беделі де арта түседі. Елдегі және әлемдегі университеттердің жұмысын бағалауда мемлекеттер әртүрлі рейтингтерді пайдаланады. Меніңше, әлемдегі зерттеу университеттерін бағалаудың ең перспективалы халықаралық рейтингі – US News Best Global Universities. Өкінішке қарай, Қазақстаннан Nazarbayev University-інен басқа бірде-бір жоғары оқу орны аталған рейтингке іліккен емес.
– Қазір ғылым дегенде Nazarbayev University ойға оралады. Қалай ойлайсыздар, аталған университет еліміз үшін үлкен жетістік пе, әлде шығын ба?
– Кез келген елде халықаралық деңгейдегі зерттеу университетін құру қашанда шығынды бағыт саналады. Бірақ оны желге ұшқан қаржы деп айтуға келмейді. Бұл – Қазақстан ерте ме, кеш пе жасауға тиіс стратегиялық қадам. Инвестициялар қазірдің өзінде өз жемісін беруде. Nazarbayev University әлемнің алғашқы 2000 зерттеу университетінің қатарына енген Қазақстандағы ғана емес, бүкіл Орталық Азиядағы жалғыз жоғары оқу орны. Ол біздің елде халықаралық стандарттарға негізделген жаңа ғылыми мәдениеттің пайда болуына жол ашты. Егер мемлекет ғылымды халықаралық деңгейде дамытуды көздесе, дәл осындай бірнеше зерттеу университетін ашқаны дұрыс. Мен – оптимист адаммын. Сондықтан Қазақстандағы және Орталық Азиядағы ғылымның жарқын болашағына сенемін.
– Әңгімеңізге рақмет!
Ғалия Әділ